Айдың-күннің аманында Ақмола облысы Аршалы аудандық ауруханасынан коронавируспен ауырып шыққан әйел ұшты-күйлі жоғалды. Туған-туыстары, аудандық полицияның жеке құрамы, сондай-ақ еріктілер бірнеше күн бойы табанынан таусыла іздегенімен, еш нәтиже болмаған. Марқұмның денесі араға үш күн салып, Аршалы кентінің маңындағы талдардың арасынан табылды.
Туыстарының айтуынша, жасы алпыстан асқан егде адамды дәрігерлер жақындарына хабарламастан, ауруханадан шығарып жіберген. Ал аудандық аурухана дәрігерлері науқасты шығаратындарын марқұмның туыстарына алдын ала хабарлағандарын айтып, ат-тонын ала қашып отыр. Хазиман Асқарқызы – Шортанды ауданы Жолымбет ауылының тұрғыны. Ұлы Жәнібек Айдаубайдың айтуынша, 21 тамыз күні Шортанды аудандық ауруханасының қызметкерлері өздерінде емдей алмайтынын айтып, коронавируспен ауырған адамды Шортандыдан Аршалыға жедел жәрдем көлігімен жөнелткен. Білдей бір аудан орталығында неге науқастың қабылданбағанын білмек болып, Шортанды аудандық ауруханасына хабарластық. Аурухананың бас дәрігері туыстарына коронавируспен ауырған адамды емдейтін арнайы орындардың, тіпті дәрігерлерінің де жоғын айтты. «Санитарлық нормаларға байланысты біздің ауруханада коронавирус науқастарын қабылдайтын бөлім ашуға рұқсат берілген жоқ. Құрылыс нормалары және ережелеріне сәйкес келмейді екен. Сонымен қатар бізде инфекционист және реаниматолог дәрігерлер де жоқ. Науқастарды Ақкөл, Аршалы және Көкшетау қалаларына жібереміз. Бұл жолы да науқасты терапевт дәрігер Нүрия Туғанбаева мен Наталья Кулыгина есімді екі дәрігер Аршалыға апарып, аурухана дәрігерлеріне тапсырып, жатқызып кетті. Бізден ешқандай ағаттық болған жоқ», – дейді Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері Руслан Дүйсенұлы. Ал марқұмның ұлы анасының өліміне Аршалы аудандық ауруханасының ұжымы тікелей себепкер болғанын айтып отыр. «Анамыздың қайғысы бәрімізді қатты есеңгіретіп кетті. Шортанды аудандық ауруханасы коронавируспен ауырғанын анықтап, өздерінде емдей алмайтынын айтып, жедел жәрдеммен Аршалыға жеткізді. Анам Аршалы аудандық ауруханасына барғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, үш күн бойы жансақтау бөлімінде комаға түсіп, оттегі аппаратына қосылған. Үш күннен кейін инфекциялық палатаға ауыстырылыпты. Қал-жағдайын білмек болып соңғы күндері хабарласқанымызбен, еш ала алмай қойдық. Кезекші бөлімге де телефон шалып, анамның орысшаға шорқақ екенін айтып, телефонын қуаттап беруін өтіндік. Бірақ еш хабарсыз қалдық. 6 қыркүйек күні бізге еш ескертпестен, ауруханадан шығарып жіберіпті. Сағат төртке таман халін білуге барғанда үш сағат бұрын шығарғандарын айтты. Жауапкершіліктен жұрдай аурухана қызметкерлері комаға түсіп, ес-түсінен айырылған адамды қалайша жалғыз жіберді? Жолдың жиегінде тұрғанын бір адам көрген. Бірақ одан кейін қанша іздегенімізбен, сол күйі таба алмай, енді, міне мәңгіге айырылып отырмыз», – дейді марқұмның ұлы Жәнібек Айдаубай. Сөйтіп, үш күн бойы қырыққа жуық адам іздеген әйел орманның арасынан өлі табылды. Ал науқасты ауруханадан шығарған аурухана басшылығы оның ақыл-есі дұрыстығын әрі туған-туысқандарына хабарлағандарын айтып ақталып отыр. «Науқастың туған-туыстарына жұма күні дүйсенбіде ауруханадан шығарылатыны ескертілген. Жансақтау бөлімінде оттегінің төмен сатурациясы болып, оттегі аппаратына қосылып жатты. Бірақ ол комада болған жоқ. Есін біліп, сөйлеп жатты. Үш күннен кейін инфекциялық палатаға ауыстырылған. 6 қыркүйек күні емдеуші дәрігер Әйгерім Айғожа тексеріп, сағат 13.00 шамасында шығарылатынын айтқан. Бұл туралы туған-туысқандарына хабар берілді. Сағат бірде шығарылғанымен, баласын күтетінін айтып, палатасында жатқан. Асханаға барып тамағын да ішкен. Ешқандай ауытқу белгілері болған жоқ. Ал сағат 14.15-те баласы келгенін мейірбикеге айтып, ол есікке дейін пакетін көтеріп шығарып салды. Үш күн бойы іздеу шараларына аурухана ұжымы да белсене атсалысты. Бүкіл орман-тоғайлар, көшелердің бәрін түгел шолдық», – дейді Аршалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Альбина Николаевна. Оқиға бойынша Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшыларымен тілдестік. Екі органның жауабы бір жерден шықты. «Қайғылы оқиғаға байланысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жұмыс тобын құрып, оған біздің департаменттің орынбасары да кірді. Қазір басқарма басшысы мен департамент орынбасары бастаған топ Аршалы ауданында тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Туған-туысқандарынан департаментке ешқандай шағым түскен жоқ. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлығы тексеріс аяқталған соң белгілі болмақ», – дейді департамент басшысының орынбасары Сүлеймен Увалиев. Оқиға бойынша Ақмола облысы Полиция департаментінен де ресми түсініктеме беруін сұрадық. Баспасөз қызметінің мәліметінше, Аршалы аудандық полиция бөліміне 60 жастағы әйелдің 6 қыркүйек күні ауруханадан шығып кетіп, жоғалғаны туралы Ақкөл қаласында тұратын келіні арызданған. «Аталған дерек сотқа дейінгі бірыңғай тізілімде «Адамның жоғалуы» фактісі бойынша тіркелді. Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер Аршалы кентінде орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, Аршалы – Нұр-Сұлтан бағытындағы такси жүргізушілерінен сұрап, адам көп жиналатын жерлерге сурет жапсырылған бағдарлар ілді. Аудандық полицияның жеке құрамы Ақбұлақ, Ижевское, Аршалы кентін 6505 әскери бөлімінің атқыштар ротасының сарбаздарымен бірге түгел сүзіп шықты. Марқұмның денесі үш күнен соң, 9 қыркүйекте вокзал ауданына егілген ағаштар арасынан табылды. Қазір сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Марқұмның туыстары дәрігерлердің айтқанына кереғар келетін бірнеше фактіні де алға тартып отыр. «Өзін Шортандыда деп ойлаған болуы керек, кезіккен көлікке өзінің Жолымбет ауылына баратынын айтқан. Бұрын ешқашан таныс емес жаққа өз бетімен бармаған. Қайда барса да, көлікпен алып барып жүрдік. Ауруханадан шыққаннан кейін өз бетімен кетіп қалуы ақыл-есінің сау шықпағанын аңғартады. Бұрын ешқашан Аршалыға өз бетімен келіп те көрген жоқ», – дейді ұлы Жәнібек Айдаубай. Сонымен, адам өлімі болған бұл оқиғада аурухана басшылығы өздерінің сүттен ақ, судан таза екенін айтып ақталды. Ал марқұмның туыстарының уәжі бөлек. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғаушылар мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары тексеріс жүргізіп жатыр. Марқұмның туыстары әділдік болып, министрлік пен жауапты сала мамандарының тиісті шаралар қолданып, ісіне салғырт қарағандарды жауапқа тартса дейді... Мәселе одан әрі де біздің бақылауымызда болмақ...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы