Қазақстандағы бай-манаптардың шетелдегі есепшотын бақылау үшін биылдан бастап жауаптылар жүзден астам мемлекеттен ақпарат алып отырады. Енді миллиардтаған салық шетелдік шоттарда қалмауы үшін жауапты мамандар салық пен қылмыстық кодекске біршама түзетулер енгізбек, – деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Қажетті нормаларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тез арада қабылдауды тапсырған. Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов «де-оф-шоризация Қазақстандағы ірі компаниялар мен кәсіпорындардың шотына қатысты емес», – дейді. Бірақ, көлеңкелі экономикаға жол бермеу үшін шетелдік шоттар жіті бақыланып отырады. Сол бақылаудың арқасында Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне қосымша миллиардтаған қаржы құйылмақ.
Жауаптылар бұл тек бүгін басталған жұмыс емес, қаржылық есепшоттарды бақылау жылда, үздіксіз жүретін процесс деп отыр.
Айта кетейік, Ұлттық банк 2019 жылдың екінші жартысында Қазақстаннан екі миллиард төрт жүз миллион доллар шығарылғанын жариялады. Ал, құйылған инвестиция бір миллиард екі жүз миллион. Яғни Қазақстанға енген ақшадан гөрі елден шығарылған қаржының көлемі екі есе көп болған. Екі жыл бұрын елімізден Нидерландыға – бір миллиардтан астам доллар, Кипрге – 425 миллион, Кайман аралдарына – 70 миллион, Бірікке Араб Әмірліктеріне 41 миллион үш жүз мың доллар шығарылған.
"Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен, сондай-ақ, Ұлттық банкпен электронды мәлімет алмасу жөнінде көпжақты конвенсияға қол қойылып отыр", – деді ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов.
Яғни, биылдан бастап 100-ден астам юрисдикцияда азаматтарымыздың қаржылық шоттары бойынша ақпарат алмасу басталуда. Қазақстан Республикасының бюджетінде қосымша кірістерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.