Сын-қатерлерді еңсеретін Жолдау – Жанарбек Әшімжан
Сын-қатерлерді еңсеретін Жолдау – Жанарбек Әшімжан
209
оқылды

– АҚШ араға аттай жиырма жыл салып, Ауғанстанды тастап шығар-шық­пастан дүниенің дидары өзгеріп сала берді. Алысқа бармай-ақ, іргедегі үлкенді-кішілі елдердің саяси сынап бағанасы сәт сайын құ­былып тұр... Қоғамдық өмірімізге мыс­қал­дап кіріп, батпандап шығып жатқан пан­демия Қазақстанның ғана емес, адам­заттың демін тарылтып, өкпесін қабынтып жа­тыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Ке­мелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» ат­ты дәстүрлі Жолдауы осындай күрделі ке­зеңде жарияланды. Мемлекет басшы­сы­ның бұл Жолдауы – Қазақстан халқын нақ­ты стратегиялық дамуға бастайтын жә­не мазмұн мен нәтижені таразыға тең тартқан сындарлы құжат болды.

Президент Жолдауда негізінен әлемдік гео­саяси ахуал, сыртқы байланыстар, ха­лық­аралық қоғамдастықтардың алдын­дағы міндеттемелерден гөрі ішкі мәсе­ле­лерге кеңінен тоқталды. Яғни, Жолдау бас­тан аяқ әлеуметтік салаларға, ұлттық тұтас­тыққа, төніп тұрған сын-қатерлердің ал­дын алуға, квазисекторлардың жұмысын жандандыруға, орта және шағын бизнесті қаржыландырудың тиімділігін арттыруға, бір ауыз сөзбен түйіп айтқанда халықтың кезек күттірмей шешімін табуы тиіс шетін мә­селелеріне бағытталды. Елдің күткені де осы болатын. Үкіметтің алдына нақты тап­сырмалар жүктеді. Екі ауыз сөзбен бәрін қамту мүмкін емес, десек те Президент Жолдауында ай­тыл­ған бірнеше мәселеге тоқталайын. Биыл­ғы ел­дің еңсесін езген ерекше жағдай – табиғи құрғақшылық. Шалғай аудандарды ара­лап, өңірлердегі ахуалмен танысып қайт­қан депутаттардың алдынан шыққан не­гіз­гі түйткілдер – жайылымдық жер мен жем­шөп мәселесі. «Малым – жанымның сада­ғасы» деп отырған шаруаларды індет бір титықтатса, қуаңшылық екінші бүйір­ден қысты. Құрғақшылық – табиғи және қайталанып отыратын құбылыс десек те, алдағы жылғы ауылшаруашылық сала­сын­да болуы ықтимал түрлі құбылыстарды ғы­лыми тұрғыдан сараптап, болжап оты­ра­тын ведомстволар мен институттар қа­те­лік жіберді. Соның кесірінен жылқы жы­­лаған Маңғыстау, аңқасы кепкен Арал, жайы­­­лымы топыраққа айналған өзге өңір­лер ірі әлеуметтік қайшылықтардың қам­ба­сына айналды. Қуаңшылықтың кесірінен республика аумағында 178 мың гектардан астам егістік алқабы жарамсыз болып қалды. Бір ғана Маңғыстау өңірінде ай­нал­дыр­ған үш айда жылқының 16, қойдың 18, ал түйенің 4 пайызы шығын болды. Күт­пе­ген жерден жемшөп әзірлеу науқаны өңір­лерде үлкен базарға айналып кетті. Жаздың жарымында бір бума шөптің құны 2 000-2 200 теңгеге дейін шарықтады. Сол тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Үкіметіне өңірлердегі әкімдік­пен бірлесіп фермерлер мен ауыл тұрғын­дарын жоғары деңгейде қолдауды, жайы­лымдар мен жемшөп бойынша жедел шара­лар қабылдауды тапсырған. Осы бол­ған жағдайға байланысты ел-халық, малмен күн көріп отырған жұрт Мемлекет басшысынан үлкен сөз күткені даусыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы кешегі халыққа жолдаған Жолдауында: «Жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тас­таған. Әкімдер түрлі себептерді сылтаура­тып, ықпалды адамдардың ығына жығы­лып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Жеке қо­салқы шаруашылықтардың малын жайы­лымдық жермен қамтамасыз ету мә­се­лесіне айрықша назар аудару қажет», – деп қадап тұрып айтты. Осы бағытта Үкі­мет­ке мемлекеттік құзырлы органдармен бір­лесіп жедел және батыл шаралар қа­был­дауды міндеттеді. Тіпті, осы бағытта көр­сетілетін қолдау тәсілдері арнайы заңда көрініс табуын жүктеді, сезінген адамға бұл – үлкен қадам! Бұрын да аз айтылып келген жоқ, бірақ дәл қазіргі кезеңде қоғам тарапынан жиі көтеріліп, ұлт зиялыларының да аузымен ай­тылып жүрген – мемлекеттік тілдің жағ­дайы және бұл мәселеге байланысты да ха­лық ең жоғары мінберден пікір күтті. Ел бас­шысы бұл тұстан принципті түрде ай­налып өткен жоқ. «Болашағын Отанымызбен бай­ла­ныс­тыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс. Ата Заң бойынша Қазақ­стан­да бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қа­зақ тілі!» деген Президенттің сөзі – мем­лекеттік тілге деген аса ірі баға! Түсінген адамға! Осындайда көнекөз қариялары­мыздың «Үй артында кісі бар» деген тәмсілі жиі оралады... Кез келген жұмыр­басты пенде өзінің бабадан балаға ауысып келе жатқан ұлы құндылықтары үшін жан аямай күреседі. Тіл, діл, рух, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға жаны күймейтін адам­ның жүрегі – тас пен без. Тәуелсіз­дік­тің үшінші онжылдығынан енді ғана аттап барамыз. Ал елдің тұғыры нық, ғұмыры ұзақ болу үшін, бірінші кезекте мемлекетті бөлініп-жарылудан сақтау керек және қылдай қателіктерге жол бермеуіміз керек. Тәуелсіздікке қауіп төндіретін, мемлекетті әлсірететін жариялылықтан сақ болуымыз керек. Жеке-дара оқшауланып, есік-тере­зесін тарс бекітіп, әсіреұлтшылдыққа жол ашқан жұртты өрт алып жатқаны көпті ойландыруы керек... Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойың­дағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни бо­ла­шаққа сенімді нығайтып, алға бастай­тын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлт­тық сананың аясында сүрлеп қоюға бол­майтыны айдан анық», – деген тұжы­рымы еріксіз ойға оралады. Өңірлерді көп аралаймыз. Түрлі орта­ларда боламыз. Шалғай ауылдарға бардық. Сонда ел жалақы мәселесін айтқанда аза бойымыз қаза болып, арқамызды аяз қаритынын несіне жасырайық? Кешегі Жол­дауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылдан бері төменгі жалақының көтерілмегенін, бұл орайда ТМД-дағы бірқатар елден кейін қалға­нымызды айта келе, 2022 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге көтеру туралы шешім қабылдағанын ашық мәлімдеді. Мен бұл қадамды осы Жолдаудың нақты нәтижесі деп сезіндім. Төменгі жалақыны көтеру бағытында түрлі әлеуметтік-эко­номикалық қайшылықтарға қарамастан қаншама кешенді жұмыстар атқарылды! Нақты нәтижесін Қазақстандағы 1 мил­лионнан астам адам көреді. Оның бала-ша­ғасының ризығы. Сондай-ақ көлеңкелі жа­лақының адымы тарылады. Ішкі нарық­тың тынысы ашылады. Қазақстан – аграрлы елдің бірі. Бірақ осы ауылшаруашылық саласында кетіп жатқан қате-кемшіліктер бірінші кезекте елдің еңсесін түсіріп отыр. Оның нәтижесі азық-түлік бағасының тұрақсыздығы мен қымбаттауына соқтырады. Осы орайда, Президент монополияланып алған аг­роөнер­кәсіп саласындағы кемшіліктерді жоюға, бағаға бақылау жасауда біріне бірі бағынбай, біріне бірі сілтейтін мемлекеттік органдарды ретке келтіру бағытында ха­лыққа тиімді кешенді шешім қабылдау үшін Үкіметке бір ай уақыт берді. Сонымен қатар бюджет саясатына байланысты түйт­кілдер аз емес. Мемлекет қаржысын оң­ды-солды шашып, жеміссіз жобаларға қаржы құйып аяғында бармақ шайнап жат­қан сәттер аз емес. Одан қалса қордағы қар­жыға иек артамыз. Осындай олқы­лықтарды жою үшін Президент Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағын әзір­леуді Үкімет пен Ұлттық банкке мін­дет­теді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс деген шешім қабылдадық», – деп ке­сіп айтты. Жалпы, бұл Жолдау «Nur Otan» пар­тия­сының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдар­лама­сының барлық индикаторларын одан сайын жандандыратын құжат. Сын-қа­терлерді еңсеретін Жолдау. Енді Үкіметтен бастап, барлық құзырлы орындар бас біріктіріп ортақ нәтижеге жетуге жұмылуы қажет. Қорыта келе, Қасым-Жомарт Ке­мелұлы: «Мемлекет басшысының бағд­ары­на күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан кел­мейтіндер, ебін тауып отыра беруді қалай­тындар, Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуі тиіс», – дегенді ашық мәлімдеді. Неге? Мемлекеттік орган жетекшілері мен тиіс­ті сала басшылары осыны терең тәп­сірлеуі керек...