«Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық және қалалық партиялық бақылау комиссиясының мүшелері өңірдегі орта мектептерде санитарлық талаптардың орындалуы бойынша мониторинг жүргізді.
Жаңа оқу жылында білім беру қайта дәстүрлі форматқа ауысты. Яғни, оқушылар онлайн емес, мектепке қатынап оқиды. Негізгі талап ретінде барлық мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық, гигиеналық талаптар қатаң сақталуы басты назарға алынып отыр. Атап айтқанда, мұғалімдер мен оқушылардың бетперде тағып, сыныптарды желдетіп, жиі тазартып отыру қатаң бақылауға алынбақ. Қазір Қызылорда қаласындағы барлық мектептердің кіреберісінде балалардың дене температурасы өлшенеді. Қызуы бар оқушылар үйіне қайтарылады. Ата-аналарға мектептің ішіне кіруге тыйым салынып отыр. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалының «Ұлт денсаулығы мәселелері және білім мен ғылымды дамыту жөніндегі» кеңес төрайымы Гүлшат Мұсаева мен облыстық «Jas Otan» ЖҚ мүшелері бірлесіп студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында қаладағы колледждер, жоғары оқу орындарының жатақханаларына бақылау жүргізді. Жатақханалар мен онда тұратын студенттер саны, студенттердің тұрғын үй алаңымен нормативтік қамтамасыз етілуі, тұрмыстық, компьютерлік техникамен, демалыс орындарымен, жеке тұрмыстық жабдықтар жеткізіліп, санитарлық нормаларды сақтау бойынша талдау жұмыстары өтті. Тексеріс барысында көптеген жатақхананың санитарлық нормаға, тұрмыстық жағдайға сәйкес келмеу фактілері анықталды. Анықталған фактілер нәтижесінде оқу орындарының басшыларына ескерту айтылып, кемшіліктер бойынша ұсыныс жеткізілді. Жатақханалардың сапасын қадағалау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаспақ.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ