Жат деректі өзгерту қиын емес

Жат деректі өзгерту қиын емес

Қазір жеке куәлік, мекенжай анықтамасы, неке және үй құжатын компьютер арқылы eGov порталынан аламыз. Ал күні кеше мемлекеттік басқаруды цифрландырудың бұл қызмет түрлерін ресейлік Сбербанк компаниясының платформасына беру туралы айтылды. Алайда олқылығы көп ақпараттық жүйені көрші елге жібергеннен не ұтамыз? Өйткені қазіргі жүйенің өзінен жиі шикілік шығады. Үнемі тексеріп отырмаса, абайсызда әлдебіреуге донор болып кетуің де, өміріңде кездестірмеген адамға «үйленіп» кетуің де ғажап емес.

Танымайтын адам тіркеуде тұрыпты

Былтыр қызылордалық әріп­тесіміз eGov.kz сайты арқылы құ­жаттарын қарағанда бірнеше жылдан бері тұрып келе жатқан үйінде өзі танымайтын басқа адамдардың тіркеуге алынғанын көрген. Осыдан кейін ол электронды үкімет пор­­талына жиі кіріп, өз мәлі­мет­терін ұдайы тексеріп отыратын бол­ған-ды. Енді бір жолы алма­тылық Азат осы сайт арқылы жеке анықтамаға сұраныс жіберген. Алайда өзінің емес, өзге біреудің жеке басының құпиясы болып саналатын анықта­маны жібере салыпты. Астаналық үш баланың анасы Гүлайым Қырықбаева жолдасының атынан eGov.kz сайтына кіріп, қызмет алмақ болады. Алайда электронды үкіметте жолдасының атына бірінші қызы ғана жазылып, қалған екі қызы көрсетілмеген.

Белгісіз әйелмен некелескен

Ал күні кеше Шымкент тұрғы­ны eGov-тан 16 жыл бойы белгісіз әйелмен некеде тұрғанын біліп, өз көзіне өзі сенерін білмеген. «eGov қосымшасынан кездейсоқ көріп қалдым. Смартфоныма электронды үкімет бағдарламасын орнатқан едім. Өзім туралы мәліметті ашып едім 2005 жылы Татьяна Васильевнамен некеге тұрғанымды, тіпті ол әйел менің тегіме жазылып алға­нын білдім», – дейді Алексей Николаевич. Он алты жыл бұрын өзінің сыртынан үйленіп алған әйелдің үстінен шағым түсірген Алексейдің жағдайына ұқсас оқиғалар электронды үкімет базасында жиі болатынын айтқан адвокат Евгений Яворский: «Жа­қында еGov порталы арқылы өз деректерін тексерген адам жүгінді. Сайтты қарап отырып, байқаусызда қайтыс болғаннан кейін донор ретінде ішкі ағзаларды беруге ке­лісім бергенін көзі шалып қалған. Бірақ ер адам іс жүзінде бұл жағ­дайдан мүлдем бейхабар болған, ешқандай құжаттарға қол қойма­ғанын айтады. Алайда сайтта донор болуға келіскені туралы белгі пайда болған. Осы жағдаймен айналыса бастағаннан кейін үлкен шу пайда болды. Көптеген қазақ­стандық ерікті донорлыққа жа­зылмағанын білу үшін электронды үкімет сайтына мақсатты түрде бар­ғанын білемін», – дейді.

Қателік қайталанса, тексерілуі тиіс

Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының кибер­қауіпсіздік бойынша сарапшысы Иван Филько: «Бұл мәселе біздің құзырымызда емес. Бірақ ақпа­раттық қауіпсіздік маманы ретінде айтарым, бұл мәселе жүйенің ақаулығы деп айта алмаймын. 1 миллион адамның арасында бір-екі жағдай болуы мүмкін, бірақ бұл үшін бүкіл жүйенің жұмысына күмән келтіруге ешқандай себеп жоқ. Бұл орайда статистикалық көрсеткіштерге қарап шешім шы­ғарған дұрыс болады. Егер мұндай қателіктер үнемі болса, онда бұл мәселені тексеру керек», – деген пікірін айтты. Оның айтуынша, бұл жерде электронды жүйедегі ке­леңсіздіктен гөрі адамдардың алаяқтық әрекетін байқауға болады. Яғни, қазір азаматтар кез келген құжатты немесе мемлекеттік қызметті онлайн түрде алуына болады. Бұл орайда өтініш беруші басқа адамның электронды кілті арқылы алаяқтық әрекетке баруы мүмкін. Осылай деген Иван Филько «16 жыл бұрын АХАЖ бөлімін­дегі құжаттарды рәсімдеу автомат­тандырылмаған. Мүмкін, бұл әйел шын мәнінде арызданушы адам­ның аты-жөніне ұқсас ер адаммен некеге тұрған болуы да мүмкін. Бізде аты-жөні бір-біріне ұқсас адам көп. Сондықтан бұл мәселені құзырлы орындар егжей-тегжейлі тексеруі керек», – дейді.

Сыбайластыққа сервердің қатысы жоқ

ІT маманы Мейіржан Әуел­ханұлы да бұл олқылықты ақпарат­тық жүйеден емес, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы сыбайлас жемқорлық немесе ЭЦҚ кілті­нің өзге адамдардың қолына тү­суінен көреді. «Осындай жағдайлар бұрыннан қайталанып жатыр. Мысалы, Алматыдағы үлкен жер телімі Шымкенттің арғы жағын­дағы алыс елді мекендегі әйел адамның атына тіркелген. Ол кісі өзінің атында жер телімі мен Алматыда көптеген жылжымайтын мүлкі болғанын Халыққа қызмет көрсету орталығында бір-ақ білген. Осы оқиғада қолында билігі бар, ықпалды тұлғалардың азаматтық үкімет, eGov қызметінде істейтін адамдармен сыбайласа әрекет еткені байқалады. Өйткені бұл жүйенің қателігі емес», – дейді ол. Айтуынша, ақпараттық жүйеде кемшілік жоқ емес. Бір мезетте бірнеше адам сайттың көмегіне жүгінген кезде сервер істемей қалады. Бірақ ақпараттық жүйенің бір адамның атына бүкіл дүние-мүлікті аударып болмаса біреуді біреуге үйлендіріп жіберетін мүмкіндігі жоқ.

Жемқорлықтың иісі шықпайды ма?

Шымкентте шыққан шикілікке дейін де eGov қызметіндегі талай былықтың беті ашылып келеді. Мысалы, қажет болған жағдайда кез келген қызметті оңай алып, керек құжатты қолға тигізуге ма­мандардың өзі мүмкіндік жасап береді. Олай деуімізге себеп көп. Өйткені былтыр Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік сатып алулар саласында заңды жиі бұзатын органдарды атаған кезде дәл осы электронды порталдың біраз былық-шылығын ашып берген еді. Превенция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Айнагүл Кәрі­пова сол кезде бүгінде арнайы электронды жүйе мемлекеттік сатып алулар саласындағы тәртіп бұзушылықтарды онлайн режимде көруге мүмкіндік беретін мемлекеттік органдардың антирейтингі жасалғанын жеткізген. Сол антирейтингте жемқорлық қаупі жо­ғары көрсеткішті «Азаматтарға ар­налған үкімет» АҚ бастап тұр­ғаны белгілі болды. Құзырлы органның берген мәліметінше, 2019 жылы бұл компания 37,7 миллиард теңгеге сатып алу өткізеді. Осы ақшаның 70 пайыз­дан астамы бір көзден тауар мен қызметті сатып алу арқылы иге­рілген. Осы орайда электронды жүйе көптеген тәртіпбұзушылықты анықтап, бағаны артық көрсету жағдайлары бойынша бірқатар былықтың беті ашылғанды. Мә­селен, осы ұйым­ның мамандары А4 форматындағы кеңсе қағазын 1 600-3 800 теңгеге сатып алады. Ал корпорацияның Шымкент қала­сындағы филиалы қағаздың бір бумасын 4 334 теңгеге сатып алса, Түркістандағы филиал тура сондай қағазды 2 700 теңгеге алып жүрген. Бір сөзбен айтқанда, электронды қызметтегі олқылықтың орнын толтыру үшін себепті серверден іздемей, сыбайластыққа қарсы ортақ жүйені қолға алған жөн секілді. Екіншіден, ЭЦҚ кілтінің өзге адамдардың қолына түспеуін ұдайы есте ұстаған дұрыс.

Жадыра МҮСІЛІМ