Ақтөбеде кәмелетке толмаған қызға зорлық көрсетті деген айыппен күдікті ұсталды, – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Бүгін сағат 10:15 шамасында Ақтөбе қалалық полиция басқармасы Жедел басқару орталығының 102 телефонына хабарлама түсті. Онда ағайынды Жұбановтар көшесіндегі пәтерлердің бірінде кәмелетке толмаған қызды белгісіз біреу зорлағаны туралы хабарланды.
«Оқиға орнына полицияның барлық жасағы, жедел-тергеу тобы жіберілді. Полиция жасағы белгісіз адам пәтерге барып, есікті қаққанын, үйде жалғыз болған қыздың есікті ашқанын анықтады. Пәтерге кірген күдікті кәмелетке толмаған қызды зорлаған. Кейін қашып кеткен. Күдікті анықталып, ұзамай ұсталды. ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс полиция департаменті бастығының бақылауында. Ішкі істер органдары балаларды бақылауды қамтамасыз ету, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажет екенін еске салады. Әсіресе бейтаныс адамдармен сөйлесуге болмайтынын үнемі айтып отыру керек», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.