Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының әкімі болып сайланған Еркебұлан Жәнібек ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, түйткілді мәселесі көп екенін айтады. «Nur Otan» партиясы атынан сайланған әкім «ауылды дамыту – басты назарда» дейді.
– Осыған дейін қандай қызмет атқардыңыз? – Ақшұқыр ауылы маған бейтаныс жер емес. Бұған дейін жергілікті ауыл әкімдігінде бас маманнан әкім орынбасарына дейін қызмет атқардым. Қалалық, облыстық әкімдіктерде жұмыс істедім. Жалпы, он жылдан астам жұмыс өтілім бар. Соның жеті жылдан астамы мемлекеттік қызметте өтті. Сайлауға түскенде Сайын Шапағатов ауылдық округі әкімінің орынбасары едім. Негізгі мамандығым – мемлекеттік және жергілікті басқару, екіншісі – құқықтану. Оқуды бітіргеннен кейін мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. – Ауылды көркейту мақсатында қандай жоспарларыңыз бар? – Республикамыздың 40 пайыздан астам халқы ауылдық жерлерде тұрады. Мемлекетіміздің де негізгі бағыттарының бірі – ауылдарды дамыту. Сайлауға түскендегі мақсатым – осыған дейін жинаған білім-тәжірибемді, қарым-қабілетімді қолдана отырып, ауылдың әл-ауқатын арттыру. Ақшұқыр ауылы – облыс орталығы Ақтау қаласына жақын орналасқан, даму деңгейі қарқынды ауылдардың бірі. Күн санап өсіп келе жатыр. Осы тұста бір ауылдың тұрғындарына бірдей жағдай жасау – маңызды іс. Ең әуелі ауылдың инфрақұрылымдық мәселелерін шешіп, күнделікті санитарлық тазалығын қамтамасыз етуіміз керек. Өзіңіз білетіндей, Ақшұқыр ауылы Каспий теңізін жағалай орналасқан, сондықтан да осыны ұтымды пайдаланып, жағажай инфрақұрылымын жаңартып, ыңғайлы орта құру керек. Сонымен қатар көгалдандыруды да қатар жүргізіп, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын көптеп салуды жоспарлап отырмыз. Осыған дейін ауылдың бірнеше көшесіне асфальт жол салынды. Енді жаяу жүргіншілердің де жағдайын жасау үшін орталық көшелерге тротуар салуды қолға аламыз. Көше жарықтарын бірте-бірте жарық диодты шамдарға ауыстырып, үнемделген қаржыға қосымша шамдар орнатып көшелерді ұлттық нақышта безендіруді жоспарлап отырмыз. – Ауыл әкімінің сайлауы елімізде қандай өзгерістерге жол ашады деп ойлайсыз? – Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, елімізде нақты саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Соның айқын көрінісі — ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы. Халық өз қалауын білдіріп, қалаған әкімін сайлауға қол жеткізді. Осы арқылы өздерінің ұсынысын айтып, ауылды бірлесе дамытуға мүмкіндік алды, осы процестердің нақты қатысушысы екенін сезінді. Ауыл әкімі болып сайланғаннан соң әлеуметтік мекемелерді, басқа да кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жұмысшыларымен кездесіп, ауылдағы мәселелер туралы сөйлестік. Сайлауалды бағдарламамда көрсетілген қауіпсіздік шаралары бойынша қазір жолда бейнебақылау камераларын орнату сияқты жұмыстарды бастап кеттік. – Ауылда қанша халық тұрады? Тұрғындар ауызсумен толық қамтылған ба? – Ақшұқыр ауылында бүгінде 12 705 тұрғын, 2 300 үй бар. Ауыл ауызсумен қамтылған. Оның негізгі бөлігі орталық құбыр арқылы, аз бөлігі тасымал арқылы келеді. Қосымша бөлінген учаскелерді ауызсу құбырымен қамтуға жоба жасақталып жатыр. – Ауылдағы негізгі жұмыс көзі қандай? Ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы туралы айтсаңыз? – Негізі, барлық ауылдағы мәселелер бір-біріне ұқсас. Оған күнделікті тіршілік көздерімен қамтамасыз ету, тұрғын үй шаруашылығының мәселелері кіреді. Ауылдағы ең басты мәселенің бірі – жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы тұста жеке және шағын кәсіпкерлікті дамыту, аясын кеңейту маңызға ие. Кәсіпкерлерге барлық мемлекеттік бағдарламаны түсіндіріп, кәсібін дамыту арқылы жаңадан жұмыс орындарын құруға көмектесуіміз қажет. Сонымен қатар үй шаруашылығындағы тұрғындардың үлесін арттырып, өз-өзін жұмыспен қамтығандардың санын көбейтуіміз керек. Ауылдағы негізгі жұмыс орындары – әлеуметтік нысандар, мектептер мен балабақшалар. Ақшұқыр ауылы облыс орталығына жақын орналасқандықтан, тұрғындардың басым көпшілігі қалаға қатынап жұмыс істейді. Өндірісте вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер де бар. – Өңірдегі қуаңшылыққа байланысты ауылда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Ауылымызда қуаңшылыққа байланысты бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерекқорына сәйкес, ауылда тіркелген мал басына 424 мүйізді ірі қара, 10 243 ұсақ мал, 1 947 жылқы, 1 311 түйе кіреді. Ауылдағы мал басын түгендеу үшін комиссия құрылып, барлық тіркелген шаруа қожалығы мен жеке үй шаруашылығындағы мал саны нақтыланды. Нәтижесінде, 22 шаруа қожалығы және 203 жеке үй шаруашылығының құжаттары Ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырылып, тиісті қаражаттары мал иелерінің есепшотына аударылып жатыр. Аналық мал басын сақтап қалуға шаруа қожалықтарына 17 миллион теңгеге жуық, жеке үй шаруашылығына да осыншаға жуық қаражат бөлінді. Тіркелген малы бар тұрғындарға басқа өңірлерден жеңілдетілген бағамен 4 047 түк, 179 орама шөп және 47 тонна арпа сатылды. Сонымен қатар 1 300 теңгеден 14 653 түк, 16 000-17 000 теңгеден 1 200 орама шөп, келісі 120-140 теңгеден 43 тонна арпа сатушы бағасымен сатылды. Басқа өңірлерден ауылға 11 вагон тегін шөп жеткізілді, барлығы 3 200 түк, 40 орама. Ауыл белсенділері тіркелген малы бар тұрғындарға теңдей үлестірді. Осы уақытқа дейін ауылға барлығы 868 тонна жемшөп жеткізілді. Ақшұқыр ауылына оператор болып «Байболат» шаруа қожалығы тағайындалды. 35 000 түк (595 тонна) шөп қорын қалыптастыруға міндеттелді, шөп сақтайтын орын дайын. Мал иелеріне ауылға келген жемшөптен қыстап шығуға мүмкіндігінше қор жасап алу керегі де айтылып жатыр. – Ауылда эпидемиологиялық ахуал қалай? Тұрғындар вакцина алуда белсенді ме? – Індеттен қорғау, таралуын тежеу мақсатында ауылда рейдтік шаралар үнемі жүргізіледі. Кәсіпкерлік нысандарға да мониторинг тоқтаған емес. Тиісті нысандар «Ашық» жүйесіне енгізілді. Коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары да бақылауда, егілуі тиіс тұрғындардың 40 пайызға жуығы вакцина алды. Оның ішінде мектеп мұғалімдері толықтай вакцина алғанын айтып өту керек. Әлі де ауыл тұрғындарының вакцина алу белсенділігі төмен. Вирустан қорғанудың бірден-бір жолы вакцина екенін, оның тиімділігін тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.Сұхбаттасқан Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы