«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Ғали Есқалиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн форматта қабылдады.
Қабылдау барысында өңір тұрғындары кәсіпкерлік, тұрғын үй, жер телімдерін беру мен құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Облыс әкіміне Орал қаласының тұрғыны қаладағы жер телімдерін аукционға шығарудан бас тарту туралы өтінішпен жүгінді. Өтініш беруші аталған аумақтарда наубайхана ашу және тамақ өнімдерін сату үшін ғимараттар салуды жоспарлап отырғанын айтты. Шағым білдірушіге кондоминиуммен келісім бойынша Зачаган кентінің аулаларында жер учаскелерін жалға алу ұсынылды. Өз кезегінде облыс әкімі қала тұрғынына осы ауданда салынып жатқан үйлер мен коммерциялық алаңдар туралы ақпаратты толық беруді тапсырды. Бұдан кейін тұрғын үйді жекешелендіруге қатысты өтініш қаралды. Отбасының ауыр тұрмыс жағдайына байланысты мүмкіндігі шектеулі жанға уақытша пәтер ұсынылды. Ғали Есқалиев отбасы өкілдері пәтерде тұруды жалғастыра алатынын және кезек келген кезде оны жекешелендіруге мүмкіндігі барын атап өтті. Партияның облыстық филиалының төрағасы әр мәселені егжей-тегжейлі қарап, қала басшылығы мен басқармаларға заңнамаға және қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес өтініш жолдағандарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Бұдан бөлек, «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің онлайн отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Біріншісі – Батыс Қазақстан облысына қарасты елді мекендердің мал азығымен қамтылуы. Екіншісі – Жаңақала ауданында ауыл шаруашылығын жүргізудегі мәселелер жайында. Бірінші мәселе бойынша «Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің мал азығымен қамтылуы» туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин баяндады. Ал «Жаңақала ауданында ауыл шаруашылығын жүргізудегі мәселелер» туралы баяндау үшін Едіге Текебаевқа сөз берілді. Екі тұлға да алдағы кезеңге дайындықтың жақсы деңгейде екенін айтты. Кеңес мүшелері аталған мәселенің өзектілігін атап өтіп, жиынға қатысушылардан өз ұсынысын білдіруді сұрады. Жоғарыда аталған мәселелерге сәйкес бірнеше ұсыныс енгізілді. Соның ішінде БҚО ауыл шаруашылығы басқармасына құрғақшылықтан зардап шеккен облыс аудандарына қатысты ірі жем мен астық жемінің тапшылығын анықтап, мал азығын субсидиялауға және жеке тұрғындарға көршілес аудандардан шөп тасымалдауға кеткен шығынның құжаттарына сәйкес бюджет есебінен ұйымдастыруға ықпал ету тапсырылды. Сондай-ақ Жаңақала ауданы бойынша жергілікті жерлерде сала мамандарымен бірлесіп малдың қыстауға қабілеттілігін анықтау, құрғақшылықтан неғұрлым зардап шеккен ауылдар мен елді мекендер тұрғындары арасында азық сатып алуды, жеткізуді, таратуды және белгіленген бағамен өткізуді бақылауға волонтерлік ұйымдарды тарту керегі сөз болды. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың басшыларын ірі шаруашылықтармен және агрофирмалармен, басқа да ірі жемшөп дайындау және оларды зардап шеккен ауылдарға жөнелту жөнінде келісімшарт жасасу үшін басқа өңірлерге жіберіп, Жаңақала ауданы бойынша мал азығын дайындау маусымының өту барысын қадағалау бойынша штаб құрып, жедел іс-әрекет жасау қажеті айтылып, ұсыныс енгізілді. Жиынды қорыта келе, кеңес мүшелері барлық аталған ұсыныстың партия бақылауында болатынын айтты.Мадияр ТӨЛЕУ