«Шахтер» мен «Қайрат» плей-офф сатысында
«Шахтер» мен «Қайрат» плей-офф сатысында
175
оқылды

Өткен түнде Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде украиналық «Колос»  командасын жеңген «Шахтер» қазақстандық клубтар арасында бірінші болып жаңа турнирдің плей-офф сатысына жолдама алды. Осыдан 8 жыл бұрын қараған­дылық клуб Қазақстан атынан алғаш рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түскен. «Кеншілер» бұл жолы да биыл ғана тұсауы кесілген турнирде байырғы жүрісінен жаңылмай келеді. Алда бір кезең бар.

Өкініштісі, «Шахтердің» ерлігін «Астана» мен «Тобыл» қайталай ал­ма­ды. Әу баста, төрт командамыз­дың төртеуі түгел дерлік еуро­кубоктық іріктеу ойындарының үшінші кезеңіне жолдама алды деп қуанғанбыз. Ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Ішкі біріншілікте чемпион болуға басты үміткер саналған екі үздік командамыз аталған турнирде үздік ойынын көрсете алмай, жа­рыс­ты ерте аяқтады. Ал екі турнирде де қарсыластарына жол берген алматылық «Қайрат» соңғы мүм­кіндігін Конференция лигасында пайдаланып көрмек.

Қолда тұрған жеңіс еді...

Конференция лигасында сынға түскен елордалық «Астана» коман­да­сының өзге командаларға қара­ғанда еуромаусымда тәжірибесі мол болатын. Дегенмен оларға бұл ар­тық­шылығы да көмектеспеді. Ти­хонов футболшылары финляндия­лық КуПС командасын жеңіп тұрып жеңілді. Қос команда арасындағы алғаш­қы кездесу Финляндия жерінде 1:1 есебімен аяқталған. Сондықтан барлығы «Астана Аренадағы» ше­шуші ойынды асыға күтті. Тартысқа толы матч барысында екі ұжым футболшылары да ашық футбол өрнегін көрсетті. Бірінші таймда «Астана» сапынан Тигран Барсегян мен Абат Айымбетов гол соғып, елордалық команданы есепте алға шығарған. Ойынның екінші бөлі­гін­де КуПС жиі шабуылдап, бел­сенділік танытты. Қонақтар сапы­нан Ранжел 53-минутта есеп айыр­масын қысқартты. Ал 61, 74-ми­нуттарда Ранжел тағы да екі гол салып, таразы басын теңестірді. Араға үш минут салып финлян­диялық клуб сапынан Янис Икау­некс жеңісті голды соқты. Осы­лайша, «Астана» қарсыласынан 3:4 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. фудбол Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында КуПС коман­дасы­ның бас бапкері Симо Валакари: «Менің командам мықты және біз келесі кезеңге өтуге лайық болдық» деп өз футболшыларымен мақтан­ды. Ал Тихонов «Астана» үшін сәтсіз күн болғанын айтумен болды. Сөйтіп, КуПС ХИК командасының еурокубоктағы 2012 жылы елорда­лық клубқа кеткен есесін қайтарды.

«Жилина» «Тобылды» тобықтан қақты

Словакия жерінде өткен қарым­та кездесуде «Жилина» жастары «Тобыл» футболшыларын ойсырата жеңді. Алаң иелері қостанайлық клубқа жауапсыз 5 доп соқты. 14-минутта Давид Дюриш, 41-ми­нутта Матуш Руснак, 64-минутта Ваган Бичахчян, 81-минутта Тибор Слебодник мергендігімен көзге түсті. Ал 91-минутта дубль жасаған Ваган Бичахчян жауапты ойынның нүктесін қойды. Осылайша, олар екі матч қорытындысы бойынша 6:0 есебімен келесі кезеңге қиын­дықсыз өтті. Ал «Тобыл» әдеттегіше еурокубоктағы жорығын орта жолдан аяқтады. Енді «Жилина» плей-офф сатысында «Яблонец» командасымен кездеседі.

«Қайрат» тоғыз ойыншымен тоңқалаң асты

«Қайрат» Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Алаш­керттен» 3:2 есебімен жеңіліп қал­ды. Еревандағы «Вазген Саргсян» атындағы стадионда өткен ойында алматылықтарға сәттілік жолдас болмады. Төреші де «Қайрат» футболшыларын қатаң жазалап, бір емес екі қызыл қағаз көрсетті. Кездесудің 43-минутында алаң иелері сапынан Эмбало есеп ашты. Бірақ бұл қуаныш көпке созылмады. Бірінші таймға қосылған қосымша уақытта Айбол Әбікен таразы басын теңестірді. 50-минутта Эмбало дубль авторы атанды. Ал жауапты голды 61-минутта қосалқы құрам­нан шыққан Артур Шушеначев соқты. Бір минут өткеннен кейін Денис Поляков, ал 92-минутта Айбол Әбікен тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Мұны пайда­лан­ған алаң иелері офертайм­ның 104-минутында жеңісті голды соғып, келесі кезеңге жолдама алды. Ал «Қайрат» еурокубоктағы жорығын Конференция лигасында жалғастырады. Сонымен, еурокубоктық ойын­дарда екі командамыз қалды. Кон­ференция лигасының плей-офф кезеңінде «Шахтер» израильдік «Маккаби Тель-Авивпен», ал «Қайрат» люксембургтік «Фола» командасымен кездеседі. Қарағандылық «Шахтер» бірін­ші ойынын 19 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өткізеді, ал жауапты матч 26 тамызда Израильде өтеді. Алматылық «Қайрат» алғашқы ойынын 19 тамыз күні сырт алаңда ойнайды. Топтық кезең мәселесі 26 тамыз күні Алматыда өтетін жауап­ты ойында шешіледі.

Абылайхан ЖҰМАШ