Жамбылдағы жарылыс: 113 қойманың үшеуі-ақ қалды
Жамбылдағы жарылыс: 113 қойманың үшеуі-ақ қалды
Фото: inbusiness.kz
304
оқылды

Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының басқарма бастығы Жұмабек Хасеновтің айтуынша, 2 жаңа қойма салынып жатыр. Жарылыстан қалған оқ-дәрі жаңа қоймаға көшірілмек. Бұл туралы informburo.kz жазды.

113 қойманың үшеуі ғана аман қалды

Жамбыл облысы Байзақ ауданында инженерлік оқ-дәрі сақтайтын 113 қойма бар болатын. 26 тамыз күні болған жойқын жарылыстардан және өрттен кейін солардың үшеуі ғана аман қалды. Қалғанының бәрі қираған. Бір анығы, бұл қоймада аса қауіпті негізгі арсенал саналатын қару-жарақтар емес, инженерлік оқ-дәрілер болды. Мұнда өзге қоймалардан оқ-дәрілер әкелінбеген. Тек қана Арыс гарнизонындағы жарылыстан кейін мұнда сақталатын инженерлік оқ-дәрілердің тек 10 пайызы жеткізілген болатын. Нақты мөлшері құпия, бірақ ол өте аз. Жалпы салмағы шамамен 3-4 тонна болар деп ойлаймын.

Ең үлкен арсенал Арыста орналасқан

Қазақстандағы негізгі қару-жарақ, яғни, снаряд, ракета және өзге де жарылғыш заттардан тұратын арсенал сақталатын ең үлкен қоймалар шоғыры Арыс қаласында орналасқан. Ал Қызылорда, Ақмола, Қарағанды облыстары, Семей, Сарыөзек, Отар, Аягөз қалаларындағы әскери гарнизондарда орналасқан қоймалардың бәрі шағын. Бұл қоймаларда қанша қару-жарақ сақталатыны туралы мәліметтер бар, бірақ құпия. Арыс оқиғасынан кейін жарылмай, зақымданбай аман қалған қару-жарақ, оқ-дәрілердің бәрі өзге қоймаларға тасымалданды. Дегенмен, әр қойманың өзіндік сақтау мөлшері бар. Одан асыруға болмайды және бұл талап қатаң сақталады. Сәйкесінше, Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймаларға да мүмкін мөлшерде ғана оқ-дәрі көшірілген болатын.

2 жаңа қойма салынып жатыр

Кешенді жоспар аясында Қазақстанда жаңа 2 қойма салынып жатыр. Орналасатын жері құпия, бірақ, екеуі де елді мекендерден алыс жерде орналасқан. Әскери қоймалардағы қару-жарақ пен оқ-дәрілер сол қоймаларға көшіріліп, әскери бөлімдерде тек күнделікті жауынгерлік дайындыққа қажет аз ғана оқ-дәрі қалады. Ал снаряд, ракета сынды басқа да жарылғыш заттардың бәрі жаңа қоймаларға көшіріледі.