Қызылорда облысында "Арал тұз" зауытының мыңға жуық қызметкері жұмысқа шықпай, жалақыны көтеруді талап етуде. "Астана" телеарнасының ас тұзын өндірушілер "жалақымыз аз, еңбегімізге татымайды" деп отыр.
Басшылықтың айтуынша, мәселені бұлай шешу дұрыс емес.
"Өндіріс тоқтаса табыс азаяды. Бұл, жағдайды одан сайын қиындатуы мүмкін", – дейді ол.
Шыдамы шегіне жеткен жұмысшылар үш күн бойы зауыттың есігінің алдына түнеген. Айтуынша, олар азаннан қара кешке дейін қап көтеріп, тікесінен тік тұрып, шаң жұтып жұмыс істейді.
"Біздің айлығымыз 55 мың. Оған экологиялық төлем қосамыз. Сыйақысы, тағы-тағысымен 80 мыңға барады. Айлықты көтеріп, 100 процент оклад қылсын. Болды, басқа талабымыз жоқ. 13-ші айлық сұрап отырған жоқпыз. За вредность сұрап отырған жоқпыз, – жұмысшы Жалғасхан Сүйіндіков.
Жиналғандардың айтуынша, өндіріс орнында жұмысшыларға жайлы жағдай жасалмаған. Арнайы киіммен қамтамасыз етпек түгілі, тамақтанатын орын жоқ дейді наразылар.
"Қазір нақты айта алмаймын. Өйткені екі күн жұмысшылармен жүрмін. Оны есептеп қарау керек. Халыққа да айтып жатырмын. Сіздер жұмысты тоқтатсаңыздар қанша пайызға көтеру мүмкіншілігін жойып жатырсыздар", – "Арал тұз" АҚ президентіні кеңесшісі Айдынбек Тауасаров.
Президент кеңесшісі нақты шешім қабылдау үшін 10 күн сұрады. Бірақ халық бұған дейін де құрғақ уәдеге тойғандықтан мәселе түбегейлі шешілмесе жұмысқа шықпаймыз деп белді бекем буып отыр.