«Сберге» неге мұқтажбыз?
«Сберге» неге мұқтажбыз?
Коллаж ©А.Ахметқазы

Қазақстан мемлекеттік басқару­ды цифрландырудың GovTech плат­формалық моделіне көшудегі бас­ты серіктесі ретінде ресейлік ком­панияны таңдады. Ресейдің VI Шы­ғыс экономикалық форумы ая­сында Үкімет басшысы Асқар Ма­мин мен Сбер компаниялар тобы­ның басшысы Герман Греф мемо­ран­думға қол қойды. Бұған отандық сарапшылар қайран қалды. Себебі, цифрландыру саласында ТМД-да Қа­зақстанның өзі көшбасшы сана­ла­ды. Ал Ресей біршама артта қал­ған. Одан не үйренбек?

Бұл жоба – сенімнің символы

Қол қою рәсімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Вла­димир Путиннің қатысуымен бей­не­конференция байланысы форматында өтке­ні мәлім. Құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу, деректерді талдау және жасанды зерде бойынша практи­ка­ларды қолдана отырып, мемлекеттік бас­қару­дың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау бойынша ынты­мақ­тас­тықты дамытудың негізгі тәсілдерін көз­дей­ді. Цифрлық архитектураның плат­фор­малық моделі халыққа мемлекеттік қызмет көр­сетудің жылдамдығы мен тиімділігін арт­тыруға жол ашады. Мемлекет басшысы осы стратегиялық жобаны іске асыру Қазақстан азаматтары­ның тұрмыс сапасын арттыруға және биз­нес ахуалды жақсартуға ықпал ететінін айт­ты. Өз кезегінде Ресей басшысы Вла­ди­мир Путин Қазақстан Үкіметі мен Сбер то­бының осы құжатқа қол қоюын – екі ел­дің барлық саладағы, соның ішінде цифр­лан­дырудағы ынтымақтастығының жо­ғары деңгейінің тағы бір дәлелі екенін айтты. Қазақстанда Digital Kazakhstan цифр­лан­дыру бағдарламасы іске асырылып жа­тыр. Оның мақсаты – ел өмірінің және эко­номиканың барлық саласын, мемле­кет­тік басқаруды санды форматқа көшіру ар­қылы адамдардың тұрмыс сапасын кө­теру, елдің өркендеуіне серпін беру. Осы мақсатта республикада 15 жылдан бері eGov «электронды үкімет» порталы жә­не оның ұялы телефондарға арналған нұс­қасы ел игілігіне қызмет етіп келеді. Мем­лекеттің халыққа және бизнеске көр­сететін қызметтердің жалпы санының 93 пайызы электронды форматқа көшірілді. Аза­мат­тар мемлекетке және квазимемле­кеттік ұйымдарға төлейтін төлемдерін, жар­наларын, аударымдарын, салықтарды электронды түрде аудару, сондай-ақ бюд­жеттен тиісті төлемдер мен жәрдема­қы­ларды электронды түрде алу мүмкіндігіне ие. Республика енді GovTech-ті цифрлан­дыру­дың платформалық моделіне көшетін болады. Бұл ретте Қазақстанның цифрлық трансформациясы жобаларын, сонымен бірге цифрландырудың платформалық моделіне және Data-Driven Government тұ­жырымдамасына көшуге қатысты жо­баларды іске асыруға Сбер компаниялар то­бы тартылады деп күтілуде.

Салада Қазақстан Ресейден озық

Отандық сарапшылар да, сала ма­ман­дары да жаңа платформалық модельге қа­тысты ақпараттың аздығын айтады. Сон­дықтан түсініктеме беру де күрделі екен. Ал солтүстік көршінің ақпарат құ­рал­дары «Ресей Қазақстанды цифрлан­дыру­ға қатысатын болды», «Қазақстан цифрлық экономикасын дамытуда Ре­сей­дің қолдауына сүйенеді» деп жазуда. «Қазақстан экономикасының басты сек­торларына цифрлық процестерді ен­гізуді, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көр­сетуді онлайн форматқа көшіруді жос­пар­лап отыр. Бұған қоса, Қазақстан Үкі­меті ел­ді интернетпен және ұялы байланыспен қам­туға ниетті», – деп хабар таратты р­е­сейлік БАҚ. Шын мәнінде, мұның бәрі елімізде бұрын­нан жасалған. Қазір тек соны ары қа­рай жетілдіру жайында сөз болып отыр. Бұл істе қайта Ресейдің өзі артта қалғаны бай­қалады. Мысалы, 2020 жылы РФ Цифрлық даму жөніндегі үкіметтік ко­мис­сияның отырысында Ресейдегі цифрлық транформациялану үрдісі қатаң сынға ілік­ті. «Бірыңғай порталда ұсынылған 400-дей федералдық қызметтің басым көп­ші­лігі – бар болғаны өтініштер формасы. Олар­ға бәрібір қағаз құжаттардың ска­нер­ленген көшірмесін қоса тіркеу талап еті­леді. Құжаттарға негізінен «күшейтілген білік­тілікті электронды қолтаңбамен» (уси­ленная квалифицированная электрон­ная подпись) қол қою керек, ол азамат­тар­дың көбінде жоқ. Цифрланды деген қыз­меттер бойынша мекемелердегі жұмыс аналогтік форматта жүргізіледі және оның қорытындысында қағаз құжат беріледі. Оны өтініш берушінің өзі барып алып кетуге мәжбүр», – деп сипаттады қалып­тас­қан жағдайды РФ Цифрлық даму, бай­ланыс және бұқаралық коммуникация министрлігі. Комиссия көңілсіз қорытындыға кел­ді: «Соңғы жылдары Ресейде цифрлық қыз­­­меттерді дамыту үйлестірусіз, инер­ция­лы түрде жүруде. Егер кедергілер жойыл­маса, алдағы уақытта бұл процестің күрт баяулап қалу қаупі бар». Онда неге Қазақстан бұл істе өзінен көп кейін қалған көршісінің қолдауына сүйен­бек?

Сарапшылар бұл саланың мемлекеттік құпиялармен астасып жатқанына, онда әрбір қазақстандықтың дербес деректері жинақталатынына, демек оның тізгінін бөгде елдің корпорациясының қолына бақылаусыз беріп қоюға болмайтынына назар аудартады.

«Бұл жерде біздің Үкімет Ресей тәжіри­бе­сін игергелі отырған жоқ. Білуімізше, отандық мемтехты дамытуға Ресейдің меморгандарын емес, ресейлік жоғары тех­нологиялы компанияны серіктес ретін­де тарту жоспарланған. Бұл қаржылық ұйымның тобы Германияда, Еуропаның өзге де елдерінде, Қытайда, Үндістанда жұ­мыс істейді. Ол өзімен бірге шетелдік озық технологияларды елімізге ендіреді деген үміт болса керек. Тек Үкімет ресейлік компаниямен шектеліп қалмай, бұл істе дамыған елдерден серіктес іздесе, отандық банктер мен IT компанияларды да жұмыл­дырса жөн», – дейді мемлекеттік басқару магистрі, экономист Сергей Дмитриев. Сбердің өзі әзірге жұртшылыққа түсініктеме берген жоқ.

Министр мәселенің астарын айтпақ

Телекоммуникация саласының сарап­шы­сы Бауыржан Айтпенбетов Қазақ­стан­ның өзінде IT мамандары жеткілікті еке­нін айтады. Ал аналитик Еркін Ермағамбет мұндай салмақты жобаның тізгінін озық дамыған елдердің салмақты компанияларына тапсырған жөн деген пікірде: «Мысалы, Google-ден мамандар шақыруға болады. Ол көптеген елге осындай көмек береді. Жөн көрсетсе, бұл іс отандық компания­лар­дың да қолынан келер еді. Саланың ре­­­сейлік софт пен менеджментке тәуел­ділігі ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі ық­тимал», – дейді ол. Сарапшылар бұл саланың мемлекеттік құпиялармен астасып жатқанына, онда әрбір қазақстандықтың дербес деректері жинақталатынына, демек оның тізгінін бөгде елдің корпорациясының қолына бақылаусыз беріп қоюға болмайтынына назар аудартады. Олардың байламынша, әңгіме рес­пуб­ликаның ақпараттық, цифрлық тәуелсіздігі туралы болып отыр. Бұл жайға салғырт қарауға болмайды. Сарапшылар ортасында туындаған пікір­таласқа орай, Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бағдат Мусин жауап қатты. «IT саласындағы мамандар, сарап­шы­лар мен блогерлер цифрландырудың плат­формалық моделіне көшуге қатысты жаңа­лықты белсенді талқылап, пікірлерін ор­таға салуда. Мен бұл тақырыпты ашық тал­қыға салуға, барлық сұраққа жауап беру­ге дайынмын. Сол себепті алдағы бей­сенбіде, 9 қыркүйекте ІТ қоғамдастық өкіл­дерін шақырып, дөңгелек үстел өткі­зуге шешім қабылдадым. Осы тақырып бойын­ша жан-жақты түсініктеме берілетін бұл жиын онлайн трансляцияланады. Сәл кейінірек оның өтетін уақытын хабарлап, трансляция сілтемесін жариялаймыз», – деді министр Б.Мусин. Бұл жерде біраз сұрақ қордаланып қал­ғанға ұқсайды. Осының алдында «Атам­е­кен» ҰКП-ның Ақпараттық-коммуни­ка­ция­лық технологиялар, білім беру және ин­новация комитетінің төрағасы, белгілі IT маманы Болат Бәшеев бастаған отандық ІТ қауымдастықтардың өкілдері Мемлекет басшысының атына ашық хат жазған бо­ла­тын. Онда IT мамандары «Қазақстан Үкі­метінің қолданыстағы «электронды үкімет» инфрақұрылымын ауыстыру үшін РФ Сбербанкінің «ГосТех» платформасын сатып алу бастамасына қатысты» алаң­дау­шылық білдірді. «Ашық ақпаратқа сәйкес, Сбердің әлі іс­ке қосылмаған «ГосТех» атты тұғыр­на­ма­сы Сбердің өзі дамытып отырған Platform V технологиялық платформасына не­гіз­деледі. Platform V – микросервистік архитектураға құрылған бағдарламалық өнім­дердің кешені. Ол ашық бастапқы ко­ды бар технологияны пайдаланып жа­са­лады. Сбер бұл бағдарламаны жасай­ты­нын тек 2020 жылғы 30 қарашада жария­ла­ды. Яғни, даму сатысында тұрған тұғыр­на­маны сатып алу турасында әңгіме болу­да», – деп мазасызданады IT мама­н­дары. Өйткені тұғырнаманы таңдаумен іс біт­пейді, ары қарай бизнес процестердің бә­рін талдау және реинжиниринг жүргізу қа­жет болады. Ендеше «электронды үкі­мет­тің» қолданыстағы инфрақұрылымын ауыс­тыруға бірнеше жыл кетуі мүмкін. Мамандар осының салдарынан Қазақстан цифрландыруда артта қалуы ықтимал деген қауіп білдіреді. Себебі қазіргі eGov тұғырнамасында 700-ден астам мемқызмет автоматтандырылған. Онда 380-нен астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. 1 мыңнан астам интеграция жүзеге асырылған. Олар­дың бәрін жаңа тұғырнамаға көшіру жап­пай ақаулар мен бұзылушылықтардың болуына соқтыруы мүмкін көрінеді. Пандемия жағдайында бұл бұқараға да, биз­неске де, мемлекеттік органдарға да зия­нын тигізуі ғажап емес. Қалай болғанда, сұрақ көп, жауап жоқ. Цифрлық даму министрлігі алда сарап­шы­лардың сауалдарына нақты түсініктеме бер­се, абзал. Әрбір азаматты мазалайтын мә­селеде жасырын ойын жүргізгені жауап­ты органға жараспаса керек.

Елдос СЕНБАЙ