Нұр-Сұлтанда көшеде телефоннан бас алмайтындарға арналған бағдаршам орнатылды
Нұр-Сұлтанда көшеде телефоннан бас алмайтындарға арналған бағдаршам орнатылды
©turkystan.kz
566
оқылды

Нұр-Сұлтанда жол қозғалысын реттейтін инновациялық құралдарды тестілеу басталды. Бұл туралы қала әкімдігі  хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, SWARCO өндірушісінің жаңа бағдаршамы әдеттегі дыбыстық функцияны толықтыратын болады. Енді бағдаршамның қызыл жарығы тротуарға да түседі, тиісінше жаяу жүргіншілердің смартфонының дисплейіне де шағылысатын болады.

"Бағдаршам жерді жарықтандыру функциясын орындап қана қоймайды. Сонымен қатар телефоннан көз алмайтын өскелең ұрпақтың назарын аударады. Осылайша, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қосады", - дейді әкімдіктен.

Ведомствоның хабарлауынша, бағдаршамның жаңа моделінде мынадай артықшылықтар бар: ымырт үйірілгенде және түнгі уақытта тротуарға қызыл жарық түсуіне байланысты бағдаршам жақсырақ көрінеді; смартфонның дисплейіне бағдаршамның қызыл сигналының шағылысуына байланысты жаяу жүргіншілер өздерін бұрынғыдан қауіпсіз сезіне алады; тротуардың шетінде қызыл түспен белгіленген орындардың арқасында жаяу жүргіншілерді көлік жүргізушілері лезде байқайды. Бағдаршамының жаңа моделін тестілеу 9 объектіде жүргізілуде. Олар: Жеңіс даңғылы, 45; Абай даңғылы – Мұражай; Пушкин көшесі – ЕҰУ; Мұңайтпасов көш, 16; Қорғалжын тас жолы – Думан; Мәскеу көшесі – 14 мектеп; Тұран даңғылы – Орталық саябақ; Тәшенов көшесі – Алатау СК; Жирентаев көшесі – 22 мектеп.