Жаңа мүмкіндіктер бастамасы
Жаңа мүмкіндіктер бастамасы
502
оқылды

Болашағын бүгіннен ойлайтын ел қашанда стратегиялық маңызды мәсе­лелерді және оны шешудің жолдарын күн тәртібіне шығарып отырады. Мұның жасампаз бір көрінісі – республика Пре­зидентінің халыққа жасайтын дәстүрлі Жолдаулары. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қорытындыланатын қар­саңда Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өр­кендеуінің берік негізі» атты үшінші Жол­дауы да тәуелсіз еліміз дамуының ба­ғыт-бағдарын айқындап, алда тұрған аса маңызды міндеттерді нақты көрсетіп берді.

Әр кезең, тіпті әр жылдың өзінде ел алдында, қоғам алдында шешімін табуы тиіс мәселелер туындайды. «Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрған еліміз үшін бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзін­де айқын байқалуда. Сондықтан кез кел­ген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз», – дей келе Президент Қазақстан халқына биыл­ғы Жолдауын аса маңызды деген жеті мә­селеге арнады. Бұл мәселелердің біздің бар­лығымыздың да экономикалық, әлеу­меттік ахуалымызға тікелей де, жа­нама да қатысы болғандықтан, ой таратып көрелік. Қоғамдағы бірлік пен келісімнің сақ­та­луында әдебиет пен өнердің және осы рухани сала өкілдерінің рөлі ерекше екені белгілі. Сондықтан да Жолдауда «Қоғам­ды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі, осы орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін ха­лықаралық аренада тиімді таныта алады» делінуі біздің ұжымның да алдағы мақсат-міндеттерін нақтылай түсуге мүмкіндік тудырады. Өнер саласындағы талантты жастардың әлеуетін аша түсу мәселесі нақты сөз болған Жолдауда жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүретін жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музы­канттар, қаламгерлерді дәріптеуге бағыт­талған нақты шаралар жоспары қажеттігі, сондықтан да оны Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін ұсынуы тап­сырылды. Бұл жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін қолдау, бәсекеге қабілетті жастардың жолын ашу деген сөз. Осы орайда театрымыз да өз тарапынан жаңа идеялар, ұсыныстар беруі қажет болады. Жолдауда еліміз алдындағы асқаралы міндеттердің жүзеге асуы үшін, мемлекетімізде, ең алдымен тұрақтылық, қоғамдық, ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің рөлі туралы қадап айтылуы бекер емес. Әлем барынша ашық, ақпа­раттар тасқыны заманында әрбір адамның сыни ойлау қабілеті қалғымауы қажет. Қоғамдағы тұрақтылық, демократиялық құндылықтардың жеңіл пікір, желбуаз сөзбен аяқасты болмауына біздің әрқай­сысымыз жауаптымыз. Өз Жолдауында Мемлекет басшысы зиялы қауымға үлкен міндет жүктеді. «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адас­қан­ға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар бер­ген. Ел ағалары бірауыз сөзбен тенте­гін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айы­рыл­мауымыз керек» деуі көп жайтты аңғар­тады. Бүгінде зиялы қауымның салиқалы ой-пікірі қоғамға ауадай қажет болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Де­генмен де зиялы қауымның үні қазіргі – бейберекет ақ­парат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатқан интернет дәуірінде қатты естілуі қажет-ақ. Бұған, бәлкім ортақ талқы алаңдарын қарастырып көру, театрдағы зиялылардың сөзімен қатар, жоғарыда айтқандай, қабілетті жастарды «жұлдыз» бейнесінде емес, рухани маз­мұнды өнер иесі ретінде танытуға бай­ланысты рес­публикалық баспасөзбен, сайт­тармен шы­ғар­машылық ынты­мақ­та­стық мәселе­лерін қарастыру керек болар. Біз мүмкіндігінше Президент Жолда­уының мән-мазмұнын аша түсуге ұмтыл­дық. Бұл қарекетіміз, әсіресе жас буынға пайдалы болар. Қоғамдық сананың бір формасы – өнер, оның ішінде сахна өне­рінің де даму-өркендеу тетіктері мем­лекеттік маңызды құжаттарда айқын­да­лады. Сондықтан да Президенттің осы Жолдауын саралай оқу, алдағы уақытта бағдарға алу – жас буын үшін азаматтық толысу, рухани өсудің бір көрсеткіші. Бұл Жолдауда еліміздің саяси-эконо­микалық ахуалымен қатар, халқымыздың әлеуметтік, рухани ахуалына және қа­жеттіліктеріне баса мән берілді. Біздіңше, бұл – нақты қимыл-қарекетке бастайтын Жолдау. Ендеше бүкіл қоғам болып ұйы­сып, әрбір сала, әр ұжым мақсатты түрде қимыл-қарекетке кірісуі керек. Біздің ұжымды да осыған шақырамын.

Еркін ЖУАСБЕК, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық  драма театры директоры,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері