Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымына қайта тағайындалды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Мәжитұлы Имашев Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындалды", - делінген Ақорда жариялаған Жарлықта.
Қазақстан президенті Орталық сайлау комиссиясының төрағасын бес жыл мерзімге тағайындайды.
Берік Имашев 2016 жылы 13 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындалған болатын.
Берік Мәжитұлы Имашев 1960 жылы 7 маусымда Алматы қаласында туған. 1982 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді.
Бұған дейін Әділет министрі, Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды.