Болашағын бүгіннен ойлайтын ел қашанда стратегиялық маңызды мәселелерді және оны шешудің жолдарын күн тәртібіне шығарып отырады. Мұның жасампаз бір көрінісі – республика Президентінің халыққа жасайтын дәстүрлі Жолдаулары. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қорытындыланатын қарсаңда Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты үшінші Жолдауы да тәуелсіз еліміз дамуының бағыт-бағдарын айқындап, алда тұрған аса маңызды міндеттерді нақты көрсетіп берді.
Әр кезең, тіпті әр жылдың өзінде ел алдында, қоғам алдында шешімін табуы тиіс мәселелер туындайды. «Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрған еліміз үшін бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз», – дей келе Президент Қазақстан халқына биылғы Жолдауын аса маңызды деген жеті мәселеге арнады. Бұл мәселелердің біздің барлығымыздың да экономикалық, әлеуметтік ахуалымызға тікелей де, жанама да қатысы болғандықтан, ой таратып көрелік. Қоғамдағы бірлік пен келісімнің сақталуында әдебиет пен өнердің және осы рухани сала өкілдерінің рөлі ерекше екені белгілі. Сондықтан да Жолдауда «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі, осы орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады» делінуі біздің ұжымның да алдағы мақсат-міндеттерін нақтылай түсуге мүмкіндік тудырады. Өнер саласындағы талантты жастардың әлеуетін аша түсу мәселесі нақты сөз болған Жолдауда жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүретін жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлерді дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспары қажеттігі, сондықтан да оны Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін ұсынуы тапсырылды. Бұл жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін қолдау, бәсекеге қабілетті жастардың жолын ашу деген сөз. Осы орайда театрымыз да өз тарапынан жаңа идеялар, ұсыныстар беруі қажет болады. Жолдауда еліміз алдындағы асқаралы міндеттердің жүзеге асуы үшін, мемлекетімізде, ең алдымен тұрақтылық, қоғамдық, ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің рөлі туралы қадап айтылуы бекер емес. Әлем барынша ашық, ақпараттар тасқыны заманында әрбір адамның сыни ойлау қабілеті қалғымауы қажет. Қоғамдағы тұрақтылық, демократиялық құндылықтардың жеңіл пікір, желбуаз сөзбен аяқасты болмауына біздің әрқайсысымыз жауаптымыз. Өз Жолдауында Мемлекет басшысы зиялы қауымға үлкен міндет жүктеді. «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бірауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз керек» деуі көп жайтты аңғартады. Бүгінде зиялы қауымның салиқалы ой-пікірі қоғамға ауадай қажет болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен де зиялы қауымның үні қазіргі – бейберекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатқан интернет дәуірінде қатты естілуі қажет-ақ. Бұған, бәлкім ортақ талқы алаңдарын қарастырып көру, театрдағы зиялылардың сөзімен қатар, жоғарыда айтқандай, қабілетті жастарды «жұлдыз» бейнесінде емес, рухани мазмұнды өнер иесі ретінде танытуға байланысты республикалық баспасөзбен, сайттармен шығармашылық ынтымақтастық мәселелерін қарастыру керек болар. Біз мүмкіндігінше Президент Жолдауының мән-мазмұнын аша түсуге ұмтылдық. Бұл қарекетіміз, әсіресе жас буынға пайдалы болар. Қоғамдық сананың бір формасы – өнер, оның ішінде сахна өнерінің де даму-өркендеу тетіктері мемлекеттік маңызды құжаттарда айқындалады. Сондықтан да Президенттің осы Жолдауын саралай оқу, алдағы уақытта бағдарға алу – жас буын үшін азаматтық толысу, рухани өсудің бір көрсеткіші. Бұл Жолдауда еліміздің саяси-экономикалық ахуалымен қатар, халқымыздың әлеуметтік, рухани ахуалына және қажеттіліктеріне баса мән берілді. Біздіңше, бұл – нақты қимыл-қарекетке бастайтын Жолдау. Ендеше бүкіл қоғам болып ұйысып, әрбір сала, әр ұжым мақсатты түрде қимыл-қарекетке кірісуі керек. Біздің ұжымды да осыған шақырамын.Еркін ЖУАСБЕК, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері