Бурабай ауданындағы құс фабрикасында тауықтар аштықтан қырылып жатыр. Соңғы үш аптадан бері жаппай өліп жатқан тауықтарды құс бағушылар тек шығарумен келеді. Жем болмаған соң тауықтарға екі аптада бір-ақ рет қорек беріледі екен. Ал тауықтардың тамақтандыру технологиясын жаңарту, дәрумендер беру сияқты жұмыстар әлдеқашан ұмытылған. Күнделікті жұмысы тек өлген тауықтарды шығарумен өтетін фабрика жұмысшыларының бірқатары жұмыстан шығып кеткен. Бірақ соңғы екі айдан бері бір тиын жалақы ала алмаған жұмысшылар еріксіз жүргендерін айтады.
1,5 млрд. инвестиция тартылған фабрика неге банкротқа ұшырайды?
Зеленый Бор селосында орналасқан бұл құс фабрикасы - облыстағы құс өнімдерін шығаратын өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі. Осыдан төрт жыл бұрын сол кезде облыс әкімі болған Сергей Кулагин құс фабрикасына келіп ел ішінде және Ресейдің жақын облыстарына жұмыртқа шығару үшін өндіріс орнын жаңғырту қажеттігін айтқан. Ал кешен басшысы фабриканың мүлікті кешен, өндірістік жабдықтар мен 25 гектар жерді алу үшін 1 558 115 000 теңге қаражат бөлінетінін мәлімдеген. Алайда, жалпы аумағы 25 гектардан астам аумақты қамтитын құс фабрикасы кешені қазір банкротқа ұшыраудың алдында тұр. Құс фабрикасының жұмысшылары да тауыққа беретін жем таусылғандықтан құстар жаппай аштан өліп жатқанын айтады. Жұмысшылар тауық тұрмақ өздеріне де азық таппай қалатын күннің алыс емес екенін жеткізді.
«Мүлде жем жоқ. Міне, үш апта болды. Тауықтар аштықтан қырылып жатыр. Күн сайын 2 мыңнан астам өлген тауық шығарамыз. Күніміз осылай өтіп жатыр. Тауық тұрмақ, өзіміздің де күніміз қараң болып тұр. Басшылық екі айдан бері жалақымызды да бермей жатыр. Міне, бүгін де күттік. Жалақы түспеді. Бастықтан күнде ақша сұраймыз. Бірақ ол біздің аузымызды да аштырмайды. «Закрой рот! Не Ваше дело!», «Балаларыңыз бар ғой, солар көмектессін, олар міндетті», - деп айғайлап қуып шығады.Жалпы мұнда 50-60 адам жұмыс істейтінбіз. Бірсыпырасы жұмыстан шығып кетті. Тіпті бірінші қыркүйекке балаларын мектепке жіберуге ақша сұрағандарға да ақша бермеді. Біз сол жалақымызды алсақ деп жүрміз. Бізге еңбек еткен жалақымызды берсе болды. Жұмыс істейтіндердің көбі жалғызбасты әйелдер. Қайтерімізді білмей дал болып отырмыз», - дейді құс фабрикасының жұмысшысы Сандуғаш Рамазанова. Жұмысшылардың айтуынша, құс фабрикасында мүлде жем жоқ. Ал жем болмаған соң тауықтар жұмыртқаламай қойған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы