Ата-аналар ағасының мәйітін бірнеше ай үйінде сақтаған мұғалімнің мектептен кетуін талап етті
Ата-аналар ағасының мәйітін бірнеше ай үйінде сақтаған мұғалімнің мектептен кетуін талап етті
Фото: AstanaTV-дан скриншот
491
оқылды

Биыл қаңтар айында өз ауласында өлі күйінде табылған 82 жастағы ағасының мәйітін үйінде ұстап, істі болған мұғалім жұмысқа қайта оралған. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

«Жантүршігерлік оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс қысқартылған. Бірақ біз бәрібір ол адамнан қорқамыз» дейді тұрғындар. Мәйітті 7 ай бойы үйіне сақтаған биология пәнінің мұғалімі Қ.Ахмедияров атындағы орта мектепте жұмыс істейді. Ал жантүршігерлік оқиғадан соң әлі күнге ес жия алмай жүрген таңдайлықтар оның мектептен ғана емес, ауылдан толықтай көшіп кетуін талап етуде. Егер талабымыз орындалмаса, Президентке дейін шағымданамыз деп отыр. 400 түтіні бар Таңдай ауылын дүр сілкіндірген оқиға қаңтар айында болған. 80-нен асқан қарияның аяқ астынан із-түзсіз кеткеніне туыстары да күмәнмен қарапты. Өйткені  қарындасы ағасын әртүрлі сылтау айтып, әлеуметтік қызметкерлерге көрсетпей қойған көрінеді. Ал көршілері бірнеше ай бойы қолқаны  қапқан иіске тұншыққанын айтады.

Таңдай ауылының тұрғыны Нұргүл Абдолова: “Ол өтірік айтты. Анда апарып тастадым, Қызылордаға апарып тастадым. Біз барлық жаққа телефон соғып, біліп жүрдік. Ішкі істер қызметкерлеріне өзім айттым. Сол үйді ашыңдар, бір өлік бар деп”, – дейді.

Таңдай ауылының тұрғыны Салтанат Рамазанова: «Иісі отырғызбады. Балаларға кілеймен тесіктің бәрін бітеттім. Бірақ сырттан, фундаменттен иіс шықты. Жаз мезгілінде көк шыбын толып кетті. Өліп жатқан адам ғой. Соны жаңағы біреу бағып жатыр, ағайындарым бағып жатыр... деп өтірік ақпарат таратты. Ондай мұғалім мектепте жұмыс істеуі тиіс емес», – дейді. Алаңдаған ата-аналар мектеп директорына  мұғалімді жұмыстан шығаруды талап етіп, бірнеше мәрте арыз жазған. Бірақ директордың мұғалімді жұмыстан шығаруға еш құқы жоқ.

Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің директоры Серік Қойбақов: «Заңға сәйкес, тергеу ісі бойынша ақталып шықты. Ешқандай жазығы жоқ. Жұмысқа орналасу керек деген тапсырмалармен біз жұмысқа орналастырып, шеттетілген уақытындағы еңбекақыларын төлеп шықтық. Қазір енді жұмысқа қоспасқа біздің ешқандай құзырымыз жоқ», – дейді.

Мұғалім  қазір 9, 10, 11-сыныптарға биология пәнінен сабақ береді.