Орал полицейлері 11 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы ойын-сауық кешендерінің бірінің маңында болған төбелеске қатысушыларды іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, 11 қыркүйекке қараған түні сағат шамамен 00:08-де Назарбаев даңғылының бойында төбелес болғаны туралы хабар түскен.
"Оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, 25-30 жас шамасындағы белгісіз ер адамның мәйітін тапты. Кейіннен оның 1992 жылғы БҚО тұрғыны екені белгілі болды. Қазіргі таңда аса ауыр қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр", - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-тармағы бойынша соталды тергеп-тексеру басталды.
Құзырлы органдар қылмыс куәгерлерін Абай полиция бөліміне не болмаса 102 номеріне хабарласуды сұрайды.