Ақтөбе қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» фракциясының мүшесі Ардақ Өтегенов Қарғалы өзенінің Сарбаз ауылы, бау-бақша ұжымы мен «Қарғалы» тұрғындар массивін жалғайтын тұсына жаяу жүргіншілер үшін аспалы көпір салып берді. Бұл оның ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтөбе қаласына жасаған сыйы.
Бұрын мұндағы тұрғындар үшін өзеннен өту қиындық туғызатын.
«Қаланың іргелес аудандарын аралап жүріп, осы ауылдар мен бау-бақша ұжымдарының тұрғындары өзеннің арғы бетіне өту үшін қандай қиындық шегіп жүргенін көрдім. Қарт кісілердің осынау қолдан жасалған көпірден қиналып өтіп жатқанының куәсі болдым», – дейді депутат.
Депутат қауіпсіз, сапалы, барлық талаптарға сай кәсіби көпір тростарына тапсырыс берген. Онда екі жағынан тереңдігі 4 метр шұңқырлар қазылып, монолитті бетон құйылды. 80 метрлік қауіпсіз көпір бір айдың ішінде дайын болды.
«Бұл жақта тіршілік көзі, қаламен байланыс, автобус аялдамалары, дүкендер бар. Күнделікті нанымызды сатып алу үшін де осы көне көпірден өтетінбіз. Оның сапасы сын көтермейтін. Өзен тайыздағанда ғана өтіп жүрдік. Енді міне, сапалы көпір салынғанын көріп қуанып отырмыз. Осындай игі ісі үшін депутатқа айтар алғысымыз мол, - дейді «Гаухар» бау-бақша ұжымының 64 жастағы тұрғыны Тамара Мұхамбетиярова.
Айта кету керек, Ардақ Өтегеновтің әлеуметтік жобаларда меценат ретінде игі ісі бұл ғана емес. Бұған дейін ол балаларға спорт алаңын салып берген.