Ақтау үкімдері әлі де аз
Ақтау үкімдері әлі де аз
269
оқылды

Бүгінде Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың жалпы санының тек бір пайызы ғана сот үкімімен ақталып шығады. Осыған қарағанда тергеуші мен прокурор істі сотқа жеткізсе болды, ары қарай судья күдіктіні бас бостандығынан айыру жазасын көзді жұмып қойып, кесе салатын сияқты. Тіпті, қанқұйлы Сталиннің «үлкен террор» кезінде де, Екінші дүниежүзі­лік соғыс уақытында да бұл көрсеткіш 9-13%-дан төмендемеген.

Соттардың өзі айыпталу­шы­ларға қатысты ақтау үкімдерінің аздығын дәлелденбеген істердің тергеу процестері кезінде-ақ, сотқа жетпей, тоқтап қалатынымен тү­сіндіреді. Сондықтан судьяның алдына қылмысы толықтай ашыл­ған, күдіктінің кінәсі бұлтартпас айғақтармен айқын дәлелденген істер ғана келетін көрінеді. Яғни, сотқа дейінгі тергеу органдары мүлтіксіз жұмыс істейді-мыс. Бірақ шынымен солай ма? Әлбетте, сотқа жеткен істердің басым көпшілігінің сапасына біз де шүбә келтіре алмаймыз. Алайда бұлыңғыр дәлелдермен жазық­сыздан-жазықсыз сотталып кеткен жандардың бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Айыптау айғақтары шалағай

«Мен Кеңес заманын да, қазіргі заманды да білемін, еңбек тәжі­ри­беме қарай сол кез бен қазіргі кезді салыстыра аламын. Сонда анық байқағаным, бұрынғы тергеу­шілерге қарағанда қазіргілердің деңгейі төмен. Өз тәжірибемде ой-өрісі тар, кәсіби біліктілігі төмен, мінезі дөрекі тергеушілерді көп кездестірдім. Әрине, өз ісінің нағыз майталман мамандары да бар, бірақ олар тым аз. Сөйте тұра, судьялардың осындай шалағай тергеушілердің пісіп-жетілмеген шикі істері бойынша айыптау үкімін кесе беретініне талай рет куә болдым. Бұл жерде басты назар сотқа жеткен істердің дәлелді базасы қандай, судья ол бойынша қандай шешім шығарды дегенге көбірек аударылуы керек»,– деді адвокат Ерғали Мелдебеков. Қылмыстық-процессуалдық кодекс бойынша Қазақстанда соттар тәуелсіз, ал айыптаушы мен қорғаушының құқықтары тең. Әйтсе де, сот пен құқық қорғау органдары арасында заңда жа­зылмаған тығыз және өзара сый­ластық принципіне құрылған қа­тынастар орнаған. Соттар мем­лекеттік органдардың «жақсы көр­сеткіштерін» бұзбау үшін бет­терінің арын белге түйіп қойып, күдікті еш қиналмастан айыптау үкімін кесе салады. Бұл жерде тергеушінің, прокуратураның және соттың «айыпталушыны қа­лай болғанда да соттап жіберу керек» деген мүддесі үндесіп жат­қан сияқты. Оған себеп бар: егер судья қаралып отырған іс бойынша ақтау шешімін шығарса, бұл тергеу органдары әзірлеген және про­куратура органдары бекіткен айыптау дәлелдерінің дәр­мен­сіз­дігін, олардың жұмыстарының қанағатсыздығын білдіреді. Яғни, аталған екі органның кемшілігін көзге шұқып көрсетеді. Егер мұн­дай процестердің арты ушығып кетсе, одан сот жүйесі мен құқық қорғау органдары арасында сал­қындық жүгіріп өтуі мүмкін. Судьяға мұндай белсенділік керек пе? Әрине, жоқ. Олар құқық қорғау органдарымен қақтығысқа баруды қаламайды. Өйткені күштік құры­лымдар өздеріне қолайсыз судья­лардың үстінен жалған қылмыс­тық іс қозғап жіберуі мүмкін деген қорқыныш көп. Төрелік етуші қауым шешім қабылдау кезінде осы жайтты жадынан шығармайды.

«Кінәсіздік презумпциясы» сақталмайды

Заңда «Кінәсіздік презумп­циясы» деген түсінік бар. Яғни, айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, оның айыбын тергеуші бұлтартпас ай­ғақ­тармен мойнына іліп беруі ке­рек. Бірақ сот талқылаулары ке­зінде бұл шарт ескеріле бермейді. Тіпті, айыпталушының кінәсі ешқандай фактімен дәлелденбесе де, судьялар тергеудің ығына жы­ғылып, айыптау үкімін кесе салуы ғажап емес. Әрине, бұл жағдайда біз прокуратураға шағымданып жүріп, істің бұзылуына қол жеткізе аламыз. Алайда мұндай мысал көп емес,– дейді Ерғали Мелдебеков. Кәнігі адвокаттың мұндай азды-көпті қарсылықтар арқылы әділсот жүйесін қамтамасыз ету мүмкін емесін айтады. Ол тұтас сот жүйесіне өзгерту енгізу керек деп санайды. Өйткені елімізде сы­бай­лас жемқорлық дертінің қанша­лықты асқынып кеткені ешкімге жасырын емес, бұл кесел сот са­ласын да айналып өткен жоқ. Сондықтан жоғары тұрған инс­танция арқылы тағайындалатын судьялар шешімнің әділдігіне емес, жоғарыдағы басшылыққа жағатыны-жақпайтыны тұрғысы­нан қарайды. Сот процесі кезінде адвокат тергеуші ұсынған айғақтар мен дәлелдердің талқанын шыға­рып, өз тарапынан бұлтартпас мың уәж келтірсе де, оған судьяның былқ етпейтіні үйреншікті жағ­дайға айналып кеткелі қашан. Яғни, сот процесінде айыпталу­шы­лардың тек бір пайызының ақталып шығатыны соның дәлелі. Оның үстіне, адамның көпе-көрінеу әділсіз үкімге қарсы сот­тасуы үшін көп қажыр-қайрат пен ақша да керек. Мұндай мүмкіндік екінің бірінен табыла бермейді. Адвокаттардың еңбегі ақылы және аз тұрмайды, ал кез келген күмәнді істің парша-паршасын шығарады деген беделді де білікті адвокат­тардың еңбегі тіпті айрықша қым­бат. Сондықтан қандай да бір істің соңынан түсіп, оны Жоғарғы Сотқа дейін жеткізіп, жеңіп алу үшін қалтаңыз қалың, жүйкеңіз мықты болуы шарт. Өйткені кейбір күрделі істер әлденеше жылдарға созылып жатады. Әлбетте, мүмкіндігі жоқ жан­дарға мемлекет тарапынан тегін адвокаттар беріледі. Бірақ қазақ «Арзанның жілігі татымас» деген, олардың көпшілігі әйтеуір ақыр аяғында айыптаушының жеңетінін білетіндіктен өздеріне таңылған клиентті жанқиярлықпен қорғауға тырыспайды.

Өкімет өтемақы төлеуге құлықсыз

Қазақстанда қылмыстық жа­уап­кершілікке тартылғандардың ішінен ақталып шыққандардың неге аз екеніне соқтауылдай тағы бір себеп бар: тергеуші күдіктіні қылмыскер ретінде түрмеге қа­матып тастап, өзі соны дәлелдеу үшін фактілер іздейді. Ол фактілер бір күнде табылмайтыны белгілі. Бірнеше апталарға, айларға со­зы­лып кетеді. Оның үстіне, тергеу­ші­нің өлдім-талдым деп жина­ған дә­лелдері жеткіліксіз немесе са­па­сыз болуы мүмкін. Бірақ оған қалай болғанда да күдіктіні соттату керек. Өйткені ол ақта­лып шықса, жазық­сыз қамауда отырған күндері үшін Үкіметтен өтемақы талап ете алады. Мұны тергеуші де, прокурор да, судья да жақсы түсінеді, сон­дық­тан бұл жайт әлгі байғұстың мо­йнына күмәнді айып тағып, жаза кесіп жі­беруге итермелейді. Ащы да бол­са шындықтың бір ұшы осында жатыр. Республикада адамның жазық­сыз қамауда отырғаны үшін мем­лекеттен өтемақы өндіртіп алу фак­тісі сирек те болса кездеседі. Бірақ ол шетелдердегідей пәленбай миллион долларға бағаланбайды. Мәселен, 2018 жылы елордада жал­ған жаламен 8 ай абақтыда отырған азамат кейін ақталып шығып, оның адвокаты Қайрат Қасымханов жа­па шегушінің әр күнін 100 мың теңгеге бағалап, Қаржы министр­лігінен 36 миллион теңге өтемақы талап еткен. Бірақ Үкімет оған бар болғаны 1 миллион теңгені қолына ұстатып, «осыған риза» бол деп, теріс айналып кеткен. Жоғарғы Соттың дерегі бо­йынша, республикада 2015 жылы – 149 адам, 2016 жылы – 62, 2017 жылы – 70, 2018 жылы – 270, 2019 жылы – 318, ал 2020 жылдың бі­рінші жарты жылдығында 219 адам ақталып шыққан. Ал бұл уақытта жыл сайын мыңдаған адам түрмеге тоғытылып отыр. Өйткені біздің елімізде қыл­мыстық процесс жазалау принци­пін қатаң ұстанады. Егер АҚШ-тың сот жүйесі «Бір жазықсыз адам түрмеде отырғанша, он айыпты адам бостандықта жүрсін» деген ережеге сүйенсе, Қазақ­станда ол қағида тұп-тура қарама-қарсы ма­ғынада қолданылады. Осыған қа­рап біздің қоғам не­ліктен сонша­лықты қатыгез болып кетті екен деп ойланасың?! «Қазақстанда әділсот жүйесі жұмыс істеуі үшін айыптаушылар мен қорғаушылардың құқықтар және мәртебелері тең болуы тиіс,– дейді Ерғали Мелдебеков. Оның айтуынша, қаралып жатқан істің толыққанды зерттелуі үшін адво­каттарға да істі тергеуге құқық берілуі тиіс. Сондай-ақ сот шешімі шығарылған хаттамаға тек айыптау актісі ғана емес, қорғау актісі де енгізілуі керек. Бұл сот үкімінің не­ғұрлым әділ шығуына ықпал ететін болмақ. «Адвокаттың мәр­тебесін көтеру – халықтың жағда­йын ойлау. Сонда ғана жазықсыз сотталып кетушілердің қарасы азая түседі»,– дейді кәнігі адвокат.

Сөз соңы: Заңгерлер елімізде қылмыстық істер бойынша күдік­тіні ақтап алу үкімдерінің тым аз шығарылатынын бұрыннан айтып келеді. Мұндай проблеманың бар­лығын Жоғарғы Сот та растап отыр, бірақ одан жағдай өзгеріп кете қойған жоқ. Әлемдік тәжі­рибеде сот процесі кезінде күдік­тіні ақтау үкімдерінің үлесі 1%-дан төмен болса, бұл құқық қорғау және сот органдарының жұмы­сын­да үлкен бір шалағайлық бар екенін білдіреді. Өркениетті ел­дер­де сот жүйесі жазалау орга­нынан гөрі әділеттілікке қол жет­кізу функ­циясын көбірек ат­қарады. Мәселен, Еуропада қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартыл­ғандар­дың – 15-20%-ы, АҚШ-та 25-30%-ы ақталып шығады.

Дәулет АСАУ