Таяуда дзюдодан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметовпен әңгімелесудің сәті түсті. Ел мақтанышына айналған танымал спортшы төрткіл дүние көз тіккен әлемдік додадан алған әсерімен бөлісті. Ендеше Елдоспен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Елдос, сіз Токиодағы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында ел қоржынына алғашқы қола медальді сыйладыңыз. Осылайша, қатарынан екі Олимпиадада жүлдегер атандыңыз. Қандай сезімде болдыңыз? Жапония жерінде өткен төртжылдықтың басты додасын қысқаша қорытындылап өтсеңіз. – Бұл менің екінші Олимпиадам болғандықтан, оның үстіне Риода күміс алғандықтан, Токиоға Олимпиада алтынын аламын деген мақсатпен бардым. Бірақ Олимп шыңын бағындыру осы жолы да бұйырмады. Десе де, бұл қола жүлденің мен үшін орны бөлек. Ең бастысы, күншығыс еліндегі дүбірлі додадан соң маған деген халықтың қошеметі, сый-құрметі артпаса кеміген жоқ. Тілеулес болған жандардың бәрі алтынға бергісіз қола жүлдені еншіледік деп қуанды, құттықтады. Осындай жанкүйерлерім мен жанашырларым барда мен де ешқашан қолдаусыз қалмайтынымды сезіндім. Жарыс алдында да мұндай жетістікке қол жеткізетініме, Токио төрінен жүлдемен оралатыныма сенімді болдым және сендім. Марапаттау рәсімінде жүлдегерлер қатарынан көрінгенімде кеудемді қуаныш кернеді. – Жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы Такатомен кездестіңіз. Он минуттан артық уақытқа созылған белдесу жапониялық балуанның жеңісімен аяқталды. Сол кездесуге тоқталайықшы. Жеңіс тұрғынынан көрінуге не жетіспеді? – Маған ол белдесуде тактикалық тұрғыдан да, физикалық жағынан да аса қатты қиын болған жоқ. Қалай десем болады, Такато екеуміз бұған дейін бірнеше рет белдескен соң бір-бірімізді әбден зерттеп, толық танып алдық. Сондықтан әп дегеннен ол менің шабуылдарыма тойтарыс берді, мен де оның шабуылдарына лайықты түрде жауап қаттым. Сол себепті кездесу де ұзаққа созылды. Жарыс қорытындысы бойынша қарсыласым жеңімпаз атанды. Бірақ мен жеңілісіме еш өкінбеймін. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе болды десем болады. – Елге келгенде отандастарыңыз қалай қарсы алды? Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілді? Маңғыстаулықтар да ерекше сый-құрмет танытқан екен. – Елге келе сала әуежайдан бір топ жанкүйерім, жақындарым мен жанашырларым құрмет-қошеметпен күтіп алды. Темір тұлпардың кілтін қолыма ұстатты. Еңбегімізді бағалап, осыншама сый-құрмет көрсеткені мерейімді тасытып, қуанышқа кенелтіп, мені одан сайын жігерлендіре түсті. Сіздерге көп рақмет. Арқасүйер халқымның арқасында елдің баласына айналып отырмын. Мені, отбасымды қуанышқа бөлеп, теңдессіз сый-сияпатты арнап, ілтипат көрсетіп жатқандарыңызға мың алғыс. Әсіресе, Маңғыстау жұртының қонақжайлығына ерекше риза болдым. Ақтауға келгенде құшағын жайып қарсы алған Әділ Бейсенқұл ағайыма, оның шәкірттері Айбек пен Мирасқа ризашылығымды білдіргім келеді. Ақтаудан үйдің кілтін қолыма табыстап, теңіз жағасынан жер телімін сыйлады. Бұл тұста мемлекеттен де үлкен қолдау көрсетілгенін айта кеткен жөн. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «ІІІ дәрежелі Барыс» орденімен марапатталдым. Өзге де жүлдегер спортшыларға құрмет көрсетілді. Бізді қандай жағдай және нәтиже болмасын қолдап, үнемі демеп отырған Мемлекет басшысына, халқыма дән ризамын. Токио Олимпиадасы тарих қойнауына кетті. Президентіміз айтқандай, бұл Олимпиада біздің келесі кезеңге бүгіннен бастап қамдануға және ел спортына аса назар аударуға себепкер болды. Кәсіби спортшылар бұл тұрғыда көп ұзамай жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастайды. Осыған орай мен де жақында жақсы жаңалығыммен бөлісетін боламын. – Сіздің басты арманыңыз – Олимпиада алтынын алу екенін көпшілік жақсы біледі. Сол арманға қол жеткізу үшін 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасына барасыз ба? Алдағы мақсат-жоспарыңыз қандай? – Алдағы мақсат-жоспарым туралы айту әлі ерте деп ойлаймын. Қазір үлкен жарыстан соң сәл үзіліс алып, тынығудамын. Біраз уақыт өткен соң бәрін асықпай таразылап, Париж Олимпиадасына бару-бармау жөнінде нақты шешім қабылдаймын. Сол кезде бұл сұрақтың да жауабын біле жатарсыздар. Әзірге амандықта жүздескенше дегім келеді. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ