Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде бір жауынгер бой тасалап тауға кетіп қалуы мүмкін. Қос құлағын қолымен жауып, тауды бетке алып бара жатқан әскери формадағы адамды жақын маңда қой жайып жүрген шопан көріпті, - деп хабарлады Aibat жаңалықтар қызметі.
Ақпаратты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев тілшіге берген эксклюзивті сұқбатында растады.
"Мәлімет түскен болатын, бір кісі сыртта әскери форма киіп, құлағын жауып тауға қарай жүрген. Соған байланысты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде жарылыс болды. Салдарынан 15 адам қаза тапты. 100 шақты адам жараланды.