Баспана неге қымбат?
Баспана неге қымбат?

Қазақстанда баспана бағасы жыл басы­нан бері 11,6 %-ға қымбаттаған. Бі­рақ бұл қым­батшылық нарықтағы жыл­жымайтын мү­лікке деген шынайы сұранысқа қарай емес, құрылыс ком­панияларының бағаны қол­дан әдейі ұйым­дастырған әрекетіне ұқ­сайды.

Республиканың жылжы­май­тын мүлік на­рығы жыл­дан-жылға үздіксіз ұлғайып келеді. Еліміздегі құрылыс компаниялары жыл са­йын жалпы ауданы орташа алғанда 2 миллион шар­шы метр болатын тұрғын үйді пайдалануға бере­ді. Сонымен қатар баспана­ның ба­ғасы да уа­қыт өткен сайын еш те­жеусіз қым­баттап барады әрі ешқандай сарапшы бо­ла­шақта тұрғынжай­лардың құны арзан­дай­ды деп айта алмайды.

Сатылым бағасы өзіндік құнынан бірнеше есе қымбат

Баспананың қымбатшылығы туралы сөз болғанда құрылыс­шы­лар мұны үйдің өзіндік құнының, нарықта материалдар мен металл бағасының, тасымалдау қызметінің өсуімен, басқа да жанама фактор­лардың әсері болғанымен түсін­діруге тырысады. Осыдан бес жыл бұрын, яғни ипотекалық несиелеу бағдарла­малары мен «Тұрғынүйқұ­рылыс­жи­нақбанк» АҚ ипотекалық бағ­дарла­масы іске қосылғанға дейін, 2017 жылы елі­мізде жаңадан са­лынған тұрғын үйдің әр шаршы метрінің өзіндік құны 109,2 мың теңге болғанда, халыққа 253,2 мың теңгеден сатылды. Яғни, үйдің на­рықтық бағасы өзіндік құнынан 2,32 есе артық есептелген. Құры­лыс компаниялары осы үстеме бағаны үздіксіз өсіріп отырған. 2018 жылы мемлекеттің арала­суымен тұр­ғын үйдің әр шаршы метрінің өзіндік құны ептеп ар­зандап, 104,8 мың теңгеге дейін тө­мендеді, бірақ соған қарамастан оның нарық­тағы бағасы әр шаршы метріне 266,9 мың теңгеге дейін өсті. Яғни, өзіндік құнынан 2,55 есе қымбатқа сатылған. 2019 жылы жаңа үйлердің шаршы метрінің өзіндік құны 106,2 мың теңгеге жеткенде, нақты сатылым бағасы 293,6 мың теңгеге көтерілді. Сөй­тіп бұл үйлер халыққа нақты баға­сынан 2,75 есе қымбатқа сатылған. 2020 жылы азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы қорын­дағы «артық» жинақтарын алуға рұқсат беріл­генде, құрылыс компаниялары осыны сылтау етіп баспана бағасын тағы да күрт көтеріп жіберді. Былтыр әр шаршы метрдің өзіндік құны 122,1 мың теңге болды, ал үйдің нарықтағы бағасы әр шаршы метріне 307,6 мың теңгеге дейін өсті. Яғни, 2,52 есе қымбат. Бұл коэффи­циент 2021 жылы да ұл­ғайды. Биыл жаңадан салынған үйдің әр шаршы метрінің өзіндік құны 125 мың теңгеге, сатылым бағасы 339,9 мың теңгеге баға­ланды. Баспана бағасы нақты құ­нынан 2,7 есе қымбатқа сатылған. Жоға­рыдағы мысалдардан құры­лыс компания­ларының өздерінің табыстарын жылдан-жылға еселеп көбейтіп отырғанын көреміз.

Үйдің бағасын көтеруге еш негіз жоқ

Әлбетте, нарықтың өз заңы бар: тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілер оның бағасына әлдеқандай мөлшерде өздерінің кіріс сомасын да қоса есептейді. Бұл жылжымайтын мүлік нары­ғына да қатысты. «Тұрғын үйді салған кезде ке­ле­сідей шы­ғындар есептеледі: құрылыс материалдарының құны, жұмысшылардың жалақысы, жер учаскесінің бағасы және тағы сол сияқты. Осы факторлар үйдің түпкілікті бағалауына енгізіліп, әр шаршы метрдің өзіндік құнына әсер етеді. Сол арқылы еліміздегі үй бағасының қанша­лықты шы­найы екенін және құрылыс мате­риалдарының қымбаттауы оған қаншалықты әсер еткенін анық­тауға болады», – дейді жылжы­май­тын мүлік нарығы бойынша тәуел­сіз сарапшы Ерғазы Мұсатаев. Оның айтуынша, тұрғын үй­лердің өзіндік құны болмашы өскен жылдарда да құрылыс­шылар нарықтағы бағаны тым шарық­татып жіберген. Мұны өткен жыл­дардың статистикасы нақты көр­сете алады. Бұл өз кезегінде қайта­лама нарықтағы және баспананы жалға беру нарығындағы бағалар­дың артуына итермелейді. Сон­дықтан қазіргі тұрғын үйлердің ба­ғасы тым қымбат бағаланған. Егер шағын қалаларда ол біршама тұрақты деңгейде тұрса, ірі қала­лардағы жылжымайтын мүліктің бағасы ұдайы артып келеді. бвспана «Алпауыт құрылыс компания­ларының қолайлы жағдайды пай­даланып, бағаны ойнату арқылы баю үстіне байи түскен. Ал жаңадан салынған үйлердің қымбаттауы құрылыс материалдары құнының өсуінен де жоғары мөлшерде өсі­ріліп көрсетілген. Яғни, ол жыл­жы­майтын мүліктің түпкілікті құ­нына дәл қазіргі деңгейдегідей қат­ты әсер етті деуге еш негіз жоқ», – деді Ерғазы Мұсатаев. Естеріңізге сала кетейік, елі­міз­де «Нұрлы жол» және «Бәйте­рек» бағдарламалары шеңбе­рінде құрылыс жұмыстары жүргізіле бас­тағанда компания басшылары Үкі­меттен жыл­жы­майтын мүліктің бағасын кө­теруді сұраған болатын. Құрылысшылар ода­ғының мәлім­деуінше, бұл қадам құрылыс ма­териалдарының қымбат­шылығына байланысты тұрғын үй тапшылы­ғының алдын алып, бағаның одан ары бейберекет шарықтап кетуіне жол бермейді деген уәжді көлденең тартқан. Алай­да Сәулет және құрылыс ғы­лыми-зерттеу институты сарапшы­ларының айтуынша, арматура 30-40%-ға қымбаттағанда ол үйдің өзіндік құнының тек 2-3%-ға өсуі­не әсер ететін көрінеді. Басқа құрылыс материал­дары туралы да осыны айтуға болады.

Мамандардың болжамы көңіл көншітерлік емес

«Коронавирус пандемиясы бас­талғанда теңге бір сәтте құнсыз­данып, ол жылжымайтын мүлік нарығын дағдарысқа ұшыратты. Алайда мемлекет құрылысшыларға шекті режимде жұмыс істеуге рұқсат бергендіктен құрылыс тоқ­таған жоқ, компаниялар карантин кезеңінде қатты шығынға ұрын­бады. Есесіне, карантин алынған­нан кейін құрылыс ауқымы да едәуір артып, үй сатылымы, тіпті еселеп ұлғайды. Ал болашақта жыл­жымайтын мүлік бағасының қымбаттауы немесе арзандауы бірқатар шарттарға байланысты болмақ: сұраныс, ұсыныс, қар­жылық құралдардың қолданылуы және үйдің өзіндік құны. Сон­дықтан оны дәл қазір тап басып айтуға болмайды», – деді BI Group сарапшысы Дәурен Айткенов. Ал Қазақстан жылжымайтын мүлік феде­рациясының президенті Ермек Мүсіреповтың айтуынша, элит, бизнес және комфорт сана­тындағы үйлердің құрылысында импорттық материалдар біршама көп болғандықтан, алдағы уақыт­тарда олардың қымбаттай түсуі ықтимал. Ол доллар мен теңге ба­ғамының арақатынасына да бай­ланысты. Ал енді, эконом санат­тағы үйлердің қымбаттауына еш негіз жоқ. «Себебі бұл үйлерге қатысты барлық мәмі­лелер мемлекеттік бағ­дарламалар шеңберінде суб­сидияланған ипотекалық несиелер негізінде жүзеге асырылады. Ол екінші деңгейлі банктер мен тұр­ғын үй бағдарламаларының опе­ра­торлары арқылы беріледі. Оның үстіне эконом санаттағы үйлердің құрылыс материалдарының 80%-ы отандық өнімдер. Сондықтан эконом санаттағы жылжымайтын мүлік жасанды түрде қолдан қым­баттатылған. Қазірдің өзінде бұл үйлер нақты құнынан 5-10 мил­лион теңгеге жоғары бағалан­ған», – дейді Ермек Мүсірепов. Көп жылдар бойы үй сатылы­мымен айналысып жүрген риэлтор Әйгерім Қаспақова Үкімет зейнет­ақы қорындағы «артық» ақшаны алуға рұқсат берген сәттен бастап баспана құнының күрт өскенін айтады. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығындағы сауда-саттық операциялары жазғы мерзімдерде «ұйқыға» кетіп, күзден бастап жаңа жылға дейін қайтадан «тірілетінін» жеткізді. Риэлтор доллар бағасы көтерілгенде сатушылар сонымен бірге үй бағасын да бірден көтеріп жібереді дейді. Қымбатшылыққа қарамастан жылжы­майтын мүлік нарығында эконом санаттағы үйлерге деген сұраныс толастамайды. Өйткені баспанаға мұқтаж халық басқа амалы қалма­ғандықтан осы қым­бат тұрғынжайларды сатып алуға мәжбүр. Себебі біздің елде бас­панаға мұқтаждық өте үлкен. Ин­дустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде республикада 1,5 миллион адам баспанаға зәру, одан бөлек 25 мыңға жуық отбасы тозығы жеткен, пайдалануға жа­рамсыз апатты үйлерде тұрып жатыр.

Дәулет АСАУ