"Маңғыстау-Ақтөбе" пойызындағы жарылыс: теміржолшыға үкім шықты
"Маңғыстау-Ақтөбе" пойызындағы жарылыс: теміржолшыға үкім шықты
©А.Ахметқазы
447
оқылды

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының соты жүк вагонында өрттің шығуына кінәлі теміржолшыға қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға өткен жылдың желтоқсанында болған. Жүк пойызы басшысына Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша, 292-бап 2-бөлім — адам өлімі немесе өзге де ауыр салдарға алып келген өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу, 156-баптың 2-бөлімі — денсаулыққа орташа ауыр зақым келтірілген еңбек қауіпсіздігі, техникалық қауіпсіздік ережесін бұзу бойынша айып тағылды. Сотталушы азамат әріптестерімен бірге 13 желтоқсанда Маңғыстау станциясынан "Маңғыстау-Ақтөбе" бағытындағы пошта қызметінің вагонымен іссапарға шықты. Оның өз кезекшілігінде әріптестерімен бірге вагон ішінде газ баллонына жалғанған пеште ас әзірлегені мәлім болды. Газ баллоны жарылып, вагон өртенді. Айыпталушы сотта өз кінәсін мойындап, зардап шеккендерден кешірім сұрады. Және өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді. Сот теміржолшыны айыпты деп таныды. Оған қатысты екі жылға дейін бас бостандығын шектеу және 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейін пошта, көлік қатынасы қызметінен шектеу туралы үкім шығарылды. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 14 желтоқсанында "Маңғыстау-Ақтөбе" пойызының  пошта вагонында газ баллоны жарылып, өрт шықты. Вагонда бес адам болған. Олар түрлі жарақатпен Бейнеу ауылының ауруханасына түсті. Кейін денесінің 80 процентін күйік шалған бір азамат көз жұмды.