Сирек кездесетін есімдер: Тәңір-Жомарт, Нұрпатшайым, Ару-Астана
Сирек кездесетін есімдер: Тәңір-Жомарт, Нұрпатшайым, Ару-Астана
©А.Ахметқазы
786
оқылды

Жарық дүниеге нәресте келсе, дүйім жұрт болып әдемі есім іздейтіні бәріне белгілі. Оның үстіне кез келген әке-шеше өз баласына мағыналы, көркем ат беруге тырысады. Сондықтан бүгінгі күннің ерекше есімдері жайында сөз қозғамақ болдық.

Ұлттық статистика мәліметі бойынша, сирек кездесетін есімдердің қатарында: Тәңір-Жомарт, Нұрпатшайым, Таңғажайып, Сұлтан Бейбарыс, Ару-Астана, Сұлубике деген есімдер. Елімізде осы ат біреуден ғана қойылыпты. Арасында өзіміздің әдет-ғұрпымызға сай, өзге ұлтта кездесе бермейтін де есімдер қойылатыны бар. Мысалы бұрын ата-бабаларымыз туған күніне, жеріне байланыстырып: Боранбай, Наурызбай, Жолыбай, Сәуірхан деп атаса, қазір Елбасы, Астана, Қазақстан есімді азаматтарды кездестіруге болады.

Мысалы, елімізде Елбасы есімімен аталған 67 адам бар. Қазақстан – 32 адам, Астана есімі 26 жанға қойылған. Ең қызығы, Теңге есімді 86 адам ортамызда жүр.

Біле білсеңіз, көбіне сәбиге ат таңдау эмоцияға берілген сәтте туындайды. Олай дейтініміздің де себебі бар. Өйткені тұңғыш рет 2011 жылы ұйымдастырылған Қысқы Азия ойындары уақытында елімізде 40 шақты нәрестеге Азияда есімі берілген.  Тіпті, ұл-қыз демей қойыла берді. Міне, сол сияқты арамызда Тәуелсіздік және Атазаң деген есімдер де бар. Баланың есімі болашағына әсер етеді дегенге сенетіндер де жоқ емес. Сол үшін де кейбірі сәбиін халқымыздың ұлы тұлғаларының есімімен атаған. Осы дәстүр әлі де жалғасуда.

Мәселен, 11 адамның аты да, тегі де Ахмет Байтұрсынов және Сәкен Сейфулин деп қойылған. Ал Ілияс Жансүгіров тек бір адамға қойылыпты. Зиялылардың ішінде ең көп қойылған есім – Мағжан Жұмабаев. Елімізде 105 адам осы есіммен өмір сүріп жүр.