– АҚШ араға аттай жиырма жыл салып, Ауғанстанды тастап шығар-шықпастан дүниенің дидары өзгеріп сала берді. Алысқа бармай-ақ, іргедегі үлкенді-кішілі елдердің саяси сынап бағанасы сәт сайын құбылып тұр... Қоғамдық өмірімізге мысқалдап кіріп, батпандап шығып жатқан пандемия Қазақстанның ғана емес, адамзаттың демін тарылтып, өкпесін қабынтып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты дәстүрлі Жолдауы осындай күрделі кезеңде жарияланды. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы – Қазақстан халқын нақты стратегиялық дамуға бастайтын және мазмұн мен нәтижені таразыға тең тартқан сындарлы құжат болды.
Президент Жолдауда негізінен әлемдік геосаяси ахуал, сыртқы байланыстар, халықаралық қоғамдастықтардың алдындағы міндеттемелерден гөрі ішкі мәселелерге кеңінен тоқталды. Яғни, Жолдау бастан аяқ әлеуметтік салаларға, ұлттық тұтастыққа, төніп тұрған сын-қатерлердің алдын алуға, квазисекторлардың жұмысын жандандыруға, орта және шағын бизнесті қаржыландырудың тиімділігін арттыруға, бір ауыз сөзбен түйіп айтқанда халықтың кезек күттірмей шешімін табуы тиіс шетін мәселелеріне бағытталды. Елдің күткені де осы болатын. Үкіметтің алдына нақты тапсырмалар жүктеді.
Екі ауыз сөзбен бәрін қамту мүмкін емес, десек те Президент Жолдауында айтылған бірнеше мәселеге тоқталайын. Биылғы елдің еңсесін езген ерекше жағдай – табиғи құрғақшылық. Шалғай аудандарды аралап, өңірлердегі ахуалмен танысып қайтқан депутаттардың алдынан шыққан негізгі түйткілдер – жайылымдық жер мен жемшөп мәселесі. «Малым – жанымның садағасы» деп отырған шаруаларды індет бір титықтатса, қуаңшылық екінші бүйірден қысты. Құрғақшылық – табиғи және қайталанып отыратын құбылыс десек те, алдағы жылғы ауылшаруашылық саласында болуы ықтимал түрлі құбылыстарды ғылыми тұрғыдан сараптап, болжап отыратын ведомстволар мен институттар қателік жіберді. Соның кесірінен жылқы жылаған Маңғыстау, аңқасы кепкен Арал, жайылымы топыраққа айналған өзге өңірлер ірі әлеуметтік қайшылықтардың қамбасына айналды.
Қуаңшылықтың кесірінен республика аумағында 178 мың гектардан астам егістік алқабы жарамсыз болып қалды.
Бір ғана Маңғыстау өңірінде айналдырған үш айда жылқының 16, қойдың 18, ал түйенің 4 пайызы шығын болды. Күтпеген жерден жемшөп әзірлеу науқаны өңірлерде үлкен базарға айналып кетті. Жаздың жарымында бір бума шөптің құны 2 000-2 200 теңгеге дейін шарықтады. Сол тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Үкіметіне өңірлердегі әкімдікпен бірлесіп фермерлер мен ауыл тұрғындарын жоғары деңгейде қолдауды, жайылымдар мен жемшөп бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырған. Осы болған жағдайға байланысты ел-халық, малмен күн көріп отырған жұрт Мемлекет басшысынан үлкен сөз күткені даусыз.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы кешегі халыққа жолдаған Жолдауында: «Жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет», – деп қадап тұрып айтты. Осы бағытта Үкіметке мемлекеттік құзырлы органдармен бірлесіп жедел және батыл шаралар қабылдауды міндеттеді. Тіпті, осы бағытта көрсетілетін қолдау тәсілдері арнайы заңда көрініс табуын жүктеді, сезінген адамға бұл – үлкен қадам!
Бұрын да аз айтылып келген жоқ, бірақ дәл қазіргі кезеңде қоғам тарапынан жиі көтеріліп, ұлт зиялыларының да аузымен айтылып жүрген – мемлекеттік тілдің жағдайы және бұл мәселеге байланысты да халық ең жоғары мінберден пікір күтті. Ел басшысы бұл тұстан принципті түрде айналып өткен жоқ.
«Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі!» деген Президенттің сөзі – мемлекеттік тілге деген аса ірі баға! Түсінген адамға! Осындайда көнекөз қарияларымыздың «Үй артында кісі бар» деген тәмсілі жиі оралады... Кез келген жұмырбасты пенде өзінің бабадан балаға ауысып келе жатқан ұлы құндылықтары үшін жан аямай күреседі. Тіл, діл, рух, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға жаны күймейтін адамның жүрегі – тас пен без. Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығынан енді ғана аттап барамыз. Ал елдің тұғыры нық, ғұмыры ұзақ болу үшін, бірінші кезекте мемлекетті бөлініп-жарылудан сақтау керек және қылдай қателіктерге жол бермеуіміз керек. Тәуелсіздікке қауіп төндіретін, мемлекетті әлсірететін жариялылықтан сақ болуымыз керек. Жеке-дара оқшауланып, есік-терезесін тарс бекітіп, әсіреұлтшылдыққа жол ашқан жұртты өрт алып жатқаны көпті ойландыруы керек... Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», – деген тұжырымы еріксіз ойға оралады.
Өңірлерді көп аралаймыз. Түрлі орталарда боламыз. Шалғай ауылдарға бардық. Сонда ел жалақы мәселесін айтқанда аза бойымыз қаза болып, арқамызды аяз қаритынын несіне жасырайық? Кешегі Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылдан бері төменгі жалақының көтерілмегенін, бұл орайда ТМД-дағы бірқатар елден кейін қалғанымызды айта келе, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге көтеру туралы шешім қабылдағанын ашық мәлімдеді. Мен бұл қадамды осы Жолдаудың нақты нәтижесі деп сезіндім. Төменгі жалақыны көтеру бағытында түрлі әлеуметтік-экономикалық қайшылықтарға қарамастан қаншама кешенді жұмыстар атқарылды! Нақты нәтижесін Қазақстандағы 1 миллионнан астам адам көреді. Оның бала-шағасының ризығы. Сондай-ақ көлеңкелі жалақының адымы тарылады. Ішкі нарықтың тынысы ашылады.
Қазақстан – аграрлы елдің бірі. Бірақ осы ауылшаруашылық саласында кетіп жатқан қате-кемшіліктер бірінші кезекте елдің еңсесін түсіріп отыр. Оның нәтижесі азық-түлік бағасының тұрақсыздығы мен қымбаттауына соқтырады. Осы орайда, Президент монополияланып алған агроөнеркәсіп саласындағы кемшіліктерді жоюға, бағаға бақылау жасауда біріне бірі бағынбай, біріне бірі сілтейтін мемлекеттік органдарды ретке келтіру бағытында халыққа тиімді кешенді шешім қабылдау үшін Үкіметке бір ай уақыт берді. Сонымен қатар бюджет саясатына байланысты түйткілдер аз емес. Мемлекет қаржысын оңды-солды шашып, жеміссіз жобаларға қаржы құйып аяғында бармақ шайнап жатқан сәттер аз емес. Одан қалса қордағы қаржыға иек артамыз. Осындай олқылықтарды жою үшін Президент Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағын әзірлеуді Үкімет пен Ұлттық банкке міндеттеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс деген шешім қабылдадық», – деп кесіп айтты.
Жалпы, бұл Жолдау «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының барлық индикаторларын одан сайын жандандыратын құжат. Сын-қатерлерді еңсеретін Жолдау. Енді Үкіметтен бастап, барлық құзырлы орындар бас біріктіріп ортақ нәтижеге жетуге жұмылуы қажет.
Қорыта келе, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып отыра беруді қалайтындар, Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуі тиіс», – дегенді ашық мәлімдеді. Неге? Мемлекеттік орган жетекшілері мен тиісті сала басшылары осыны терең тәпсірлеуі керек...