Тіс емдеймін деп төсек тартып қалмаңыз!
Тіс емдеймін деп төсек тартып қалмаңыз!
© коллаж: Елдар Қаба
618
оқылды

Қазір жекеменшік тіс емханалары көп. Қалалық жерлерде қарға адым аттасаң, алдыңнан шығатын осындай орталықтардың бағасы басты айналдырса да, есігінен ешқашан адам үзілмейді. Өйткені мемлекеттік медициналық мекемелерде тіс дәрігерлері жоқ. Өкінішке қарай, қызметін қымбатқа бағалайтын жекеменшік тіс емдеу орталықтары науқастардың саулығына кепілдік бермейді.

Есте болса, елорда тұрғыны біраз жыл бұрын тісін емдетуге барып, тіссіз қала жаздаған. Қа­ладағы ең мықты деген тіс емдеу клиникаларының бірінде стома­толог науқастың тістеріне про­тездеу жұмыстарын жүргізеді. Алайда ауырған тісі одан ары асқынып, науқас протездеуден кейін тамақтанудан қалады. Ті­сінің солқылдап тұрғанын айтып, ертесі стоматологке жүгініпті. Бірақ қажетті шара қабылдаудың орнына тіс дәрігері мазасыз­да­нудың қажеті жоғын, жақын ара­да барлық асқынулар өтетінін айтып шығарып салған. Бірнеше күннен кейін емделген тісі одан ары ауыртып, протезі жарылып, түсе бастайды. Сол кезде жауап­кершілікті мойнына алғысы кел­меген орталықты сотқа берген науқас сапасыз стоматологиялық қызметі үшін 1 млн 60 мың теңге өндіріп алды. Белгілі болғандай, науқасқа стоматологиялық көмек көрсету кезінде тістерді эндо­донтиялық және ортопедиялық емдеу стандарттары сақталмағаны анықталды.

Өз жұмысын білмейді

Алматылық Дәурен пломба са­лынған тісі ауыртып, маза бер­меген соң қаладағы ақылы тіс емдеу орталығына жүгінеді. «Хи­рург ары-бері қарап, үш сағат тес­кілеп, өзі де ауырып тұрған ті­сімді одан ары ауыртып, ақыр соңында қасындағы сап-сау ті­сім­ді жұлдырып тастауға кеңес берді. Бірақ сау тісімді жұлдырмай қойдым. Көрсеткен «қызметі» үшін ешқандай қаржы сұрамай­тынын айтты да, «ертең кел» деп шығарып салды. Сол күні кеш­кісін шұқылаған жері қақсап, шыдатпады. Келесі күні басқа кли­никаға барып ауырған тісімді жұлдырып тастадым. Өз жұмы­сын білмейтін тіс дәрігерінің үстінен шағым берейін деп Ден­саулық сақтау министрлігінің Медицина және фармацевтика қызметін бақылау комитетіне жү­гіндім», – дейді алматылық Дәу­рен. Алайда министрлік берген шағымды кері қайтарған. Өйткені іс жүзінде нау­қастың сол жерде тексеріл­генін дәлелдейтін ешқан­дай құ­жат жоқ. «Төлем жасал­ма­ған соң тиісінше чек те берілме­ген. Бұл жағдайда шағым кері қайтары­лады» деген жауап алады.

Жарнамасы жер жарған

Былтыр белгілі әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтандағы «Доктор Бро» стома­тологиялық орталығын бірнеше рет жарнамалап, тікелей эфирде өзі жүргізетін бағдарламаның біріне орталықтың тіс дәрігер­лерін қонаққа шақырып, кеңес айтқызды. «Шын мәнінде, өте жо­ғары кәсіби мамандар екен. Балаларымның тісін емдеуге та­маша орталық тапқаныма қуанып отырмын. Сол қуанышыммен бөлісейін деп отырмын. Егер сіз жақсы тіс маманын, орталық іздеген болсаңыз, «Доктор Бро» барлық қызмет түрлерін көрсетуге дайын» деген әншінің сөзі қан­шалықты шындыққа жанаса­ты­нын да көргенбіз. Әнші жиі жар­намалаған тіс емханасының дә­рігерлері қараған бүлдіршін бір жарым жыл комада ес-түссіз жа­тып, артынша сол бойы өмірімен қош айтысты. Екі жастан енді ғана асқан бүлдіршіннің анасы Анастасия Зеленая елордадағы «Доктор Бро» клиникасындағы дәрігерлерден қызына ем жүргіз­бес бұрын «Ингаляция арқылы салынатын наркоздан басқа қан­дай да бір препарат егіле ме?» деп бірнеше рет сұраған. Стомато­лог­тер тек ингаляциялық наркоз жасалатынына сендіреді. Бірақ қызының не үшін комаға түскенін тексерткенде ғана оған «Убис­тезин» (стоматологиядағы анес­тезия) мен «Эсмерон» анестезия­сы салынғанын біледі. Осы оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, стомато­ло­гиялық клиникадағы біраз бы­лықтың беті ашылды. Тіс дәрігері төрт жасқа дейінгі балаларға тыйым салынған анестетикті қол­данғанын айтқан тәуелсіз са­рапшы, анестезиолог және реа­ни­матолог Тимур Цой сол кезде науқасқа қан анализі, қант дең­гейін өлшеу және кардиограмма секілді тексеру жүргізілмегенін жеткізді. Ол ол ма, орталықтағы анестезиолог дәрігер мерзімі өт­кен сертификатпен жұмыс істе­ген. Бұдан бөлек, клиникада дә­рі-дәрмектерді сақтау талаптары бұзылғаны үшін стоматология орталығының басшысы мен дә­рігерге әкімшілік айыппұл са­лын­ды. Кейін жарнамасы жер жар­ған тіс емдеу орталығында бұрын да екі балада аллергиялық реакция болғаны анықталды. Оларға уақытында көмек көрсе­тілгендіктен, балалардың ата-анасы шағым жасамаған.

Қайғылы оқиға тағы қайталанды

Болған оқиғадан кейін Ден­саулық сақтау министрлігі елдегі барлық стоматологиялық клини­каларды тексеруге ниетті екенін айтты. Бірақ министрліктің жеке­меншік клиникалардағы жағ­дайды бақылауға аламыз деген уәдесінен кейін де тіс дәрігерінің көмегіне жүгініп, «сау басына сақина тілегендер» де, жазым болып жатқандар да бар. Күні кеше 22 жастағы алматылық Мария Сергеева тіс дәрігеріне бар­ғаннан кейін анафилакти­ка­лық шоктан қайтыс болды. Бұл оқиғада да стоматологтер дәрі-дәр­мектерді енгізер алдында сы­нама жасамаған болып шықты. Сорақысы, анафилактикалық шок алғанын біле тұра стома­тология қызметкерлері жедел жәрдем шақыртпаған. Ал қызмет сапасын көрсету үшін қойылған клиникадағы бейнебақылау камералары істемейтін көрінеді. Он жылдық тәжірибесі бар стоматолог-дәрігер Дана науқас­тардан бұрынғы емделген жерінде сапасыз жасалған қызметті жиі байқайтынын жасырмайды. Бі­рақ науқасқа әріптесінің сапасыз жұмысы туралы тіс жармаймын деген ол: «Бір науқастар «алдыңғы жасаған стоматолог дұрыс жаса­мапты» деп келеді. Оны кім айтты десем, басқа клиникадағы тіс дә­рігері айтты деп отырады. Кей­де жақсы жасалған тісті де түкке тұрғысыз етіп көрсететін әріп­тестер бар. Бұл науқастарды өзіне қарату үшін айтылады. Қымбат­тылығына қарап қызметін бағалау да дұрыс емес. Егер өз ісіңді жақ­сы білсең, науқастар алыс жақтан келіп емделеді», – дейді ол.

Тәртіпті тағы бір қарау керек

Сенатор Ақмарал Әлназарова жекеменшік стоматологиялардың санына емес, сапасына көңіл бөлетін кез келгенін айтты. «Бізде тіс емдеу орталықтарына тиісті бақылау жүргізуге ешкімнің құқы жоқ. Қазір шағым болған кезде ғана тексеріс жүргізіледі. Менің­ше, Денсаулық сақтау министрлігі клиникалардың лицензияға қаншалықты сәйкес келетініне бас ауыртуы тиіс. Бұл мәселе дұ­рыс жолға қойылмаған. Екін­ші­ден, жекеменшік клиникалардың барлығы шағын және орта бизнес болып есептеледі. Сондықтан мемлекеттік органдар олардың жұ­мысын толығымен тексере алмайды. Ондай құқығы жоқ. Де­генмен адам өміріне жауап бере­тін болғандықтан, соңғы енгізіл­ген мораторийдегі тәртіпті тағы бір қарау керек. Бұдан бөлек, әлі күн­ге іске асырылмай келе жат­қан медициналық мекемелерді қашықтан тексеруді қолға алған жөн. Олардың тиісті ақпараттық жүйесі болу керек. Жекеменшік кли­никаларға бұл енгізілмей отыр», – дейді Ақмарал Шәріп­байқызы. Бүгінде елімізде 7 000-ға жуық стоматологиялық мекеме бар. Олардың көбі клиенттерді тарту мақсатында қызмет түрлерін кеңейтіп, бөліп төлеу немесе несие бойынша қызмет көрсетеді. Десе де, олардың сапасын тексеру қаншалықты жүзеге асатынын білу мүмкін болмады. Өйткені жекеменшік тіс емханаларына қойылатын талап туралы Денсау­лық сақтау министрлігінің жауап­ты мамандары жақ ашпады. Де­генмен былтырдың өзінде ғана тіс емдеу қызметіне қатысты 100-ге жуық шағым келіп түскен. Осы­ның өзінен-ақ жекеменшік тіс емханаларының жауапкершілігін бағамдауға болатындай.

Жадыра МҮСІЛІМ