Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрландырудың GovTech платформалық моделіне көшудегі басты серіктесі ретінде ресейлік компанияны таңдады. Ресейдің VI Шығыс экономикалық форумы аясында Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Сбер компаниялар тобының басшысы Герман Греф меморандумға қол қойды. Бұған отандық сарапшылар қайран қалды. Себебі, цифрландыру саласында ТМД-да Қазақстанның өзі көшбасшы саналады. Ал Ресей біршама артта қалған. Одан не үйренбек?
Бұл жоба – сенімнің символы
Қол қою рәсімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен бейнеконференция байланысы форматында өткені мәлім. Құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу, деректерді талдау және жасанды зерде бойынша практикаларды қолдана отырып, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау бойынша ынтымақтастықты дамытудың негізгі тәсілдерін көздейді. Цифрлық архитектураның платформалық моделі халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады. Мемлекет басшысы осы стратегиялық жобаны іске асыру Қазақстан азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға және бизнес ахуалды жақсартуға ықпал ететінін айтты. Өз кезегінде Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстан Үкіметі мен Сбер тобының осы құжатқа қол қоюын – екі елдің барлық саладағы, соның ішінде цифрландырудағы ынтымақтастығының жоғары деңгейінің тағы бір дәлелі екенін айтты. Қазақстанда Digital Kazakhstan цифрландыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның мақсаты – ел өмірінің және экономиканың барлық саласын, мемлекеттік басқаруды санды форматқа көшіру арқылы адамдардың тұрмыс сапасын көтеру, елдің өркендеуіне серпін беру. Осы мақсатта республикада 15 жылдан бері eGov «электронды үкімет» порталы және оның ұялы телефондарға арналған нұсқасы ел игілігіне қызмет етіп келеді. Мемлекеттің халыққа және бизнеске көрсететін қызметтердің жалпы санының 93 пайызы электронды форматқа көшірілді. Азаматтар мемлекетке және квазимемлекеттік ұйымдарға төлейтін төлемдерін, жарналарын, аударымдарын, салықтарды электронды түрде аудару, сондай-ақ бюджеттен тиісті төлемдер мен жәрдемақыларды электронды түрде алу мүмкіндігіне ие. Республика енді GovTech-ті цифрландырудың платформалық моделіне көшетін болады. Бұл ретте Қазақстанның цифрлық трансформациясы жобаларын, сонымен бірге цифрландырудың платформалық моделіне және Data-Driven Government тұжырымдамасына көшуге қатысты жобаларды іске асыруға Сбер компаниялар тобы тартылады деп күтілуде.Салада Қазақстан Ресейден озық
Отандық сарапшылар да, сала мамандары да жаңа платформалық модельге қатысты ақпараттың аздығын айтады. Сондықтан түсініктеме беру де күрделі екен. Ал солтүстік көршінің ақпарат құралдары «Ресей Қазақстанды цифрландыруға қатысатын болды», «Қазақстан цифрлық экономикасын дамытуда Ресейдің қолдауына сүйенеді» деп жазуда. «Қазақстан экономикасының басты секторларына цифрлық процестерді енгізуді, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетуді онлайн форматқа көшіруді жоспарлап отыр. Бұған қоса, Қазақстан Үкіметі елді интернетпен және ұялы байланыспен қамтуға ниетті», – деп хабар таратты ресейлік БАҚ. Шын мәнінде, мұның бәрі елімізде бұрыннан жасалған. Қазір тек соны ары қарай жетілдіру жайында сөз болып отыр. Бұл істе қайта Ресейдің өзі артта қалғаны байқалады. Мысалы, 2020 жылы РФ Цифрлық даму жөніндегі үкіметтік комиссияның отырысында Ресейдегі цифрлық транформациялану үрдісі қатаң сынға ілікті. «Бірыңғай порталда ұсынылған 400-дей федералдық қызметтің басым көпшілігі – бар болғаны өтініштер формасы. Оларға бәрібір қағаз құжаттардың сканерленген көшірмесін қоса тіркеу талап етіледі. Құжаттарға негізінен «күшейтілген біліктілікті электронды қолтаңбамен» (усиленная квалифицированная электронная подпись) қол қою керек, ол азаматтардың көбінде жоқ. Цифрланды деген қызметтер бойынша мекемелердегі жұмыс аналогтік форматта жүргізіледі және оның қорытындысында қағаз құжат беріледі. Оны өтініш берушінің өзі барып алып кетуге мәжбүр», – деп сипаттады қалыптасқан жағдайды РФ Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігі. Комиссия көңілсіз қорытындыға келді: «Соңғы жылдары Ресейде цифрлық қызметтерді дамыту үйлестірусіз, инерциялы түрде жүруде. Егер кедергілер жойылмаса, алдағы уақытта бұл процестің күрт баяулап қалу қаупі бар». Онда неге Қазақстан бұл істе өзінен көп кейін қалған көршісінің қолдауына сүйенбек?«Бұл жерде біздің Үкімет Ресей тәжірибесін игергелі отырған жоқ. Білуімізше, отандық мемтехты дамытуға Ресейдің меморгандарын емес, ресейлік жоғары технологиялы компанияны серіктес ретінде тарту жоспарланған. Бұл қаржылық ұйымның тобы Германияда, Еуропаның өзге де елдерінде, Қытайда, Үндістанда жұмыс істейді. Ол өзімен бірге шетелдік озық технологияларды елімізге ендіреді деген үміт болса керек. Тек Үкімет ресейлік компаниямен шектеліп қалмай, бұл істе дамыған елдерден серіктес іздесе, отандық банктер мен IT компанияларды да жұмылдырса жөн», – дейді мемлекеттік басқару магистрі, экономист Сергей Дмитриев. Сбердің өзі әзірге жұртшылыққа түсініктеме берген жоқ.Сарапшылар бұл саланың мемлекеттік құпиялармен астасып жатқанына, онда әрбір қазақстандықтың дербес деректері жинақталатынына, демек оның тізгінін бөгде елдің корпорациясының қолына бақылаусыз беріп қоюға болмайтынына назар аудартады.
Министр мәселенің астарын айтпақ
Телекоммуникация саласының сарапшысы Бауыржан Айтпенбетов Қазақстанның өзінде IT мамандары жеткілікті екенін айтады. Ал аналитик Еркін Ермағамбет мұндай салмақты жобаның тізгінін озық дамыған елдердің салмақты компанияларына тапсырған жөн деген пікірде: «Мысалы, Google-ден мамандар шақыруға болады. Ол көптеген елге осындай көмек береді. Жөн көрсетсе, бұл іс отандық компаниялардың да қолынан келер еді. Саланың ресейлік софт пен менеджментке тәуелділігі ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі ықтимал», – дейді ол. Сарапшылар бұл саланың мемлекеттік құпиялармен астасып жатқанына, онда әрбір қазақстандықтың дербес деректері жинақталатынына, демек оның тізгінін бөгде елдің корпорациясының қолына бақылаусыз беріп қоюға болмайтынына назар аудартады. Олардың байламынша, әңгіме республиканың ақпараттық, цифрлық тәуелсіздігі туралы болып отыр. Бұл жайға салғырт қарауға болмайды. Сарапшылар ортасында туындаған пікірталасқа орай, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жауап қатты. «IT саласындағы мамандар, сарапшылар мен блогерлер цифрландырудың платформалық моделіне көшуге қатысты жаңалықты белсенді талқылап, пікірлерін ортаға салуда. Мен бұл тақырыпты ашық талқыға салуға, барлық сұраққа жауап беруге дайынмын. Сол себепті алдағы бейсенбіде, 9 қыркүйекте ІТ қоғамдастық өкілдерін шақырып, дөңгелек үстел өткізуге шешім қабылдадым. Осы тақырып бойынша жан-жақты түсініктеме берілетін бұл жиын онлайн трансляцияланады. Сәл кейінірек оның өтетін уақытын хабарлап, трансляция сілтемесін жариялаймыз», – деді министр Б.Мусин. Бұл жерде біраз сұрақ қордаланып қалғанға ұқсайды. Осының алдында «Атамекен» ҰКП-ның Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы, белгілі IT маманы Болат Бәшеев бастаған отандық ІТ қауымдастықтардың өкілдері Мемлекет басшысының атына ашық хат жазған болатын. Онда IT мамандары «Қазақстан Үкіметінің қолданыстағы «электронды үкімет» инфрақұрылымын ауыстыру үшін РФ Сбербанкінің «ГосТех» платформасын сатып алу бастамасына қатысты» алаңдаушылық білдірді. «Ашық ақпаратқа сәйкес, Сбердің әлі іске қосылмаған «ГосТех» атты тұғырнамасы Сбердің өзі дамытып отырған Platform V технологиялық платформасына негізделеді. Platform V – микросервистік архитектураға құрылған бағдарламалық өнімдердің кешені. Ол ашық бастапқы коды бар технологияны пайдаланып жасалады. Сбер бұл бағдарламаны жасайтынын тек 2020 жылғы 30 қарашада жариялады. Яғни, даму сатысында тұрған тұғырнаманы сатып алу турасында әңгіме болуда», – деп мазасызданады IT мамандары. Өйткені тұғырнаманы таңдаумен іс бітпейді, ары қарай бизнес процестердің бәрін талдау және реинжиниринг жүргізу қажет болады. Ендеше «электронды үкіметтің» қолданыстағы инфрақұрылымын ауыстыруға бірнеше жыл кетуі мүмкін. Мамандар осының салдарынан Қазақстан цифрландыруда артта қалуы ықтимал деген қауіп білдіреді. Себебі қазіргі eGov тұғырнамасында 700-ден астам мемқызмет автоматтандырылған. Онда 380-нен астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. 1 мыңнан астам интеграция жүзеге асырылған. Олардың бәрін жаңа тұғырнамаға көшіру жаппай ақаулар мен бұзылушылықтардың болуына соқтыруы мүмкін көрінеді. Пандемия жағдайында бұл бұқараға да, бизнеске де, мемлекеттік органдарға да зиянын тигізуі ғажап емес. Қалай болғанда, сұрақ көп, жауап жоқ. Цифрлық даму министрлігі алда сарапшылардың сауалдарына нақты түсініктеме берсе, абзал. Әрбір азаматты мазалайтын мәселеде жасырын ойын жүргізгені жауапты органға жараспаса керек.Елдос СЕНБАЙ