Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Ол алдымен өңірдегі егін жинау науқанының барысымен танысты. Осы мақсатта Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында орналасқан «Сервис Жарс» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы алқабын аралады.
Мемлекет басшысы кәсіпорын егістігінің жағдайына қанығып, орақ науқанына жұмылдырылған ауыл шаруашылығы техникаларын көрді. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жетекшілерімен және механизаторлармен әңгімелесу кезінде биылғы Жолдауында бұл сала бойынша тиісті міндеттер жүктегенін еске салды. – Біз субсидия саласындағы саясатымызды жетілдіріп, реттеуіміз керек. Аталған мәселеге Жолдауымда арнайы тоқталдым. Бұл жерде бәрі айқын болуы керек. Болашақта субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пікір бар. Алайда қазір біз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Қ.Тоқаев дайын әрі өңделген өнімнің, соның ішінде ұнның экспортының көлемі төмендегенін ескертіп, қолайлы тариф саясаты қажет екеніне назар аударды. – Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына ұн жеткіземіз. Үкімет, Сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуы тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Тауар өндірушілер, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Қосымша құнның деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз, – деді Президент. Ол агроөнеркәсіп кешенін озық техникамен қамту қажет деді. – Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен жарақтандыруға көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұдан бөлек, ел Президенті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың есебін тыңдады. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын CLAAS зауытына соқты. Оған зауытта құрастырылған астық жинайтын трактор, комбайн, тұқым себетін техникалар көрсетіліп, кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары баяндалды. Қ.Тоқаев осы компанияның халықаралық беделін жоғары бағалап, германиялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажетін қадап айтты. Сонымен қатар ол осы өңірде бірқатар жобаны жүзеге асырып жатқан шетелдік инвесторлармен кездесті. CLAAS компаниясының ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Нилс Ройч Мемлекет басшысын Қазақстанда болашақта іске асырмақ инвестициялық жобаларымен таныстырды. Түріктің YDA HOLDING компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн Петропавлда халықаралық JCI стандарттарына сәйкес, 625 орындық заманауи көпсалалы аурухана құрылысының басталғанынан хабардар етті. АҚШ-тағы Аризона университетінің жаһандық мәселелер жөніндегі вице-президенті Брент Уайт осы оқу орнының Kozybayev University-мен ынтымақтастық орнату жөніндегі жоспарын жеткізді. Бұл келісім қазақстандық ЖОО-ны америкалық білім беру мекемесіндегі академиялық технологиялармен қамтамасыз етуге бағытталмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын және өңірлерді дамытуға қосқан үлестері үшін инвесторларға ризашылығын білдірді. Ол инвесторлардың бизнес-жобаларының іске асырылуын бақылауда ұстау үшін жеке мониторинг жүргізетінін мәлім етті. Сапар аясында Мемлекет басшысы Петропавлдағы Alageum Electric электротехника зауытына барды. Президентке трансформатор өндірісінің технологиялық желісі көрсетіліп, кәсіпорын қызметкерлеріне жасалып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары мен өндірісті одан ары кеңейту жоспары туралы мәлім етті. Зауыттың құрылысына 10 миллиард теңге инвестиция салынған. Жобалық қуаты бойынша кәсіпорын жылына 13 мың трансформатор шығармақ. Өнімінің 98 пайызы ТМД елдеріне экспортталады. Кездесу соңында Қ.Тоқаев еңбек ұжымымен еркін әңгіме-дүкен құрды. Ол кәсіпорынның жұмысы мен экспорттық әлеуетіне жоғары баға берді. Президент зауыттың табысты дами береріне сенім білдіріп, отандық өнім өндірушілерге Үкімет жан-жақты көмек көрсететінін айтты.А.ШӘРІП