Рейтингіні құрастыру кезінде зерттеушілер денсаулық сақтау, білім беру және бала қауіпсіздігі көрсеткіштерін басшылыққа алады. Тіпті CO2-нің ауаға тарауына қатысты көрсеткіштерді де ескереді. Денсаулыққа зиян тағамдардың жарнамасы сияқты қауіп-қатер де қарастырылады. Себебі, дүние жүзінде семіздікке душар болған балалар мен жасөпірімдердің саны еселеп артқан. 1975 жылы олардың саны 11 млн. болса, 2016 жылы 124 млн.-ға жеткен.
Ал Қазақстан не себепті 180 елдің арасында 50-орында?
Елімізде 5 жасқа дейінгі 10 мың сәбидің 99-ы көз жұмады. 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 6%-і (көбіне-көп қыз балалар) некеге отырады. 5 жасқа дейінгі балалардың 8%-і ашқұрсақ жүреді. Балалардың еңбекке тартылуы 2,2%-ті құрайды екен. Жасөспірімдер жүктілігінің коэффициенті 1000 қызға шаққанда 29,8-ге тең болса, балалар суициді 100 мың тұрғынға шаққанда 1,3 коэффициентіне тең болып шығыпты.
Қазақстанда балалар суициді белең алып тұр. Былтыр 143 бала өз-өзіне қол жұмсаса, тағы 306-сы суицид жасамақ болған. Ал биыл қаңтар-сәуір айларында елімізде 53 жасөспірім (32-сі — ұл, 21-і — қыз) суицидтен қайтыс болды. Тағы 120-сы өмірімен қош айтыспақ болған. Олардың басым көпшілігі — толық отбасында тәрбиеленетін балалар. Айтқандай, оқушылар арасындағы буллинг мәселесі де алаңдатпай қоймайды. 2020 жылы оқу орындарында білім алатын балалардың 12%-ті буллингіден зардап шегетіні мәлім болды.
Сондай-ақ Төтенше жағдай министрлігінің мәліметі де көңіл көншітпейді. 2020 жылы ата-ананың салғырттығынан 108 бала терезеден құлап, 18-і мерт болған. Ал биыл жыл басынан бері 40-қа жуық бала суға кетіп қайтыс болды. ІІМ-нің мәліметінше, биыл жыл басынан бері кәмелет жасқа толмаған 90 бала жол-көлік оқиғасынан қаза тапты.
Басты проблемалардың бірі — балалар арасындағы мүгедектік. Қазіргі таңда Қазақстанда 162 мың бала ерекше күтімді талап етеді. Демек, білім ошағына баратын балалардың 2,7 пайызына арнайы жағдай жасалуы тиіс.
Мектептердегі қауіпсіздік мәселесі
Татарстанның Қазан қаласында болған қанды оқиғағадан кейін халықаралық қордың мамандары мектептегі қауіпсіздік мәселесіне де ден қойыпты. Қазақстанда 7440 мектеп бейнебақылау жүйесі болғанымен, олардың 3384-де (45,5%) стандартқа сай жұмыс істемейді. Төтенше құлақтандыру (сөзбен, дыбыспен, жарықпен) жүйесі еліміздегі мектептердің үштен бірінде ғана бар екен. Ал орта білім ордаларының 8%-і ғана дабыл түймесімен жабдықталған. Кіруді бақылау және басқару жүйесімен мектептердің бес проценті, турникетпен төрт проценті, металл іздеуші құрылғымен тек бір проценті жабдықталған болып шықты.
Жалпы алғанда, Қазақстан ТМД елдері арасында Беларусь пен Ресейден артта қалса, Армения, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғыз Республикасынан алда келеді. 180 елдің арасында Нигер, Орталық Африка Республикасы және Чад ең нашар көрсеткішке ие болса, Save The Children халықаралық қоры құрастырған рейтингіде Сингапур мен Словения көш бастап тұр. Алғашқы бестікке, сондай-ақ, Финляндия, Швеция және Норвегия кірді.