Театр жаңа маусымға дайын, көрермен ше?
Театр жаңа маусымға дайын, көрермен ше?
466
оқылды

«Балапанды күзде санайды» демекші, күз айында театрлар да жаңа маусымын бастайды. Пандемия барлық салаға оңай тиген жоқ. Кинотеатрлардың дені жабылып қалды. Театрға да көрермен көп бара бермейді. Өйткені шектеу бар. Шектеу болмаса, дерт жұқтырып алу қаупі туындайды. Көрерменсіз театр – театр емес. Ендеше, биылғы маусымда карантин талаптары қалай сақталмақ? Бұл шектеу театр, мәдениет үйлеріне зиянын тигізбей ме?

Пандемия салқыны еліміздегі театр, мәдениет үйлеріне салқы­нын тигізбей қойған жоқ. Бүкіл театр атаулы дағдарыстан шы­ғудың, көрерменмен байланыс жасаудың жолдарын жан-жақты қарастырып, онлайн форматқа көшкен-ді. Тіпті, осы саланың жі­лігін шағып, майын ішкендер­дің өзі бұл ретте театр майталманы қанша жерден онлайн сұхбаттар мен спектакльдер ұсынылып жатқанымен, мұндай біржақты ұстанымның соңы көрерменнен ажырап қалу қаупін туғызбай қоймайтынын, көпшіліктің са­насында «Қойылымды интернет арқылы көретін болсақ, онда театрға барып, әуре болудың қа­жеті қанша?» деген ойдың алға озатынын жеткізген еді. Олардың уайымы «көрермендер каран­тиннен кейін онлайн спектакль­дерге әбден үйреніп ала ма?» дейді. Театр сандық форматқа өтуі керек екенін ешқайсысы жоққа шығармайды. Ендеше, қауіп неде? «Егер сандық фор­матқа көшетін болсақ, спектакль­дің 70 пайыз сапасы жоғалады. Көпшілік көрермен қойылымның тек сюжетімен ғана танысып, үс­тіртін мағлұмат, жансыз әсер алуы мүмкін. Себебі театр өнері – көрермен мен актер өзара энергия алмасатын орын» екенін айтып отыр театр майталмандары.

КӨРЕРМЕН АЗ БОЛСА ДА, ЖҰМЫС ІСТЕДІ

Жаңа маусымда бұл мәселе қалай шешімін таппақ? Алма­тыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театры биылғы 76 маусымның шымылдығын «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклімен аш­пақ. «Біздің театрда карантин талаптары сақталады. Көрерменге шектеу бар. 30-40 пайызға ғана рұқсат етілген. Аз көрермен болса да, театр жұмысын тоқтатқан жоқ» дейді баспасөз қызметі. Көрермен де театрдан қол үзіп кете алмайды. Уақыт талабына қарай сандық форматқа көшу де қажет шығар. Бірақ ол көрерменге эстетикалық ләззат сыйлай ал­масы анық. Мұхтар Әуезов атындағы ака­демиялық драма театр директоры­ның шығармашылық жөніндегі орынбасары, белгілі актер Жалғас Толғанбай: «Эпидемиологиялық ахуалдың құбылмалы болуына байланысты дәл қазір әлдене деп айту қиын. М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры 96-мау­сымын 13-қазанда М.Әуе­зовтің «Абай» спектаклімен ашу­ды жоспарлап отыр. Көрермен­дерімізді осы күні күтеміз. Кез келген жағдайда Қазақстанның, соның ішінде Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің қаулы­сына сай әрекет етеміз» деп отыр.

Актерлер де сах­наны сағынады. Олар да қалыптан шығып кетпеуі керек. Сол үшін де театр қойылымын тоқтатқан жоқ. Әрине, көрермендер санына шек­теу қойылды. Тіпті, кейде бұл шектен асып кетсе, үйлеріне кері қайтарған кездер де болыпты.

Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академия­лық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Ернар Жұ­матаев театр маусымын ашу 1 қазан күніне жоспарланып отырғанын айтты. «Репертуарды бекіттік. Әзірге көрерменге апта­сына 4 күн (сәрсенбі, бей­сенбі, жұма, сенбі күндері) қойылым­дарымызды ұсынамыз. Қазан айының 20-21 күндері И.Штраус­тың «Жарқанат» музыкалық ко­медиясының тұсауы кесіледі. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұ­маниязов. Кезінде көрерменнің көңілінен шығып, бірақ деко­рациялардың жарамсыздығына байланысты репертуардан алы­нып тасталған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын да қара­ша айынан көрерменге қайта ұсынуды жөн көрдік. Жаңа мау­сымда біздің театр сахнасында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық бала­лар мен жасөспірімдер театры да өнер көрсетеді. Алматыдан гас­троль­дік сапарға келетін театр ұжымы елордалық көрерменге 15-17 қазан күндері өз қойылым­дарын ұсынады.Тәуелсіздікпен құрдас біздің театр ХХХІ мау­сымын ашқалы жатқанымен, қараша айында 30 жылдығымызды атап өтуге ниет бар» дейді. Театрда екі бірдей зал. Үлкен зал 600 орын­ға, кіші зал 200 орынға есеп­тел­ген. «Талаптар сақталады. Қа­зіргі санитарлық талаптарға сәй­кес, әрбір залдың тек 30 пайы­зын ғана көрерменге толтыра аламыз. Жұмыс күндері қойы­лым­дарымызға «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар, ал демалыс күндері тек «жасыл» мәртебесі бар көрерменді ғана кіргіземіз. Осы талап театр ұжымына да қойылған», – дейді директор.

АКТЕРЛЕР САХНАНЫ САҒЫНАДЫ

Өткен жылы карантин күшей­генімен, театрлар жұмысы тоқта­ған жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтан­дағы Жастар театры қызметкер­лерін 20 пайызға дейін шектеген кезі болыпты. Аз болса да, қойы­лымдарды тамашалауға көрер­мендер келеді. Актерлер де сах­наны сағынады. Олар да қалыптан шығып кетпеуі керек. Сол үшін де театр қойылымын тоқтатқан жоқ. Әрине, көрермендер санына шек­теу қойылды. Тіпті, кейде бұл шектен асып кетсе, үйлеріне кері қайтарған кездер де болыпты. Бұл бір жағынан көрерменнің дерт жұқтырып алмауының алдын алу болса, екінші жағынан – театрдың да жұмысын тоқтатпау. Осыдан бір жыл бұрын эпидемиялық ахуал күшейген тұста Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ» театрының көркемдік жетекшісі, профессор Құралай Ешмұратова «карантин жалғаса беретін болса, «Қуыршақ» театрына қолдау қажет болады» деген екен. Оның себебі де бар: онлайн форматта спектакль көрсету үшін арнайы құрал-жабдық керек. Өйткені қуыршақтар камераға арналып жасалмаған. Театр жетекшісі «Біз кішкентай көрермендерімізді жоғалтсақ, драманың да керегі болмай қалады. Себебі олар ең алдымен осында театр өнеріне тәрбиеленеді. Театр бесігі – қуыр­шақ театры, бесікті сақтауымыз керек» деген еді. Бұл – ірі мегаполистегі жағ­дай. Аймақтағы театрлар да тоқ­тап қалса, әртістері де жұмыссыз қалары белгілі. Сол себепті де карантин талаптарын сақтай отырып, аз көрермен келсе де, театрдағылар «жұмысты тоқтат­пау керек» деп отыр.

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚЫСҚАРҒАН ЖОҚ

Карантин кезінде қуантарлық тағы бір жағдай – театр қызмет­керлерінің қысқармауы. Соған сай жалақылары да уақытылы төленіп тұрды. Әртістердің көбі өз үйінде дайындалды. Себебі әртістердің бабында болуы өте маңызды. Күнделікті онлайн ре­жимде кездесіп, режиссер мен әртістер арасында тығыз қарым-қатынас болғаны рас. Шынымен де пандемия кезеңінде мәдениет және спорт нысандары көп жос­парын өзгертуге мәжбүр болды. Жоспарланған шаралардың көп­шілігі жаңа әрі тосын форматта өткізілді. Өйткені мәдениет, сонымен қатар спорт мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейтін барлық қызметкер жалақысын, мемлекеттік кепілдік беретін преференциясын сақтап қалды. Пандемия уақытында театр­лар тоқырап қалмады ма деген сауал туындайтыны сөзсіз. «Театр­лар тоқырап қалған жоқ, кейбірі тіпті түрленіп келеді. 2020 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театры мен «Астана Опера» опера және балет театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының рейтингі­сін­де үздік 5 опера және балет театр­ларының қатарына енді. Қазақ­станның екі театры: Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма-театры мен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрына Үкіметтің қаулысымен «Академиялық театр» мәртебесі берілді. Өткен жылы Нұр-Сұл­тан қаласында Қ.Қуанышбаев атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көш­ті», – дейді Мәдениет және спорт минис­трі­нің кеңесшісі Ер­лан Жұрынбаев. Бір нәрсе анық: пандемия кезінде әртістердің үйде отыруы шығармашылық ұжым өмірін, премьералар мен фестивальдер кестесін өзгертті. Жаңа маусым театр қауымы үшін ешқандай кедергілерсіз, мамыражай қа­лып­та басталады деген үміт басым. Әртістер мен көрерменнің қауы­шатын күні алыс емес. Лайым, солай болғай!

Айым БЕКТҰР