«Сүрінбейтін тұяқ жоқ...». Жаза басып, жаңылғандарды тоғытып жатқан темір тордың арғы жағындағы жағдайдың қандай екенін екінің бірі біледі. Көне барақтар, ескі жиһаздар және ұнжырғаңды басатын сұрықсыз бояу. Ендеше мұндай ахуал адамды түзеп шығарады деп айту қиын. Осы ретте «елімізде ақылы, жекеменшік түрмелер керек пе?» деген мәселенің көтерілгеніне көп болған еді.
Жекеменшік төрт түрме
Бұл мәселе соңғы рет 2015 жылы сөз болыпты. Сол кезде елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде 4 түзеу мекемесі салынатыны туралы хабарланған болатын. Олар Петропавл, Шымкент, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында салынады деп хабарланған еді. Тіпті, жер телімдері бөлініп, құжаттары әзірленген. Бірақ құрылыс жұмыстары басталмаған екен. Бір түрменің құрылысына 18 млрд теңге шамасында қаржы кетуі мүмкін делінген. Содан бергі уақытта бұл мәселе тоқтап қалды. Болмағанда бұл күндері елімізде әрі жайлы, әрі қауіпсіз төрт түзеу мекемесі жұмыс істеп тұрғандай екен. Сол кездегі бастамашыл топтың айтуынша, мемлекетке масыл болмай, тіпті табыс та әкелмек. «Мұндай түрмелердегі тәртіп пен қауіпсіздікті мемлекет қамтамасыз етуі керек. Оны жекеменшікке беруге болмайды. Әйтеуір, Еуропада солай. Одан соң құрылыс материалдарынан үнемдеп қажеті жоқ. Сондай-ақ табиғи түрдегі жарықтандыру мен желдету жүйелерін кеңінен қарастыру қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын болғандықтан, мұндай мекемелер міндетті түрде табыс әкелуі қажет. Өйткені инвестор салған ақшасын қайтарып алуы керек қой. Ал ол үшін концессионер немесе меншік иесі бір мезгілде әрі бизнесмен, әрі құрылысшы, әрі басқарушы болуы қажет», – деген еді сол кезде Еуропа және Латын Америка елдерінде түрме салудан 25 жылдық өтілі бар француздық Vinci Constructions Grand Project компаниясының Қазақстандағы филиалының басшысы Тимур Джабуа. Шетелдік маманның айтуынша, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтудың екі мақсаты болады екен. Бірі – еңбекпен түзеу. Мәселен, Еуропада сотталушылардың күш-қуатын дұрыс бағытқа жұмсап, уақытын тиімді пайдаланып, табыс табуға тәрбиелеуге баса назар аударады. Ал екінші мақсаты – мекемеге табыс әкелу. Америкада және көптеген басқа елдерде жазасын өтеушілерге тек жұмыс күші ретінде қарайды. Олардың еңбекке қабілеттілерін міндетті түрде жұмысқа салады. Бұл екі әдістің де екеуі де нәтиже береді екен. Джабуаның ойынша, түрмені салғаннан кейін де мемлекет меншік иесін оны күтіп ұстау және жарақтандыру проблемасымен жалғыз қалдырып кетпеуі тиіс. Қандай жағдайда да сәйкес министрліктер бұл жұмыстарды қаржы бөліп болса да көмектесіп, үйлестіріп отыруы керек.Ғимарат қоры өте ескі
Соңғы мәлімет бойынша, елімізде түзеу мекемелерін, уақытша ұстау изоляторларын, қоныс колонияларын қосқанда 82 ҚАЖ мекемесі бар. Оларда барлығы 32 мыңнан астам қамауда екен. Соның ішінде 25 мыңы жазасын өтеушілер болса, 6,5 мыңы тергеуде жүрген арестанттар. Елімізде 6 әйелдер колониясы бар. Онда 2 200-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Сонымен бірге түрме контингенті арасында жасы 18-ге толмаған 52 жасөспірім, 60-74 жас аралығындағы 655 қария, 712 мүмкіндігі шектеулі жан, 1 232 шетел азаматы және 149 азаматтығы жоқ тұлғалар бар. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, осы 25 мыңнан астам жазасын өтеушілерді ұстап тұру үшін бюджеттен жылына 38 миллиард теңге бөлінеді екен. Бұл дегеніміз – бір сотталушыға айына 125 мың теңге кетеді деген сөз. Әрине, ел қазынасы үшін аз ақша емес. Сондықтан да бұл мәселені халықаралық тәжірибеге сүйеніп шешу үшін түзеу мекемелеріндегі жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінде бірінші кезекке шығарылды. Бұл бағытта реформалар жасалып, осы уақытқа дейін монополист болып келген «Еңбек» РМК ығыстырылып, режимдік мекемеге сырттан азаматтық кәсіпкерлерді тартуға, жазасын өтеушілердің өздеріне кәсіп ашуға рұқсат берілген болатын. Содан бері мұндағы өндіріс екпіні аз ғана жанданғанымен, түрлі материалдық-техникалық, өндірістік-экономикалық қиындық онсыз да күрделі жағдайда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерліктің адымын аштырмады. Мемлекет түзеу мекемелеріндегі өндіріс орындарынан ауыз толтырарлықтай табыс таба алмады. Жазасын өтеушілердің еңбекақысы өздерінің мұқтаждығына, мойнындағы талап-қарызын өтеуден аспады. Сондықтан да әр жазасын өтеушіге жұмсалатын шығын өндіріліп жатқан жоқ. Оның үстіне, еліміздегі сексеннен астам түзеу мекемесінің басым бөлігінің ғимарат қоры өте ескі. Соңғы отыз жылда олардың жаңара қойғаны бірен-саран. Осы реттен келгенде еліміздегі түзеу мекемелерінің дені сталиндік тоталитаризмнен қалған мұра деуге болады. Түгелге жуығы барақ түріндегі тұрғынжайлар. Ал камералық типке қарағанда казармалық үлгідегі ұстауда ішкі тәртіпті қадағалау біршама қиындық тудыратыны белгілі. Осы және басқа да көптеген проблема күн тәртібіне жаңадан халықаралық модульге сәйкес ақылы түрмелер салу қажетін шығарды. Бұл туралы еліміздегі пікірлер екіге айырылды.Қолдайтындар мен қарсылар
Осы тығырықтан шығуды қолдайтындардың басты дәйегі – ҚАЖ саласының материалдық-техникалық базасының жұтаңдығы. Ең қиын шаруа адам тәрбиелеу десек, әуелі пенитенциарлық жүйенің жағдайын жасау қажет. Солардың бірі белгілі адвокат Әнуар Түгел бұл бастаманы әу бастан-ақ қолдайтынын жеткізді.Елімізде түзеу мекемелерін, уақытша ұстау изоляторларын, қоныс колонияларын қосқанда 82 ҚАЖ мекемесі бар. Оларда барлығы 32 мыңнан астам қамауда екен... Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, осы 25 мыңнан астам жазасын өтеушілерді ұстап тұру үшін бюджеттен жылына 38 миллиард теңге бөлінеді екен.
«Қазіргі қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелердің ескілігі сондай, олар жазаларды орындаудың Қазақстан өз мойнына алған міндеттемелердің стандарттарына, хаттамаларына сәйкес келмейді. Сондықтан да олар белгілі бір дәрежеде адам құқығын бұзып отыр. Бізге жаза өтеудің камералық және тағы да басқа түрлеріне көшіп, жазасын өтеушілерді ұстау жағдайын жақсарта түсу қажет. Бұл туралы әлдеқашан айтылғанымен, мемлекет бұл тұрғыда қатты асығып отырған жоқ. Сондықтан да оны жекеменшікке берген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені олар бұл тұрғыда өте икемді, уақыт талаптарына ден қоя отырып, жедел шешімдер қабылдай алады. Меніңше сұрақты «керек пе, керек емес пе?» деп қойғаннан гөрі мұндағы ұйымдастыру мәселесін ойлану керек. Режимдік қауіпсіздік, жұмыспен қамту, медициналық көмек, өндірістік аймақ – осылардың барлығы қалай жүзеге асады, кім жүзеге асырады және кім қаржыландырады? Менің ойымша, тапсырыс беруші – мемлекет қаржыландыруы тиіс. Кейіннен ішкі қадағалау, тамақтандыру, денсаулық сақтау, тәрбие жұмыстары қызметтерін де жеке компанияға беруге болады», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Адам құқығын қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Әнуар Құрманбайұлы. Жалпы, қылмыстық-атқару саласын модернизациялау ең алғаш Елбасының 2015 жылы 20 мамырда қабылданған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасында қарастырыла бастаған болатын. Онда бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан жазасын өтеушілерді әлеуметтік сауықтырудың тиімді тетіктерін құру, пробация органдарын осы іске араластыру мәселелері көтерілді. Кейбір мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып пенитенциарлық жүйеге жекеменшік қаражатты тарту жайы сөз болды. Еуропалық стандарттарға негізделген, жайлы әрі жоғары технологиялық ақылы түрмелер туралы да осы кезден айтыла бастаған еді. Ал қарсы тараптың үні одан бұрын шықты. «Бұл тұрғыда біз түрме дегеніміз адамдардың қайғы-қасіреті ұйып қалған орта екенін ұмыт қалдырған сияқтымыз. Сондықтан да оны жекешелендіру мүмкін емес. Бұл олардың психологиялық азабын одан сайын ауырлата түседі. Белгілі америкалық ғалым және жазалау саясатының ымырасыз сынаушысы Ховард Зер айтқандай, мемлекет шешімдер қабылдаудағы монополистік рөлінен айырылмауы керек. Жазаларды орындау – көпшіліктің мүддесін дәріптеуші, қоғамдық тәртіптің бөлшегі. Сондықтан оны жекеменшікке беруге болмайды. Бұл жазасын өтеушілердің бостандығын одан сайын шектеуге, еңбегін қанауға алып келуі мүмкін. Бұл туралы сонау 2010 жылдан бері айтып келеміз. «Жекеменшік түрмелер: мемлекеттік жазалау саясатындағы тығырық» деген ғылыми мақалада сынап жазғанбыз. Сол кезде Израильдің бес жылдан кейін осы тәжірибеден бас тартқаны туралы да айттық. Түрмелер жекеменшікке айналса, коммерциялық құпия, қызметтік құпия деген желеумен қоғам тарапынан, құқық қорғаушылар тарапынан ондағы процестерді қадағалау қиын болып кетеді. Бұл еліміз жүргізіп отырған гуманизация саясатына қарсы. Жазасын өтеушілерді ресоциализациялау күрделене түспек», – дейді ішкі істер органдарының қызметіндегі мәселелер бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі, ШҚО мәслихатының депутаты, заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердин.Нұрлан ҚОСАЙ