Әлемдік су тапшылығы соңғы жылдары біздің елде де өткір сезіле бастады. Климаты жағынан құрғақ аймақ болып отырған Атыраудағы Жайық өзенінің тартылуына Ойылдың мәселесі қосылды. Төрт түлік мал мен егінді суаруды айтпағанда ауызсудың өзі ауылдық жерлерде «қасқалдақтың қанындай» болып тұр. Бүгінде осы проблема жергілікті қоғам белсенділерінің табандылығының арқасында үкіметтік деңгейге жетті.
Ойыл қайда, жем қайда?..
Ойыл өзені – Ақтөбе облысындағы Темір ауданы Еңбек ауылы тұсындағы бұлақтан бастау алып, Атырау облысындағы Ақтөбе көлі тұсында тартылып қалады. Жалпы ұзындығы – 800 шақырым. Оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 522 шақырым, ал Атырау облысы бойынша 278 шақырымды құрайды. Қызылқоға ауданында Ойыл бойын 18 мыңдай тұрғын мекендейді. Олардың ауызсуы, төрт түлік малы мен аң-құстарының жағдайы осы Ойылға келетін өр суына қарап отыр. Ойыл өзені ағынсыз өзендер қатарына жатады және жаз айларында су көлемі азаяды немесе тартылып қалады. Өзендегі су көлемі көктемгі еріген суға тәуелді, яғни күзгі топырақтың ылғалдылығына, қысқы қардың түсіміне, көктемгі жауын-шашынға тікелей байланысты. Гидрографиялық орналасуына байланысты көктемгі жиналған судың 70-80 пайызы ағып өтіп кетеді. «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» ММ басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде барлық өзендерде су тасығанымен, жаз кезінде кеуіп қалады. Бұлақ көздері туралы деректер жоқ. Ойыл өзенінің орташа көпжылдық су ағыны 127,0 млн м3. Қазгидромет орталығы Ақтөбе филиалының деректері бойынша, өзеннің Ойыл селосы тұсындағы соңғы 5 жылдық су ағыны 2016 жылғы су ағыны 360,0 млн м3, бұл қалыпты норманың 283 пайызы болса, 2018 жылы көрсеткіш күрт төмендеген. 2020 жылғы су ағыны 13,6 млн м3, бұл қалыпты норманың 10,1 пайызын құраған. – Ойыл өзенінің жағдайы көңіл көншітерлік емес. Себебі су ағыны реттелмеген. Әлеуметтік желілерде Ақтөбе облысының Ойыл өзеніне құятын салаларында орналасқан бірқатар бөгет көрсетілген бейнеролик жарияланып, сюжет авторларының пікірінше, Ойыл өзенінің төменгі ағысында су көлемінің аз болуы дәл осы құрылыстарға байланысты делінген. Инспекция тарапынан 2021 жылғы наурыз айында Ойыл және Жем өзендерінің гидрологиялық жағдайына қатысты бағытталған мәселелерді шешуге іс-шара жасақталып бекітілді. Жасақталған іс-шараның негізгі мақсаты – өзен арналарының гидрологиялық жағдайына әсер ететін жасанды және табиғи кедергілерді анықтау, – дейді Ғалидолла Әзидуллин.50 бөгет иесіз
Ойыл өзені туралы мәселе көтеріп жүрген белсенділер мен Ақтөбе облысының және аудандық әкімдіктер өкілдері қатысқан комиссия Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандары аумағында Ойыл өзенінің жоғары ағысында және бассейнінде барлығы 57 әртүрлі нысандағы гидротехникалық құрылыс барын анықтаған. Оның сегізі – республикалық меншікте, үшеуі – коммуналдық меншікте. Иесіз бөгет саны – 34, көпір немесе көтерме жол – 5; тазартуды қажет ететін бұлақ саны – 7. Бөгеттердің барлығы өзен арнасында орналасқаны анықталған. Олардың көпшілігі сай-салаларда Кеңес Одағы кезінде салынған және бүгінде көпшілігі қирап, судың еркін ағысына кедергі келтіруде. Комиссия тарапынан Ойыл өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз ету үшін ұсыныс енгізілді және инспекция тарапынан Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органына иесіз бөгеттердің пайдалану қағидаларының болмауы, Ойыл өзенінің төменгі ағысының сулығына кері әсер ететінін ескерте отырып, иесіз бөгеттерді бұзу жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды. Ойыл өзенінің күрделі жағдайы туралы жергілікті тұрғындардың жанайқайын атқарушы органдарға жеткізуші «Ойыл өзені» қоғамдық қорының мүшесі Есенбай Нұровтың айтар уәжі жоқ емес. Ұзақ уақыт құрылым басшылары мен депутаттарды, министрліктер назарын бүгінде қордаланған мәселеге назар аудартқан «Ойыл өзені» қоғамдық қоры мүшелерінің жанайқайы шенділерге жетті. Тамыз айының соңында Экология вице-министрі Серік Қожаниязов, Экология министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов, Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов, «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов Атырау облысына іссапармен келді. Қызылқоға ауданында атыраулық және ақтөбелік белсенділермен кездесті. «Ойыл өзені» қоғамдық қорының мүшесі Есенбай Нұров пен жергілікті тұрғындар Ойыл өзенінің төменгі ағысында су көлемінің азайып жатқанын хабарлады. Оған себеп – «су құятын салаларында орналасқан бірқатар бөгеттің орналасуы», – дейді.Ғылыми-зерттеу қажет
Ауданда өткен жиында гидрогеология саласының ардагері Едіге Сабуров сөз алды. Кәсіби маманның айтуынша, Ойыл өзеніндегі бөгеттердің заңды нормативті құжаттары жоқ. Жалпы, Ойыл өзені бойынша төтенше жағдай жариялануы керек. Ойыл өзені иесіз қалғандай. Кеңес кезінен күні бүгінге дейін кез келген адам өздеріне арнап бөгеттер салған. Тіпті, жолды қысқарту үшін топырақпен бітеп, бөгет салған. Бөгеттердің иелері жоқ. Ол бөгеттерді кім тұрғызды, заңды ма, жоқ па, оны жергілікті атқарушы билік те, Үкімет те бақылап, назарға алып отырған жоқ. Немқұрайлылық белең алған. – «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Бөгеттердің иесі болмауы – соның көрінісі. Заңдылығында әрбір тамшы судың сұрауы болуы керек. Өңірдегі инспекцияның жұмысын көріп отырғанымыз жоқ. Біз көрген бөгеттердің барлығының инженерлік және экологиялық негіздемесі, төлқұжаты болуы шартты. Ол құжат мемлекеттік тіркеуден өтуге міндетті. Инженерлік негіздемеде суды қалыпты жағдайда өткізіп отыратын құрылғысы болып, экологиялық негіздемеде бөгеттердің болуы флора мен фаунаға, ауаға зияны тимейтіндей зерделенуі қажет. Мемлекет басшысы жалтақтамай жұмыс істеуді тапсырды. Сондықтан иесі жоқ бөгеттердің артында өңірдегі беделді адамдар тұрса, жергілікті атқарушы органдар олардың ықпалына кетпеуі керек деп ойлаймын. Ендігі бұл проблеманы шешудің ең негізгі екі нұсқасын айтсақ, алдымен шұғыл түрде 2022 жылы көктемде өр суы жетуі үшін бөгеттердің барлығын алып тастау қажет. Екінші кешенді жоба – Ойыл өзенін гидрогеологиялық тұрғыда ғылыми-зерттеу керек. Бұл экономикалық-экологиялық мәселелерді шешуге арналған кешенді жұмыс болып, соның нәтижесінде ғылыми қорытынды шығарылып, «Ойыл өзенін сақтау үшін не істеу керек?» деген сауалымызға жауап алуымыз қажет, – дейді гидрогеология саласының ардагері Едіге Сабуров. Атырауда болған іссапар жиынында тиісті министрліктің өкілдері тарапынан Ойыл өзені бойындағы заңсыз салынған бөгеттер бұзылып, өзен арнасын тазарту жұмыстары басталатыны айтылды. «Халықтың қойып отырған талабы орынды. Көтерілген мәселе бойынша екі облыс әкімдігімен бірлесе жұмыс істейтін болады. Заңсыз салынған бөгеттер бұзылады», – деді Экология министрінің орынбасары Серік Қожаниязов. Сондай-ақ Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов аталған мәселені шешу үшін жоспар құрылғанын айтты. Мәселен, Жайық-Каспий бассейндік инспекция тарапынан осы жылдың наурыз айында Ойыл және Жем өзендерінің гидрологиялық жағдайына қатысты бағытталған мәселелерді шешуге арналған іс-шара бекітілген. «Иесіз су шаруашылығы құрылыстары табылған жағдайда, оны көзделген мақсатта іс-шара рәсімдерін жүргізу жергілікті атқарушы органның құзыретіне жатады. Осыған орай әрбір салынған құрылыс нысаны бойынша Ақтөбе облысы әкімдігіне бұлақтарды тазарту, кедергі келтіріп тұрған бөгеттерді транзиттік режимге қою және өзен арнасын толықтай жауып тұрған бөгеттерді бұздыру бойынша ұсыныс жасалды. Сондай-ақ Атырау облысы әкімдігіне Ойыл өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз ету бойынша ұсыныс берілді», – деді Досбол Бекмағамбетов.P.S. Мақаламыз дайындалып жатқан сәтте Ақтөбе облысы Темір ауданы тұсындағы Ойыл өзені бойында заңсыз салынған бөгеттер бұзылып, өзен арнасын тазарту жұмыстары басталғаны туралы ақпарат жетті. Иесіз су шаруашылығы құрылыстарының алынып тасталуы, Ақтөбе мен Атырау облысының тұрғындары үшін аса маңызды. Дегенмен жергілікті атқарушы билік дәрменсіздік танытып, ал кәсіби мамандар мен қоғам белсенділері қозғау салған бұл мәселе толықтай шешіледі деуге әлі ерте. Ойыл өзенінің проблемасының түйіні тарқатыла бастады ма, жоқ па, оны келер жылдың көктемі айқындап береді.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы