Қазақстандық зиялы қауым өкілдері, кітапханашылары және блогерлерден құрылған делегация өкілдері бүгін Ресей мемлекетіне келді. Топ мүшелері «Соғыс және бейбітшілік» атты халықаралық экспедиция жобасы бойынша Ресей мемлекеттік кітапханасында ұлы ақындар Абай, Жамбыл Жабаев және Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған халықаралық көрмеге қатысуда.
Көрмеде ресейлік және қазақстандық кітапханалардың сирек кездесетін және эксклюзивті басылымдары ұсынылады. Сондай-ақ ақын Абай Құнанбайұлының жарық көрген алғашқы кітабы да қойылды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылғалы отырған халықаралық экспедицияға Ресей Мемлекеттік кітапханасының директоры Вадим Дуда, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Ресей Жазушылар одағының басқарма төрағасы Николай Иванов, РФ Жазушылар одағының мүшесі Григорий Пряхин, ҚР Жазушылар одағының мүшелері Баянғали Әлімжанов, Мерей Қарт, Әлібек Байболов, ЕҰУ профессоры Сейдахмет Құттықадам және басқа да екі елдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысуда.
Жоба қатысушылары Ұлы Отан соғысы кезіндегі мемориалдық және мұражай кешендерін аралап, Ржев ауданы Трубино ауылының тұрғындарымен кездесулерге қатысады, сондай-ақ Мәскеу қаласы М.И. Рудомино атындағы шетел әдебиеті кітапханасында «Кітапханалар – Жеңістің куәгерлері» жобасы бойынша дөңгелек үстелдер өткізеді. Бұл жоба Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ТМД елдері мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының ұлттық кітапханаларымен жүзеге асырып, Жеңіс туына үлес қосқан адамдар туралы кітаптардың, баспа шығармаларының және жазбалардың бай материалдарын жинады және М.И. Рудомино атындағы кітапхананың сайтына орналастырылды.
«Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті» жылының бағдарламасын жүзеге асыра отырып, жоба аясында Ресей Жазушылар одағымен, балалар авторларымен және иллюстраторлармен кездесулер мен Ресей мемлекеттік балалар кітапханасында дөңгелек үстел де өткізу жоспарға алынып отыр. Қазақстандық және ресейлік зиялы қауымның кездесулері мен бірлескен іс-шаралары мемлекетаралық байланыстарды нығайтады және Қазақстан мен Ресей арасындағы бірыңғай мәдени-патриоттық кеңістікті қалыптастырудың алтын көпірі болып табылады.
Сондай-ақ жобаны ұйымдастырушылар мен қатысушылардың алдында тұрған маңызды міндет – Қазақстан мен Ресей кітапханаларының оқырмандарын таныстыру және балалар мен жастармен басқа да патриоттық іс-шаралар өткізу үшін Мәліметтер базасы мен материалдар жинағын қалыптастыру болып табылады.