Маңғыстау-Ақтөбе пойызындағы өрт: вагон бастығы жазаланды
Маңғыстау-Ақтөбе пойызындағы өрт: вагон бастығы жазаланды
Nur-Sultan Astana City Main Railway Station View of Kazakhstan Temir Zholy Train on a Sunny Blue Sky Day
249
оқылды

Бейнеу аудандық сотында жүк вагонының бастығына қатысты үкім шығарылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Іс құжаттарына сәйкес, теміржол вокзалының қызметкері әріптестерімен бірге былтыр 13 желтоқсанда Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызына қосылған пошталық вагонмен Маңғыстау станциясынан іссапарға шыққан. Теміржолшылар бес литрлік газ баллоны мен мини-газ пешін пайдаланып тамақ жасаған. Тамақ жасау кезінде газ баллон жарылып, вагоннан өрт шыққан. Вагон ішіндегі барлық адам жарақат алып, Бейнеу аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жолсерік жансақтау бөлімінде қаза болды. Сот талқылауында сотталушы тағылған айыпты толық мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Ол судьядан бас бостандығынан айырудан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сот үкімімен жүк вагонының бастығы Қылмыстық кодекстің 292-бабы 2-бөлігі "Адам өліміне немесе басқа ауыр зардаптарға әкеп соғатын өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" және 156-бабының 2-бөлігі "Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет" бойынша кінәлі деп танылды. Оған 100 сағат мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол екі жыл мерзімге пошта және жол қызметімен айналысу құқығынан айырылған. Сотталушы үкімге шағымдануға құқылы. Еске салайық, 2020 жылдың желтоқсанында Маңғыстау - Ақтөбе бағытындағы пойыз вагонында болған өрт кезінде бес адам зардап шеккені хабарланған болатын. Кейін зардап шеккендердің бірі қаза болды.