Еліміздегі инженерлік желілердің қай-қайсысының да жетісіп тұрғаны шамалы. Барлығы да жартылай тозған. Соның ішінде ең қатты тозғаны электр желілері. Биылғы мәлімет бойынша, мұндағы ток тасыған бағана-сымдардың орташа тозуы 65,4% болған. Ал салыстыру үшін айтар болсақ, өзге инфрақұрылымдардан: жылумен жабдықтау – 59%, сумен жабдықтау – 50%, су бұру 56%-ға ескірген екен. Бұл жағдай еліміздегі электр энергиясының тарифіне кері әсер етіп тұр. Өйткені тозған дүниені жаңалау үшін монополистер сәті түссе, бағаны өсіруге дайын тұрады. Биыл күзде де кезекті рет баға көтерілмек.
Тозумен қатар тапшылық болжануда
Энергетика министрлігі электр желілерінің тозуын ең бірінші кезекте олардың ескілігімен байланыстырады. Көп бөлігі 1970 жылдары пайдалануға берілген бұл инфрақұрылымның өндірісте тұрғанына 50 жылға жуықтаған. Мәселен, тозу үлесі жағынан ауыр жағдай Шығыс Қазақстан (81%), Батыс Қазақстан (80%) және Қостанай (74%) облыстарында қалыптасып отыр. Оларды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, бұл тым мардымсыз. Бес жылға бекітілетін табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары тек тозу деңгейін төмендету шараларын ғана қарастырады екен. Яғни, тек әр-әр жердегі бөлшектерін ауыстырумен шектеледі. Одан әріге ақшалары жоқ. Өз кезегінде Энергетика министрлігі 2017-2021 жылдарға арналған жылу және электр энергетикасын дамытудың Стратегиялық жоспарында 230,3 млрд теңге қарастырған екен. Соның ішінде 2018 жылға – 82 млрд, 2019 жылға – 61,2 млрд, 2020 жылға – 46 млрд, 2021 жылға 41,1 млрд теңге бөлінген. Бірақ бұл стратегияның да дәрменсіздігін уақыт көрсетіп отыр. «Бүгінде қолда бар электр қуаты 19 700 МВт. 2020 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру 108,1 млрд кВт/сағат болған. Оның ішінде, елде тұтыну – 107,23 млрд, экспорт – 866,121 млн кВт/сағат. Ал биылғы жеті айда 66,2 млрд кВт/сағат ток өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,75%-ға артық. Тұтыну көлемі 5,73%-ға, яғни 65,4 млрд кВт/сағатқа дейін өскен. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда солтүстік өңірде тұтыну 6%-ға, оңтүстікте 10%-ға және Батыс Қазақстанда 2%-ға артты. Министрліктің 2021-2027 жылдарға арналған электр энергиясының бекітілген болжамды теңгеріміне сәйкес, еліміздің Бірыңғай энергетика жүйесінде 2027 жылдан бастап базалық электр қуатының 898 МВт көлем шамасында тапшылығы болжанып отыр», – делінген Энерге-тика министрлігінің хабарламасында. Әйтсе де, мамандар бүгінгі күннің өзінде-ақ 1000 МВт көлемінде реттеу қуатының тапшылығы сезіліп отырғанын айтады. Оның үстіне, электр тұтынудың орташа көрсеткіші 2,4%-ға артқан. Мұның барлығы еліміздегі майнинг фермаларын орналастыру шараларымен байланысты болуы мүмкін. Өйткені Қазақстан биыл сәуір айында әлемдегі майнинг өндірудегі үлесі 8,2%-ға жетіп, Қытай мен АҚШ-тан кейін үшінші орынға шыққан болатын.Мемлекеттен көмек жоқ
Мамандар еліміздің электр желілері кешеніне соңғы 15 жылда қажетті инвестициялардың болмауы олардың технологиялық жағынан да, жарақтануы жағынан да өте қатты тозуына алып келді деп санайды. Бұл саланың дамуына арнайы мемлекеттік бағдарламалардың болмауы да үлкен кедергі болып отыр. Мәселен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында жекеменшік электр желілері компанияларын реконструкциялау міндеттері қарастырылмаған. Сол себептен де, бұл салаға мемлекеттен бір тиын да бөлініп отырған жоқ. «Кеңес кезінен қалған ескі инфрақұрылымға өте мұқият қарау керек. Бүгінде олар толықтай алмастыруды қажет етіп тұр. Еліміздегі жиілеп кеткен жарықтың сөніп қалу оқиғалары, электрмен жабдықтаудың тұрақсыздығы қоғамда үлкен наразылық тудыратынын ұмытпау керек. Оны жергілікті компаниялар да, атқарушы органдар да дұрыс түсініп отыр. Сондықтан да мен келесідей шараларды қабылдауды ұсынамын: еліміздегі бірқатар энергокомпаниялар бастама көтеріп отырғандай, электр желілерін реконструкциялауды «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізу керек немесе жаңадан ұлттық бағдарлама қабылдау қажет. Бүгінгі тығырықтан шығудың одан басқа жолы жоқ. Мамандардың есептеуінше, тозу деңгейі 80%-ға жетіп тұрған бір өңірдегі электр желілерін толықтай модернизациялау үшін алдағы 5 жылда 80 млрд теңгеден астам қаржы керек екен. Бұл ең аз дегенде қажет етілетін қаражат. Өйткені мен мұнда жұмысшылардың еңбекақысын көтеру, арнайы техникалар паркін жаңарту шығындарын қосып отырған жоқпын», – дейді «Қазақстан энергетика қауымдастығының» еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев.Тариф тығырыққа тіреп тұр
Осы уақытқа дейін бұл мәселенің бір шешімі ретінде тариф мөлшерін көтеру мүмкіндігін қарастырып келген болатын. Тек пандемия уақытында тыйым салынғаны болмаса, сәуір, қазан – баға саясатын қайта қарайтын айлар. Соңғы рет елімізде биыл қаңтар айында таратушы компаниялар үшін, ал сәуір айында өндіруші компаниялар үшін тариф өсті. Бірақ ендігі кезекте жағдайдан шығу үшін тарифтің өзі де көмектеспейтін сияқты. «Тариф дегеніміз шындығында тұтынушыларды да, өндірушілерді де тұйыққа тіреп тұр. Өйткені тарифті көтеру үшін қондырғылар мен жабдықтарды қалыпты жағдайға әкеліп, жолда ысырап болатын шығындарды азайту керек. Ал оларды жөндеу үшін компанияларға қаражат керек. Ондай ақшаны олар тек тарифті көтеру арқылы ғана таба алады. Биылдан бастап көптеген энергокомпаниялар үшін шектік тариф қолданыла бастаған еді. Бірақ өкінішке қарай, негізгі қорды жаңалауға ықпал етіп алып отырған жоқ. Ал тұтынушылар қымбат тарифті уақытылы төлегенімен, жиі жарық өшіп, электр қуаты айырылып, лайықты қызмет ала алмай отыр. Сондықтан да электр желілерін түбегейлі ауыстыру керек», – дейді Haırýshev energy Telegram каналының авторы, белгілі энергетик Жақып Ғалиұлы. Мамандардың айтуынша, егер тозып тұрған электр желілеріне тезірек модернизация жасалмаса, тез істен шығып, салдарынан энергия тапшылығы күрт өсуі мүмкін. Ал апатты құрал-жабдықтардан жолда жоғалатын ресурс шығындары артып, бұл айналып келгенде тарифке қайта мінбек. Бұл – бар салмақ тағы да тұтынушының қалтасына түседі деген сөз.Нұрлан ҚОСАЙ