«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның (ERI) сарапшылары онлайн форматта Zoom бейнеконференциясы арқылы Президент Жолдауын талқылады. Мамандар Мемлекет басшысының қойып отырған міндеттерінің экономикалық және әлеуметтік аспектілерін өзекті тақырып етіп алды.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ төрағасының орынбасары Бауыржан Мұқан модератор болған онлайн жиын өте мазмұнды өтті. Өз саласының білікті мамандары Жолдау жүктеген міндеттердің маңызы мен нәтижесі туралы пікірлерін білдіріп, сараптамалық тұжырымдарын ортаға салды. Күн тәртібінде экономиканы дамыту, бизнес, жасыл экономика, өңірлік саясат және әлеуметтік аспектілер тақырыптары қаралды. Соның алғашқысы бойынша сөз сөйлеген спикерлердің бірі ERI Орталығының директоры Куаныш Бейсенғазин Президенттің бюджеттік ережелер дайындау ұсынысын толықтай қолдайтынын білдірді. «Ұлттық қордың шығындарын шектеп, жаңадан бюджеттік ережелер жасап шығару үшін жыл соңына дейін қажетті заңнамаларды енгізу туралы ұсынысты орынды деп ойлаймын. Бұған дейін де бізде мұндай тәжірибе болған. Осы уақытқа дейін бюджеттік ереженің 13 жүйесі жұмыс істеді. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыра түсу үшін Президент айтқандай нақты да түсінікті контрциклдік ережелер болуы тиіс. Бұл – дұрыс шешім. Біз сонда ғана бюджеттің тең теңгеріміне қол жеткізе аламыз. Оның қазір талқылана бастаған бір нұсқасы, ол – құрылымдық теңгерім. Бұл жерде Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттерді жоспарлау мұнай секторындағы ұйымдардан сол кезеңдегі мұнай бағасына сәйкес Ұлттық қорға түсетін ақшаның болжамды көлемінен аспайтын болады. Ондағы бағаны Үкімет пен Ұлттық банк бірігіп анықтайды. Мұндай контрциклдік ереже Ұлттық қорға мұнай бағасы жоғары кезде көбірек қаражат жинақтауға, ал мұнай бағасы төмендеген кезде бюджеттің теңгерімін ұстап тұру үшін кепілді түрде бөлінетін трансферттердің көлемін артыруға мүмкіндік береді», – дейді ол. Сарапшының айтуынша, бюджет теңгерімінің мақсатты көрсеткіштері ортамерзімді перспективаларға жұмсалатын шығындардың міндетті түрдегі шектік мәнін белгілеу жолымен жүзеге асырылатын болады. Шығындардың межелік мәні Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қысқартудың және мемлекеттік қарызды қауіпсіз деңгейде ұстап тұрудың алдын ала жолдарын айқын көрсетіп тұруы тиіс. Бұл тұста шынайы макроэкономикалық болжамдар мен сәйкес кезеңдегі кірістердің болжамдары да ескерілуі керек. Сол себептен де мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет. Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен Ұлттық банк жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлейтін болады. 2020-2021 жылдардағы инфляция динамикасы қандай болды? Бағаны ұстап тұру үшін қандай шара қабылданып, қандай жоспар жасалд? ERI Орталығы директорының орынбасары Ернар Серік осы тақырып төңірегінде Жолдауда айтылған жайттарды түсінікті етіп талдап берді. «Мемлекет басшысы пандемияның салдарынан туған күрделі жағдайдан шығудың монетарлы да, монетарлы емес те жолдарын ұсынып отыр. Монетарлы жолы – жергілікті жерлердегі микроқаржы ұйымдарының потенциалын пайдалану және «қатырылған» активтерді экономикалық айналымға қосу. Монетарлы емес жолы – республика бойынша Көтерме-бөлшек сауда орталықтарын (КБСО) салу және оған ұсақ ауылшаруашылық кәсіпорындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ бұл нарықты монополизациялауға жол бермеу. 2020 жылы елімізде инфляция 7,5%-ды құрады, Ұлттық банктің таргет жасауымен ол 4-6% арасында болды. Тамыз айына есептегенде 8,7%, соның ішінде инфляцияның ең қатты сезілген жері – азық-түлік инфляциясы – 11,4%. Ал жоғары инфляцияның халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, кірісін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды, ал бағаның өсуі экономиканы көтерудегі шараларды жоққа шығаратынын білесіздер. Президент қабылдап отырған мұндай батыл шаралар осы мәселенің шешімін табуға көмектесетін болады», – дейді ол. Президент жария еткен шаралардың ішінде экономистерді қуантқан қадамның бірі – минималды еңбекақы көлемінің көбейтілгені. Бұған дейін 42 500 теңге болған бұл сома, енді 60 мың теңге болмақ. Яғни, үштен біріне артпақ. Одан басқа, мамандар дағдарысқа қарсы шараларды сөз етіп, оның макроэкономикалық көрсеткіштерге қалай әсер етуі мүмкін екенін ERI Орталығының жетекші сарапшысы Ерділдә Таутенов сараптап берсе, бизнес тақырыбын қозғаған келесі топ АӨК дамыту, геология және өнеркәсіп, креативті индустрия мәселелерін сөз етті. Мұнда ERI Орталығының директорлары Әзиза Қасенова, Баян Әбдірахманова, жетекші сарапшысы Дарина Кеңес сөз сөйледі. Ал одан кейінгі жасыл экономика бөлімінде көміртекті салық, жасыл сутегі мәселесі айтылды. Екі сағатқа созылған жиынға БАҚ өкілдерін қосқанда 40-қа жуық адам қатысты.Нұрлан ҚОСАЙ