Алматылық 3 мың оқушы «Nur Otan» партиясы филиалдарының көмегімен мектепке жиналды. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев акцияға мегаполистегі нұротандықтар мен депутаттардың атсалысқанын атап өтті.
– Бұл партияның Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасының нақты іске асырылып жатқанының анық көрінісі. Аталған акция барысында партияның барлық 8 филиалы кезекті рет ұйымшылдықтарын көрсетті. Бұл қайырымдылық науқаны әлі жалғасады, – деді Мейіржан Отыншиев. «Мектепке жол!» акциясы аясында көмекке мұқтаж 1 744 отбасы мектепке қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етілді. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің жетекшісі, заң ғылымдарының докторы, депутат Зәуреш Өмірбаева Алмалы ауданының оқушыларына кеңсе тауарларымен жабдықталған 1 000 мектеп сөмкесін сыйға тартты. Халық қалаулысы, меценат Ерболат Қасымов та алматылық оқушыларға оқу жылы қарсаңында қуаныш сыйлады. – Биыл балаларға кеңсе тауарлары бар мектеп сөмкелерінен басқа, отандық өндірушіден мектеп формасын сатып алуға сертификат беруді ұйғардым. Сертификат келесі жылдың соңына дейін жарамды, егер осы жылы ата-аналар балаларға мектеп формасын алмаса, келесі жылы сатып алуына болады, – деді Ерболат Қасымов. Жетісу ауданында да партиялықтар әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 350 оқушыға көмек көрсетті. 100-ге жуық оқушы белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің қолынан мектеп сөмкесін алды. Ал Медеу ауданында нұротандықтардан 200 бала, Наурызбай ауданында 120 бала сыйлық алды. Түрксіб ауданында да депутат Шухрад Шардинов 100 оқушыға жалпы сомасы 1 миллион теңгеге сыйлық табыстады. Сонымен қатар оның басшылығымен «АЗМК» зауытында жұмыс істейтін 48 көпбалалы отбасы осы акцияға орай ақшалай көмек алды.Әбілмансұр ЖАСАН