Жамбылдағы жарылыстың «жарасы»
Жамбылдағы жарылыстың «жарасы»
253
оқылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасының жарылуы бүгін болып, ертең ұмытылар қорқынышты түс емес екенін қалың бұқара ұғынды. Арыстан кейін қайталанып отырған апат өзге өңірдегі ағайынның да үрейін еселей түсті. Еліміздегі әскери бөлімдерге жақын орналасқан ауылдардағы жұртшылық «Жамбылдағы жағдай бізде де қайталануы мүмкін бе?» деген оймен алаңдай бастады. Үкімет өз кезегінде бәрі бақылауда екеніне сендіріп отыр.

Президент Сапарбаевқа қандай тапсырма берді?

Жасыратыны жоқ, Жамбыл­дағы жарылыстың «жарасы» бүгін-ертең жазылмайтыны анық. Себебі екі жыл бұрын болған Қордай қақтығысынан жұрт енді есін жия бастағанда бұл апат «жығылғанға жұ­дырық» болды. Оған қоса, әлем­дік пандемия аға­йынды әбігерге салып, өлім-жітім көбейіп жатқан­да жұрт не істерін білмей абдырап қалды. Әсіресе, әскери бөлімге жа­қын орналасқан Қайнар ауы­лының тұр­ғындары қираған үйлері қайта қалпына келтірілгенше «шатырда» түнеп, Үкіметке үмітті көзбен қарап отыр. Бейсенбі күні Жамбыл облы­сы­ның әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март То­қаев­қа телефон арқылы есеп беріп, апат салдарымен күресу жұмыстарын баян етті. Аймақ бас­шысының есебіне сүйенсек, жары­лыстан 106 тұрғын үй, 12 ком­мер­циялық, 4 әлеуметтік нысан, бар­лығы 122 жылжы­майтын мүлік за­қымданған. Осы нысандарды қал­пына келтіру үшін 12 мекеме, 23 техника және 185 жұ­мысшы жұмылдырылған. Бердібек Маш­бек­ұлы Пре­зидентке қазір 62 тұр­ғын үй жөнделгенін, ал жалпы қал­пына келтіру жұмыстары 10 қа­ра­шаға дейін аяқта­латынын мә­лім­деді. Ал Жібек жолы ауылын­дағы қира­ған №5 орта мектептің орнына жаңа білім нысаны салынбақ. Жаралыларға келсек, 26 адам стационарда емделіп жатыр. Олар­дың 15-і әскери госпитальде. Ем­де­ліп жатқандар төтенше жағдай­лар, полиция қызметкер­лері мен әскерилер екенін айтты.

Жаралылардың санынан кім жаңылып отыр?

Жалпы, төтенше жағдай бол­ғанда статистика «сүрініп», сандар сандырақтап кететіні бар. Көп жағдайда мамандар жаралылар мен қаза тапқандардың нақты са­нына жете алмай жатқанда осын­дай келеңсіз­діктер болады. Жам­был облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Президент алдында есеп бергеннен кейін де осындай кикілжің туды. Көпшілік ауруха­нада жат­қан жаралылардың саны облыс әкімі Мемлекет бас­шысына берген есебіндегі сандар мен ар­найы құрылған штаб таратқан ақ­паратпен сай келмейтінін алға тартып, шулап кетті. Тіпті, «Са­парбаевты әдейі саннан жаңыл­дырды» дегендер де табылды. Алайда «Оңтүстік» өңір­лік қолбас­шылығының баспасөз қыз­меті жарылыстан кейін 22 сарбаз әске­ри госпитальге, ал 10 адам қалалық ауруханаға түскені туралы толық­тыру берді. Әскерилер қатарында қаза тапқандардың саны алтау. Кіші сержант Бауыржан Даутбаев із-түссіз жоғалғандардың қатарын­да. Ал қалалық ауруханада жатқан сарбаздардың барлығы әскери госпитальге көшірілген. Дәл қазір әскери емханада бес адам ем қабылдап жатыр. Оның үшеуі «Оң­түстік» өңірлік қолбасшылығының сар­баздары болса, екеуі әскери прокуратураның қыз­меткерлері. Бір сарбаз жара­қатына байланысты шұғыл түрде Алматы қаласындағы әскери ауруханаға ауыс­тырылған. Міне, осындай анықтама берген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылы­ғының баспасөз қыз­меті өздерінің салаларына қатысты жаралылар мен қаза тапқандардың саны нақты екенін көрсетті. Ал облыс әкімінің есебіндегі сандар мен арнайы құрылған штабтағы мәлі­меттің сәйкес келмейтініне қатыс­ты облыс әкімдігі әзірге ресми ақпарат берген жоқ.

Өрт сөндірушілер ескі жабдықтармен жұмыс істеуге мәжбүр

Байзақтағы жарылыстан кейін түрлі сала маман­дары ойын ортаға салып, пікір білдірді. Ал Сенат депутаты Бекболат Орынбеков қайғылы оқиғаға қатысты төтенше жағдайлар қызметінің осал тұста­рын анықтағанын айтып, сала жұ­­мысын қатаң сынға алды. Депу­таттың сөзіне сүйенсек, қала мен облыстағы өрт сөндіру станса­ларының саны, сондай-ақ кезекші қа­рауылдың жауынгерлік есебі мен жеке құрамының штат саны нормаға сай келмейді екен. Сон­дай-ақ се­натор өрт-құтқару тех­никасы мен жабдықтарды са­тып алуға ақшаның бөлінбеуінен құт­қа­рушылар ескі жаб­дықтармен жұ­мыс істеуге мәжбүр болғанын айтады. «Жамбыл облысында өрт сөн­д­іру қызметінің автотехника паркі 136 дананы құрайды. Баланста бар автокөліктің 26-сы ескірген тех­ника, оның пайдалану мерзімі 20 жылдан асады. Бұдан басқа, Бай­зақ ауданында төтенше жағдайды жою кезінде 18 дана өрт сөндіру тех­никасы жарамсыз болып қал­ғанын атап өту қажет», – дейді Бекболат Орынбеков. Осылайша, ойын өріп, пікірі мен пайымын біл­дір­ген сенатор төтенше жағдайлар қызметіне түбе­гей­лі талдау жүргізіп, жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды.  

P.S. Әрине, «байыбына бармай байбалам салудан» аулақпыз. Алайда Байзақтағы жарылыс біраз мәселені су бетіне қалқып шығарғаны анық. Енді бұдан ел Үкіметі қандай сабақ шығаратыны белгісіз. Бір анығы, еліміз әскери қоймаларға келгенде төтенше жағдайға дайын емес екенін екінші мәрте көрсетіп қойды. Ендігі тілек жамбылдықтар бастан кешкен жағдайды өзгелер көрмесе игі...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы