Жасотандықтар Нұр-Сұлтан қаласының колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттік жатақханаларына мониторинг жүргізіп, елордалық студенттердің қандай жағдайда тұратынын анықтады.
Кейбір елордалық жатақханалардың жағдайы нормаға сәйкес келмейді. Бүгін «Jas Otan» Жастар қанатының және «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің бастамасымен студенттер жатақханаларына рейд жүргізілді. Тексеру барысында студенттердің тұрғылықты жерлерінің бір бөлігі талаптар мен ережелерге сәйкес келмейтіні анықталды. Егер сауда-экономикалық колледждің студенттік үйінде қауіпсіздік ережелері сақталмаса, «Қаржы академиясы» АҚ жатақханасында студенттермен бірге жалға алушылар тұрады.
Сауда-экономикалық колледж жатақханасы студенттерінің өмір сүру жағдайлары «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметовті үрейлендірді. Жүргізілген рейд нәтижесінде бірқатар талаптардың орындалмауы анықталды. Жастар қанаты басшысының айтуынша, мұнда бұрын да тексеру жұмыстары жүргізілген:
«Міне, 3 жыл бойы біз бүкіл ел бойынша жатақханаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеміз. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап 126 жатақхана тексеруден өтті, оның 10-ы талаптарға сәйкес келмейді. Осы колледждің студенттік үйінде біз 2019 жылы тексерумен болғанбыз және қазір ескертулерімізге ешкім құлақ аспаған көріп отырмыз. Барлығы ескі, қауіпсіздік ережелері сақталмаған, бөлмелерде азық-түлік сақтайтын тоңазытқыш жоқ, терезелер мен есіктер ескірген. Алдағы уақытта барлық жатақханаларды қамтуға тырысамыз, бірақ студенттер шағымданған студенттік үйлер аса назарымызда болады», - деп атап өтті Нұржан Жетпісбаев.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов бұл мәселені өз бақылауына алып, жыл соңына дейін қайта тексеріс өтетінін атап өтті.
«Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жаңа жатақханалар салу және студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсарту туралы тапсырмасы бар. Сондай-ақ, бұл мәселеге Мемлекет басшысы да ерекше көңіл бөледі. Алайда, біз жауапты органдар тарапынан берілген тапсырмалардың тиісті деңгейде орындалмайтынын көріп отырмыз. Осы жатақханада тұратын студенттерге тамақты кесте бойынша дайындауға тура келеді, санитарлық нормалар сақталмаған. Жалға берілген екі қабатта тұратын жалға алушылармен бірге тұру үшін тиісті қауіпсіздік ережелері қарастырылмаған. Бір жарым жыл бойы студенттер қашықтықтан оқуда болды, осы уақыт ішінде бұзушылықтарды жоюға болатын еді. Біз қайтадан басшылыққа тиісті хат жіберетін боламыз. Жыл соңына қарай қайта мониторинг жүргізіледі. Біз үшін студенттердің өмір сүруі мен оқуы үшін барынша қауіпсіз және жайлы жағдайларды қамтамасыз ету маңызды», - дейді ол.
Қаржы академиясының жатақханасында жағдай басқаша. Санитарлық талаптар, қауіпсіздік ережелері сақталған. Бірақ ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді, өйткені ол 1969 жылы іске қосылған.
Айта кету керек, жатақханаларға қатысты мәселе ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен бірнеше рет көтерілген болатын.