Қазақстан алдағы он жылдың ішінде энергия тапшылығына ұрынуы мүмкін. Мұны сарапшылар да, мемлекет басшылығындағы лауазымды тұлғалар да айтып жүр. Содан да болар, соңғы бірер аптада Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі қайта көтерілді. Шамасы, билік ақыры сондай шешімге келген сыңайлы.
Негізі, көптен бері талқыланып жүрген мәселені қыркүйектің 1-і күні Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында тағы атап өткен еді. Сонымен бірге ол Ресейде өткен VІ Шығыс экономикалық форумының пленарлық отырысында өз ұстанымын нақтылай түсті. Сол-ақ екен, ескі пікірталас қайта бұрқ ете түскен жайы бар. Қоғамда АЭС салуға қарсылық танытушылар да, салына қалса, қай жерді таңдаған жөн дегенге қатысты пікір білдірушілер де көп. Сонымен қатар қай елдің технологиясына жүгінген жөн дегенді талқылау да көп. Қысқасы, қазақстандықтар АЭС құрылысына бейжай қарамайтыны байқалады.Сұрауы бар суды құрбан етеміз бе?
Ашығын айтқанда, Қазақстанда АЭС салу жайлы соңғы шешім қабылданған жоқ. Бірақ АЭС жобасынан бас тартуды да көздемейміз. Демек, ерте ме, кеш пе, атом энергиясын пайдалануға мәжбүр боларымыз анық. Олай болса, бәрібір «болашақ АЭС қай жерде салынуы керек?» дейтін мәселе алдымыздан шығары сөзсіз. Бұқараның алаңдайтыны да АЭС орналасатын аймақ пен қай елдің технологиясы екені. Әйтпесе, түбегейлі қарсы шығудан пайда келмесін жұрт біледі. Әрі әзірге энергия тапшылығынан басқа жолмен құтылу да мүмкін болмайтынын түсініп отыр. Ендеше АЭС қай өңірде салынуы мүмкін дейтін мәселенің өзекті болары сөзсіз. Өйткені бұқара әлі де экологиялық жағдайдың нашарлануынан қауіптенеді. Ал АЭС салына қалған жағдайда қай жерде орналасады дегенге келсек, әзірге екі нұсқа көбірек айтылып жүр. Олардың бірі – Балқаш көлінің жағалауындағы Үлкен ауылы, екіншісі – Курчатов қаласы. Екеуі де судың жағасында орналасқан елді мекендер. Ал АЭС үшін мол су қажет екені белгілі жайт. Сондықтан қай жерде салынса да, су жағалайтын түріміз бар. Өкініштісі, соңғы жылдары Балқаш көлінің тартылып бара жатқаны да жиі айтылып жүр. Курчатов қаласының қасынан ағатын Ертіс өзенінің де жағдайы мәз емес. Балқашқа қажет судың 80 пайызын жеткізетін Іле сияқты Ертістің де басы Қытай жерінде жатыр. Демек, АЭС аталған екі елді мекеннің қайсысына салынса да, суды мол пайдаланады деген сөз. Алайда әзірге қандай реактор қойылатыны, қай елдің технологиясы қолданылатыны белгісіз болғандықтан, АЭС үшін күніне қанша тонна су пайдаланылатынын есептеп шығару қиын. Бірақ Өзбекстанның «Узатом» агенттігінің бас директоры Журабек Мирзамахмудов АЭС үшін қолданылатын су қазіргі жылу электр стансалары пайдаланатын судан көп болмайтынын айтады. Тіпті, АЭС-те пайдаланылған су қоршаған ортаға залал келтірмейтін көрінеді. Мәселен, Мажарстандағы PWR немесе су қысымын пайдаланатын 440 мегаваттық реактор суды Дунай өзенінен алып, пайдаланған соң өзенге қайта құяды екен. Ал Дунайдың суынан балық аулап, адамдар шомылып та жүр. Демек, технологиясы жақсы реакторлардан тым көп қауіп жоқ деген сөз. Алайда Қазақстанда су тапшылығы қазірдің өзінде сезіліп келе жатқанын ескерсек, АЭС салатын орынды таңдауда мұқият болу қажет. Тіпті, үшінші нұсқа ретінде Каспий теңізінің жағалауын таңдағанның өзінде бірқатар мәселе туындайды. Өйткені Каспийдің де суы азая бастағаны белгілі болды. Бір сөзбен айтқанда, «энергия үшін қанша су құрбан етеміз?» дейтін сауалға жауап табу керек болып тұр.Бұқара қауіпсіздікке алаңдайды
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ядрофизика кафедрасының доценті Нұрлан Амангелді АЭС салу мәселесіндегі тағы бір өзекті тұс қауіпсіздік пен мамандар әзірлеу екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, бірінші кезекте реактор таңдау өзекті болмақ. Өйткені энергия тапшылығы жағдайында АЭС-сіз күн көру қиын. Бірақ қандай елдің технологиясын алсақ та, бәрібір мол қаржы кетеді әрі реакторды ұсынған компанияның бірқатар талабы болады. Сол талаптар мұқият зерделенуі тиіс деген пікір білдірді. «Негізі, елімізде қазірдің өзінде 4 реактор жұмыс істеп тұр. Қапшағайда үшеу, Алматыда біреу бар. Каспий жағасындағы бұрын суды тұщыту үшін қолданылған реактор жұмысын тоқтатқан. Бірақ оны да күтіп ұстау үшін арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Ал мен айтқан 4 реактор электр энергиясын өндіруге емес, тәжірибе жасауға арналған. Қазір онда мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Демек, өзім атап өткен кейбір мәселені шешуге мүмкіндігіміз бар. Қазақстандық мамандар реакторда жұмыс істей алады. Сонымен бірге реактор салынып біткенше 7-10 жыл кететінін ескере отырып, жаңа мамандар даярлап алуға уақытымыз болады. Бірақ технологияны таңдауда мықтап ойланған дұрыс. Кемі 3+ буынына кіретін реактор пайдаланған тиімді. Одан төменгілер ескірді», – дейді Нұрлан Амангелді. Ал «Байтақ-Болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай болса елдегі салғырт-салақтық АЭС үшін де қауіпті болуы мүмкін екенін атап өтті. «Бұл жерде екі мәселені атап өтер едім. Алдымен қауіпсіздік мәселесі өзекті. АЭС-тер салып алған соң, ол жарылып кетпей ме? Әскери қоймадағы оқ-дәріге ие бола алмайтын елде АЭС салу қауіпті деп ойлаймын. Егер АЭС жарылса, мұның зардабы сұмдық болады. Бейбіт заманда әскери қоймаларымызды қорғай алмай отырмыз. Екі жылдың ішінде екі жарылыс болды. Екіншіден, АЭС деген жасыл энергетика емес, жаңартылатын энергия көзі болып саналмайды. Біз күн, жел, су энергиясын көбірек қолдануды құптаймыз. АЭС қауіпті», – дейді Азаматхан Әміртай. Ал Нұрлан Амангелді болса қауіпсіздікті нашарлататын фактордың ең басында жемқорлық тұрғанын атап өтті. «Жемқорлықтың кірмеген саласы жоқ. Егер АЭС құрылысы кезінде сыбайластық болып, ақша жымқырылса елімізге зор қауіп төнеді. Яғни, технологиясы сақталмай жүргізілген құрылыс, орынсыз жерден үнемдеу, мердігерлерге қаржыны дер кезінде бермеу тәрізді әрекеттер құрылыстың сапасыз болуына алып келеді. Тіпті, ескі буын реакторын ұсынатындар да, оны қабылдайтындар да табылуы мүмкін», – дейді ол. Демек, сарапшылардың көбі қауіпсіздікке алаңдайды деген сөз. Оның үстіне, Үкіметке деген сенімнің төмендегені сонша, АЭС салу тәрізді маңызды жобаға да үрке қарап отырған жайымыз бар.Әлемде неше апат болып еді?
Негізі, әлемде АЭС-тер мен түрлі реакторларда Чернобыль мен Фукусимадан бөлек ондаған апат тіркелген. Әдетте, зардабы жағынан антирейтингтің басында Чернобыль АЭС-інде 1986 жылы болған жарылыс тұр. Одан кейін зардабы жағынан 2011 жылы Фукусима-1 АЭС апаты тұр. Ал 1979 жылы АҚШ-тағы Three Mile Island АЭС-індегі апат үшінші орынға шығады. Сол апаттан ауаға радиоактивті инертті газ тараған. Апат салдарынан төңіректегі 200 мыңнан астам адам көшірілген еді. Мұны антирейтингте екінші орынға қоюға болады. Бұдан бөлек, 1952 жылы Канаданың CANDU тәжірибелік реакторында, 1961 жылы АҚШ-тың АЭС SL-1 тәжірибелік реакторында, 1969 жылы Францияның Сен-Лоран-дез-О АЭС-інде, 1999 жылы Жапонияның Токаймуре АЭС-іне отын даярлайтын нысанында, 2004 жылы Жапонияның «Михама» АЭС-інде апат болған. Әрине, реакторлардағы түрлі апат бұлармен шектелмейді. Бірақ әдетте ірілері ретінде осы нысандардағы апат саналады. Бір атап өтер жайт, Фукусимадағы апаттан басқа оқиғалардың барлығында дерлік адам факторы бірінші орынға шыққан. Яғни, оператордың қателігі, орынсыз тәжірибе дейсіз бе, әйтеуір адамның араласуының кесірінен реакторлар мен оларға қызмет көрсететін түрлі нысанда апат тіркеліпті. Демек, АЭС-ке қажет технология жетілгенімен, адамның салғырттығын жою мүмкін болмай тұр деген сөз. Одан бөлек, су тасқыны, жер сілкінісі тәрізді табиғи апаттардан қорғау мүмкіндігі де ескерілуі тиіс. Әйтпесе, АЭС қай жерге салынса да төңіректі жайпап кетеді. Фукусима-1 АЭС-індегі апатқа жер сілкінісі мен цунами себеп болған.11 түрдің қайсысын таңдаймыз?
МАГАТЭ-нің классификациясы бойынша энергетикалық ядролық реакторлардың 11 түрі бар. Дегенмен әлемде ең көп тарағаны – қысымы жоғары су пайдаланатын реакторлар. Олар жаһандағы барлық ядролық реактордың 62 пайызын құрайды. Ал BWR немесе «қайнайтын» реактор деп аталатын тағы бір түрі барлық реакторлардың 20 пайызын құрайды. Қалғаны өзге 9 түрдегі реактор. Сонымен бірге олар 1, 2 және 3 буын реакторлары, 3+ реакторлары деп те бөлінетіні бар. Яғни, таңдау мүмкіндігіміз зор деген сөз. Таңдағанда да жан-жақты, ешкімнің айтқанына еріп кетпейтін өз мамандарымыз таңдауы керек. Әйтпесе, АЭС саламын дейтін елге реактор ұсынатын мемлекеттер аз емес. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Корея, Қытай мен Ресей дейсіз бе, әйтеуір тауарын ұсынатындар табылады. Бірақ Қазақстанның таңдау құқы шектеулі тәрізді. Өйткені көптеген сарапшылар Ресей АЭС салуда тізеге басып, жобаны өзі алуды көздейтінін алға тартады. Тіпті, Өзбекстандағыдай түрлі талаптар да қоюы мүмкін. Егер АЭС-ті Ресей салатын болса, мамандар тек Ресейде оқиды, қосалқы бөлшектер де теріскейден келуі қажет, техникалық-сервистік қызмет те ресейлік болуы тиіс дегендей көптеген талап қоюы мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін энергетикалық жоба саналғанымен, Ресей үшін саяси құрал болмақ. Өзге өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге төтеп бере алмайтынын білетін Мәскеу көршілері мен әлсіздеу елдерге бейбіт атом жағынан көмектесудің кейпін танытып, өзінің ықпал ету аясынан шығармауды көздейді. Мәселенің қиын тұсы да – осы.P.S. Айтпақшы, ядролық реакторлар арқылы энергия өндірудің түрлі тәсілі де жан-жақты қарастырылып жатыр. Мәселен, биыл шілдеде қытай ғалымдары торий мен тұзға негізделген реактор жасауға кіріскенін мәлімдеді. Тәжірибелік реактор 2021 жылдың аяғына дейін жасалып қоюы керек. Ал өнеркәсіп үшін оны қолдану 2030 жылдан басталмақ деседі. Салқындату үшін су қажет болмайтын осынау реактор экологиялық тұрғыда мейлінше қауіпсіз саналатын болса керек. Осындай реактордың 1946 жылы жобасы жасалғанымен, нақты жүзеге асыру мүмкіндігі енді ғана қолжетімді болғанға ұқсайды. Бұл – ғылым мен технологияның дамуының нәтижесі. Қазақстан да осындай ғылыми жаңалықтарға көңіл бөлгені жөн-ау.
Ардақ СҰЛТАН