Мемлекет басшысы Linde Group компаниясының вице-президенті Оливер Пфанн мен Svevind Group компаниясының президенті Вольфганг Кроппты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Германияның Linde Group компаниясының вице-президентімен өткен кездесуде газ химиясы саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың перспективаларына мән берілді.
Мемлекет басшысы аталған компанияның Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. 2020 жылы Linde Group Теміртау қаласында оттегі, азот және аргон өндіру жөніндегі ТМД бойынша аса ірі жобаның екінші кезеңін іске асырды.
Президентке компанияның Жаңаөзен қаласындағы газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты жоспары туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германиямен арадағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, Linde Group компаниясын еліміздің газ химиясы бағытындағы жобаларын жүзеге асыруда жан-жақты серіктестік орнатуға шақырып, мемлекет тарапынан шетелдік серіктестерге қолдау көрсетілетінін айтты.
Сондай-ақ Svevind Group неміс-швед компаниялар тобының басшысы Қазақстан Президентіне «жасыл» энергетика саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың перспективалары туралы айтты.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысында жел және күн электр стансаларының құрылысына қатысты жобаны іске асыру және содан кейін ресурстарды «жасыл» сутегі өндірісіне бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жел генераторлары мен күн энергиясын өндіретін панельдерді жергілікті жерде шығару мүмкіндігі қарастырылуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға және ел экономикасындағы көміртегіне тәуелділікті төмендетуге басымдық беретінін айтты. Оның пікірінше, сутегі энергетикасына арнайы назар аудару керек.
Мемлекет басшысы компанияның ұсынған инвестициялық ұсыныстарын оң бағалап, Вольфганг Кроппқа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.