Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстан 118 жылжымайтын мүлікке зиян келген. Оның ішінде 35 үй мен 12 коммерция нысаны айтарлықтай қираған.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев айтты. «Жамбылдағы жарылыстың салдарынан қираған ғимараттарды қалыпқа келтіру мен шығынды есептеу үшін әкімдік арнайы топ құрды. 5 жұмыс тобы осы жұмыстармен айналысады. Оның құрамында «ҚазҚСҒЗИ», жобалық ұйым өкілдері мен ТЖМ өкілдері бар», – деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Басқарма басшысының айтуынша, 47 нысанға «ҚазҚСҒЗИ» техникалық шешім шығарды. «Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстан 118 жеке жылжымайтын мүлікке зардап келген. Оның ішінде 106 тұрғын үй мен 12 коммерциялық ұйым. Оның ішінде 35 үй мен 12 коммерциялық ұйым айтарлықтай қираған. Бүгінде 12 мердігерлік ұйым қалпына келтіру жұмысына кірісті. 23 техника мен 185 қызметкер жұмыс істеп жатыр. 71 тұрғын үй жеңіл қираған. Оның 43-інде жөндеу жұмыстары аяқталды», – деді Ерлан Орынбаев. Жамбыл облысы әкімдігінің Құрылыс басқармасының басшысы жөндеу жұмыстары 1-1,5 ай ішінде аяқтау жоспарланғанын айтты.Мейірім ҚАЙРАТҚЫЗЫ