Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бастамашылдық танытамын деп бизнесмендердің қаһарына ұшырады. Оның Үкімет отырысында ұсынған жаңа идеясын сынамаған шағын кәсіпкер қалмады деуге болады. Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық палатасы да, бизнес-омбудсмен де бас қаржыгер бастамасын қатаң сынға алып, «ақылға сыймайтын ұсыныс» деп бағалады. Бірақ Қаржы министрінің де шегінерге жолы жоқ. Үкімет одан бюджетті салықпен толтыруды талап етіп отыр.
Министрдің көздегені не?
Ел Президенті 1 қыркүйектегі жаңа Жолдауында Үкіметтен Ұлттық қордың қаражатын шығындауын тыюды талап етті. Өйткені шенеуніктер бюджеттік міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығын ұлғайтып, Ұлттық қордан алынатын трансферттерді арттырды. Осылайша, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге жаман үйренді. Ал ҰҚ-ның активтері, елдің қаржылық орнықтылық қоры шексіз емес. Сондықтан Қаржы министрлігіне бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау жүктелді. Бұл ретте мемлекет Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру және оны үнемдеу режиміне көшеді. Осыны қарастыратын заңнамалық өзгерістерді ел Парламенті жыл соңына дейін қабылдайтын болады. Алайда Ұлттық қордың «қоймалары» тарс жабылса, бюджеттің өз қаражаты мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға жетпеуі мүмкін. Себебі ел қазынасына түсетін кірістер одан шығатын шығыстардан әлдеқайда аз. Атап айтқанда, республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы – 9,2 триллион, 2023 жылы – 9,7 триллион, 2024 жылы 10,4 триллион теңге ғана. Ал шығыстары 2022 жылы – 15,9 триллион, 2023 жылы – 15,6 триллион және 2024 жылы 16 триллион теңгеден асады деп жоспарланған. Демек, бас қаржыгердің командасына бюджетті толтыратын жаңа қаржы көздерін іздеуге тура келмек. Мұндай көздер – дәстүрлі түрде салықтар, айыппұлдар және өсімпұлдар. Алайда елімізде 2020 жылы енгізілген 3 жылдық мораторий нәтижесінде кәсіпкерліктің үлкен бөлігі – шағын және микробизнес тексеруден, профилактикалық бақылаудан және қадағалаудан босатылды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір 1 384 120 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оларға салықшылар айыппұл сала алмайды. Бұған қоса, шамамен 1,2 миллион салық төлеуші 3 жыл бойы табыс салығын төлеуден босатылды. Тиісінше, бюджет осы кезеңде 380 миллиард теңгеден астам қаржыдан қағылады. Ақыры Қаржы министрі ойлана келе, шағын және орта бизнесті тексеруге былтыр Президент енгізген мораторийді ішінара жоюды ұсынды. Ерұлан Жамаубаев өз ведомствосының мүдделі меморгандармен бірлесіп, көлеңкелі экономикаға қарсы тұруға бағытталған іс-шаралар жоспарын іске асырып жатқанын жеткізді. – Мәселен, 2021-2022 жылдарға арналған бюджет кірістерін ұлғайту жөніндегі шаралар қатарында мыналар бар: шекарадағы көлеңкелі экономикаға және заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылады. Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі жетілдіріледі. Цифрлық шешімдерді енгізе отырып, кедендік инфрақұрылым жаңғыртылады. Ірі бизнеске көлденең мониторинг жүргізудің пилоттық жобасы кеңейтіледі. Шетелдік салық әкімшіліктерімен өзара іс-қимыл күшейтіледі. Микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге мораторийдің күшін жою мәселесі қаралады, – деді бас қаржыгер. Оның дәйектеуінше, жосықсыз шағын-ұсақ кәсіпкерлер бұл мораторийді жазадан құтылу үшін пайдаланып жатыр. Олар заң бұзып, бассыз кетті. Тіпті, салығын тұрақты төлеуден жалтарады екен.Тәртіп емес, табыс төмендеді
Пандемия кезінде мемлекет қазынасы біраз босап қалды. Алайда осы кезеңде шағын және ұсақ бизнес те қоң жиып үлгерген жоқ. Сондықтан Үкімет мүшесінің бұл ұсынысы қоғам тарапынан қолдау таппады. Өткен жылы 20 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысаны дәрменсіз жағдайға жетіп, жабылып тынған. Қалғандарының көбісі тиынды тиынға жалғап, әзер күн көріп жатыр. Шенеуніктер олардың қызметіне шектеулер енгізді, Ashyq қосылмағанының ашылуына жол бермей отыр. Вакцина салғызбаған қызметкерлерін шеттетуге мәжбүр кәсіпорындар мен ұйымдар толық қуатында жұмыс істей алмай жатыр. Бұларға санитайзер, тепловизор, бетперде сатып алу, үнемі дезинфекция жүргізу секілді қаптаған жаңа шығындар қосылды. Бұл ретте олар салығын, әлеуметтік аударымдары мен жарналарын төлеуге міндетті. Бұған тексерулер, бақылаулар мен қадағалаулар қосылса, бизнестің омыртқасын опырып кетуі ғажап емес. «Атамекен» ҰКП төралқасының мүшесі, кәсіпкер Максим Барышевтың пікірінше, шағын бизнес бюджеттің доноры болмауы тиіс, оның миссиясы басқа: ол елде әлеуметтік кернеуді босаңсытуға жауап береді. Ол «Министр осы бастамасымен «локдаун кезінде жүрелеп қалған бизнесті түбегейлі жайратып тастағысы келе ме?» деген сауал тастады. Бизнесмен салықтың азаюына кәсіпкерлердің жауапкершілігі мен тәртібінің төмендеуі емес, пандемияның ықпал еткенін ескертті.Бизнес «шықпа жаным, шықпа» жағдайында
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов талқыға түскен бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына да, саясатына да қайшы келеді деген пікірде. «Мораторийді жою – ақылға сыймайтын іс. Ол меморгандарды бизнестің қызметіне араласуынан қорғайтын пәрменді шара. Өкінішке қарай, шенеуніктер Президенттің мораторийді енгізген Жарлығының аясынан алып тастауға жататын ерекшеліктер тізбесін кеңейту талаптарын тоқтатар емес. Салық органдары онсыз да қарсы тексерулерді, тақырыптық салықтық тексерулерді, ірі бизнеске және жер қойнауын пайдаланушыларға тексерулерді сақтап қалды. Ал Қаржы министрлігінің жаңа бастамасы кәсіпкерлікке түсетін жүктеменің едәуір артуына алып келуі мүмкін», – деді бизнес-омбудсмен. Оның айтуынша, «кәсіпкерлер табысын жасырып отырған жоқ»: олардың аз салық төлеуі – табысының төмендеуімен, ал табысының төмендеуі – халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуімен байланысты. Демек, министрдің бюджет түсімінің қысқаруын «пандемияда кәсіпкерлердің кассалық тәртібінің төмендігімен байланыстыруы» дұрыс емес. «Шағын бизнес онсыз да «шықпа жаным, шықпа» деп отыр. Ресми статистика бойынша, 1,3 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектісінің 99,8%-ы шағын кәсіпкерлік. Мораторий жойылғанда салына бастайтын кез келген айыппұл санкциялары олар үшін зор ауыртпалыққа айналады. Бұл олардың қызметкерлерін қысқартуына, жалақыны төмендетуіне әкелуі мүмкін. Тағы көлеңкелі экономиканың артуына жол береміз. Қазіргі жағдайда әлеуметтік шиеленісті күшейтетін және микро, шағын кәсіпкерлік нысандарының жабылуына соқтыратын танымал емес әдістерге жол беруге болмайды», – деген омбудсмен Үкімет басшысына бұл бастаманы тоқтату туралы ұсыныс жолдағанын мәлім етті. Шағын кәсіпкер Руслан Әміров шенділердің бұл идеясы зиян дейді. «Кәсіпкерлер тек өзі мен отбасын ғана емес, қаншама жалдамалы жұмыскерді жұмыс беріп, асырап отыр. Салықшылар бизнесті күйретсе, қаптаған жұмыссыздар армиясын мемлекеттің өзіне асырауға тура келетінін түсінбейді. Барлық микро және шағын кәсіпкер салық төлемей қойса, сондай шетін шараға баруға болар еді. Алайда заң бұзған бірлі-жарымы үшін мораторийді жоюға бола ма? Бәріміздің мойнымызда кредит бар, олар бойынша төлемді бір кешіктірсең, банктер айыппұл мен өсімпұлдың астында қалдырады. Бір-екі жыл шыдай тұрсақ, дағдарыс та кетер деп әзер жүрміз», – дейді ол. Айта кету керек, министр Ерұлан Жамаубаев үшжылдық мораторийді тек «адал емес кәсіпкерлер» үшін ғана жоюды ұсынған болатын. Өз ісіне адалдарына оның қатысы болмайтын көрінеді. Бірақ бизнесмендер ісі де, ниеті де таза кәсіпкерге салықшылар тиіспейді дегенге сенбейді. Себебі кез келген бизнес нысанын тексеру үшін әлдебір азамат соған қарсы шағым жазса, жеткілікті. Бұл ретте арызданушының ол компания клиенті болуы да шарт емес. Салдарынан бақылаушы-қадағалаушы органдардың төл «кезекші шағымшылары» пайда болғаны жасырын емес. Бұл кесірлі тәжірибеге Президент мораторийі тоқтау салды. «Штаттан тыс» шағымшылардың қызметіне деген қажеттілік жойылды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір тексерулер қайта жанданғанның өзінде олардың тиімділік әкелеріне күмәнданады. Оның мәліметінше, 2020 жылы бүкіл жеке кәсіпкерлік нысандарына барлық бақылаушы орган 22 266 тексеріс жүргізіпті. Бұл субъектілердің бәріне дерлік күдік келтірілгенімен, ақыр соңында 12 173-інен немесе 55%-ынан бұзушылық табылған. Мораторий енгізілгенге дейін, 2019 жылы 119 949 тексеріс ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде, 55 061-інен немесе 46%-ынан жөнсіздік анықталған. Олай болса, жағдай күрт нашарлады деуге негіз жоғы аңғарылады.Айхан ШӘРІП