Өңірлердегі оқу орындарын әкімдіктерге беру қажет пе?
Өңірлердегі оқу орындарын әкімдіктерге беру қажет пе?
516
оқылды
Қазақстандық университеттерге академиялық бостандық берілген және еңбек нарығына қажетті білім бағдарламаларын өздері дайындай алады. Бірақ жоғары білім саласы бизнеске айналмауы керек - деп мәлімдеді М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев «Азаматтық алаңда».
 «Берілетін білім бағасына сай болуы керек. Егер университет сапалы білім бермей, мықты мамандарды даярламай, бірақ ол үшін ақы алса, бұл алаяқтық. Себебі студенттер ол жерден білім емес, тек оқығаны туралы қағаз алып шығады. Бұл жастар мен олардың ата-аналарын мазақ ету деген сөз», - деп есептейді Талғат Нәрікбаев.
Оның айтуынша, тиісті дағдыларды игермей, сапасыз білім алған студенттер мен ата-аналары университетті сотқа беріп, азаматтық іс бастауы мүмкін. Яғни оқуына жұмсаған ақшаны қайтаруды талап етеді. Білім беру саласында проблема өте көп, олардың шешу жолын іздестіру қажет. Қазіргі кезде еңбек нарығына сапалы мамандардың жетіспейтіні анық. Бұл мәселенің түп-тамыры мамандарды даярлайтын мекемелерде жатыр. Сондықтан, жоғары оқу орындарының білім сапасын арттыру үшін өңірлердегі оқу орындарын әкімдіктерге беру керек. Нәрікбаевтың айтуынша, облыс әкімдері өз аймағының білім сапасына жауапты болған кезде ғана бұл салада айтарлықтай өзгерістер болады.
«Өңірлердегі жоғары оқу орындарын ҚР Білім және ғылым министрлігінің қарамағынан облыс әкімдері мен жергілікті атқарушы органдарға беру керек. Егер әкімдердің білім саласына жауапкершілігін арттырсақ, бірден нәтижесін де байқаймыз. ҚР БҒМ тек білім саласындағы мемлекеттік саясатқа жауап беріп, процесті қадағалауы қажет», - деді Талғат Мақсұтұлы «Азаматтық алаңда» өткен кездесуде.