Алименттен қашып жүр...
Алименттен қашып жүр...
© коллаж: Елдар Қаба
303
оқылды

Соңғы жылдары елімізде алимент төлеуден жалтаратын, тіпті өз баласынан бас тартқысы келетіндердің қатары артқан. Тіпті, кейбір әкелер табысын жасырып, азайтып көрсетіп жүр. Мақсаты – алимент төлемеу. Осы үшін небір қитұрқылыққа баруға дайын. Неге?

Бүгінде безбүйрек әкелердің ба­ласы алдындағы қарызы 350 мил­лион теңгеге жеткен. Көп­ші­лігі жұмыс жоқтығын сылтау етеді. Де­ректерге сүйенсек, бір ғана Ал­ма­тының өзінде алимент төлейтін әке­лер саны 12 мыңнан асқан. Бірі пер­зенті алдындағы борышын өтеп, берешегін өтеп жатса, кей­бірі жалақысын жасырып қалуға ты­рысады. Жауапсыз ерлердің бо­ры­шын төлетуге мемлекет қол­данбаған шара қалмаған. Әйтсе де, ес­кертуді елемейтіндер көп жағ­дай­да төлемнің уақытылы жасал­мауы­на себеп жағдайының төмен­дігі мен жұмыссыздығы екенін ай­тып, ақталуға тырысады. Адвокат Ерубай Ыдырысов кез кел­ген әке-шеше баласынан бас тар­та алмайтынын айтады. «Тіпті, ба­ласынан бас тартқанның өзінде де олар алимент төлеуден босатыл­май­ды. Қазір көп жағдайда ата-ана­лар екеуара келісімге келіп, өзара шешімге келеді. Мысалы, кей­бірі «сен баладан бас тартсаң, мен алимент сұрамаймын» дейді. Өйт­кені екі балаға алимент ретінде әке­сі жалақысының үштен бір бө­лі­гін төлеуі тиіс. Ал егер ол али­мент­ті екі-үш жыл төлемесе, 2-3 мил­лионға қарыз болып шығады. Сон­дайда аналар «қарыздың бәрін ке­шіремін, алимент те талап ет­пей­мін. Сен тек баладан бас тарт, өмірі­мізден біржола кетсең болды. Жал­­­­ғызбасты ана ретінде өз күнім­ді өзім көремін» деп жатады. Міне, осындай жағдайда кей әке бала­сы­нан бас тартады. Ондайда амал жоқ, ештеңе істей алмайсың», – дей­ді заңгер.

Алимент талап етпейтін әйелдер  бар

Есесіне елімізде алимент талап етпейтін де әйелдер бар. Себеп, та­лап етуге арланады. Намыс кө­реді. «Өзім бағып, өзім жеткіземін» дейтіндер де бар. Ал кейбірі кеші­рім­ді келеді. Сөйтіп, жұмсақтық танытады. Бұл бір жағынан намыс болғанымен, екінші жағынан бала алдындағы әкенің міндетін жеңіл­детіп жібереді. Алимент төлемеудің тағы бір жолы – азаматтық неке. Мұндай некеде болған азаматтар балаға жауапкершілік танытудан бас тартады. Әйел де ер-азаматтан ешқандай алимент талап ете алмайды. Өйткені ешқандай заңды құжат жоқ. «Алимент орталығы­ның» басшысы Әсел Мырзахан: «Бастапқыда азаматтық неке деген тамаша болып көрінетін шығар. Алайда азаматтық неке дегеніміз – бірге тұру. Бірдеңе ұнамаса, кете салу оңай. Өйткені ешкімде еш­қандай жауапкершілік жүгі жоқ. Ал нәресте жарық дүниеге келісімен бәрі өзгереді. Сәбиге деген жауапкершілік ананың мойнына артылады. Ол дегеніміз – өзін жіпсіз байлау. Әйел адамдар осыны түсінуі тиіс. Бұл мәселеге әу ба­сынан мән беру керек. Ал заңды некеге тұрса, ерлі-зайыптылар бір-біріне деген жауапкершілікті сезінеді. Сонымен қатар ертеңгі күні ажырасып жатса, заңды тұрғыда қорғана алады. Өзіне, баласына тиесілі дүниені талап ете алады» деген еді. Жыл сайын борышкерлер саны артпаса, кемімей тұр. Елімізде али­мент төлемей жүрген қазақстан­дық­тардың нақты қанша қарызы барын анықтау қиын. Әділет ми­нистрлігінің өзі «Бұл санды нақты айту қиын. Себебі ол үнемі өзгеріп отырады. Біреуі төлейді, екіншісі қарыздың көлемін өсіріп алуы мүм­кін. Алайда бұл мәселеде координация ықпалының артқанын айтуға болады. Мысалы, жергілікті атқарушы билік пен құқық қор­ғау органдары күш біріктірді» деген еді. Тіпті, борышкерлердің са­­нын азайту мақсатында Алматыда «Бос жұмыс орны» жәрмеңкесі де ұйымдастырылған. Компаниялар тарапынан техникалық маман­дықтарға сұраныс артқан. 15 кә­сіпорын, 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Олар үміткерлердің барлығымен жеке сөйлесіп, мүм­кіндіктерін таныстырды. Әділет министрлігі алимент төлеуден жалтарып жүргендерге талапты қатайта бастады. «Біз по­лицияның көмегімен алимент тө­лемей жүргендердің көлігін анық­тап, оны тоқтаттық. Осы жылы тоқ­татылған және аукционда са­тылған көліктердің саны шамамен екі есе артты. Коронавирус пандемиясына қарамастан, алимент мә­селесіне баса мән бердік. Осылайша, биыл көлікті, жылжымайтын мүлікті өндіріп алу өтініші мен өндіру саны шамамен екі есе арт­ты. Сонымен қатар алимент төлеу­ден қа­сақана жалтарғаны үшін қыл­­мыс­тық жауапкершілікке тар­­­тыл­ған борышкерлер бойынша өсім шамамен екі жарым есе өсті», – дейді министрлік.

Борышкердің қарызы төленбесе, қылмыстық іс қозғалады

Жалпы, алимент балаға қалай төленеді? Заңгерлердің айтуынша, алимент ісі бойынша іс сотта қа­ралады. Немесе баланың әкесі мен шешесі «ай сайын осыншама беріп тұрасың» деп сотқа дейін келісіп алуына болады. Бірақ ондай жағ­дай бізде өте сирек. Өйткені ажы­рас­қандар бір-бірін көрместей бо­лып кетеді. Заң бойынша күйеуі­нің қандай табысы болсын, соның төрттен бір бөлігі беріледі. Бұл – бір балаға берілетін алимент. Ал екі балаға үштен бірін беруі керек. Үш немесе төрт бала болса, табысының жартысын төлеуі тиіс. Бұйрық екі жақтың тараптарын сотқа шақыр­май-ақ үш күннің ішінде шыға­рылады. Ал егер ер-азамат табысын жа­сырып, азайтып көрсететін болса, не істемек керек? Төлеушінің кірісін жасыру үшін жалған ақпарат беру жиі кез­деседі әрі көбі 42 500 теңге мөл­ше­ріндегі ең төмен жалақыны көр­сетеді. Осылайша, алимент ретінде бір балаға 10 625 теңге, екі балаға 14 167 теңге, үш және одан көп ба­ла­ға 21 250 теңге төлейтіндер бар. Осыдан екі жыл бұрын сенатор Сәуле Айтпаева осы мәселені Парламент мінберінде көтерген. Ол өз сөзінде: «Ата-анасының өз балалары үшін жауапкершілігінің мөл­шері айына ең аз күнкөріс минимумынан (26 915 ) да төмен. Қазіргі жалақының үлестік арақатынасына шаққан алимент өндіріп алу жүйесі баланы толыққанды қамтамасыз ете алмайтындықтан, төлемді өн­діріп алуға қатысты көзқарасты өз­гертіп, оның ең жоғарғы белгіленетін мөлшерін анықтауды сұрай­мын» деген еді. Одан бері де екі жыл өтті. Әлі де ештеңе өзгермеген секілді. Заңгер Эльмира Мұқашеваның айтуынша, борышкер жалақысын жасырмауы керек. «Егер борышкер табысын жасыратын болса, сот орындаушы борышкердің жұмыс істейтін жеріне ресми сауал жолдайды. Бухгалтер міндетті түрде жауап береді. Егер борышкердің ресми жұмысы болмаса, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері бо­йынша алимент саны есептеледі. Борышкердің қарызы үш айдан асып кетсе, онда сот орындаушы қылмыстық іс қозғайды», – дейді заңгер. Ал заңгер Ержан Болатбек болса, заң жүзінде алимент төлемеу үшін ата-ана баласынан бас тарта алмайтынын айтып отыр. «Бірінші мәселе, алимент талап етпейтін аналар бар. Бұл мәселе әлі де өзекті. Не себепті мұндай қадамға баратынын түсінбеймін. Бұлар ең алдымен балалардың құқын бұ­зады. Олардың ата-ана ретіндегі міндеті – балаға алимент төлеу. Ол ақша анаға қажет болмаса да, балаға керек. Екіншіден, «алимент талап етсек те, ол ақшаны өндіре алмаймыз» деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Дегенмен Әділет министрлігі бақылап, сот орындаушылар да іске кірісіп, соңғы кездері мәселені оң шешуге тырысып жатыр. Ең алдымен бұл ата-ананың міндеті болуы керек. Ал табысын жасырып, нақты алимент төлеуден жалтарып жүрген ер-азаматтар болса, онда олардың үсті­нен қылмыстық іс қозғалады. Оның мүлкі аресте болады.  Әкім­шілік қамауға алынады. Егер тағы бір жұмыс орнынан өтірік жалақы алады деген құжат жасалатын болса, онда ол жұмыс берушіге де зиянын тигізеді. Ондай қызмет басшыларына да әкімшілік жаза қолданылады. Менің көптеген бизнесмен клиенттерім бар. Олар ондай құйтырқы әрекеттерге бармайды. Бүкіл табысын жасырмай көрсетеді. Жұмысында мәселе туындағанын қаламайды», – дейді Ержан Болатбек. Кез келген ата-ана бала алдын­дағы жауапкершілікті ұмытпағаны абзал. Баласына алимент төлемей, қашып жүрген әкелер көп. Бірақ олар заң жүзінде баласынан бас тартқан жоқ. Сол себепті де алимент төлеуге құқылы. Тіпті, ата-ана құқығынан айырылса да, олар алименттен босатылмайтынын ескергені жөн.

Айым БЕКТҰР