Мас жолаушы стоп-кранды басып, Нұр-Сұлтаннан шыққан пойызды тоқтатты
Мас жолаушы стоп-кранды басып, Нұр-Сұлтаннан шыққан пойызды тоқтатты
©tinkoff.ru
200
оқылды

"Нұр-Сұлтан-Нұрлы-Жол - Алматы-2"бағытындағы пойызда мас ер адам стоп-кранды басып, пойызды тоқтатты.

Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 5 қыркүйекте Жамбыл облысының Бурылбайтал-Қарасай учаскесінде болған. Салдарынан пойыз жоспардан тыс 4 минут аялдама жасаған.
Көлік полициясы тексеру кезінде заңсыз әрекет жасаған жолаушыны анықтаған. Ол – Түркістан облысының 42 жастағы тұрғыны. Полицейлер ер адам ішімдік ішкенін және мас күйде стоп-кранды жұлып алғанын анықтаған.

"Құқық бұзушыны пойыздан шығарып, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі ("Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу") және ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы 1-бөлігі ("Темiржол көлiгi құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша әкімшілік хаттама жасады" - деді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиев.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 560-бабына сәйкес пойызды заңсыз тоқтату жеке тұлғаларға бес АЕК (14 585 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды қарастырады.