«Жас маман» жобасы өңірлерде...
«Жас маман» жобасы өңірлерде...
312
оқылды

«Nur Otan» партиясының Төра­ғасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  2019 жылы «Жастар жылы» ая­сын­да  «Жас маман» жобасын әзір­­­леуді тапсырған болатын. Атал­ған жобаның  басты мақсаты – елімізде ең көп талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 университетті жаңарту мен бі­лікті мамандарды даярлаудың ха­лықаралық тәжірибесін енгізу.

Аталған жоба негізінде атқарылған жұ­мыстармен танысу үшін Шымкентке Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Жұл­дыз Сүлейменова арнайы іссапармен  келіп, бірқатар оқу орнын ара­лады. Сонымен қатар ол  «Nur Otan»  пар­тиясының «Өзгерістер жолы: әр аза­матқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағ­дарламасын Шымкент қаласы  бойын­­ша іске асыру мақсатында әзір­ленген Жол картасының орындалуы бойын­ша бірнеше мектептің оқу про­це­сімен танысты. Мәжіліс депутаты алдымен қаладағы №5 «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің» ұжымымен кездесіп, оқу ор­нының материалдық-техникалық жағ­дайын көрді.  Аталмыш білім меке­ме­сінде бүгінде мыңнан аса шәкірт тәр­биеленуде. Олар тігін өндірісі және киім­дерді үлгілеу, тігінші, арнайы тігін­ші, модельер-пішуші, техник-технолог, тоқыма өндірісі, тоқыма машинасының операторы мамандықтары бойынша білім алуда. Одан соң халық қалаулысы Шым­кент­тегі «Жол-көлік колледжіне» барды. Атал­ған білім мекемесінің «Жас маман» жо­басы бойынша материалдық-техни­ка­лық базасын халықаралық стандарттар талабына сай соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін мемлекет есебінен қажетті қаражат бөлінген. Соған сәйкес,  оқу орнындағы «Автомобиль көлігіне техникалық қыз­мет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Те­міржол көлігіндегі автоматика, те­ле­ме­ханика және қозғалысты басқару» ма­мандықтары бойынша  еңбек нары­ғында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау, олардың кәсіби біліктілігін да­­­мыту мақсатында 264 млн теңгеге қа­жетті құрал-жабдық  сатып алынған. «Жас маман» жобасы бойынша  кол­ледж­дің автомеханика бөлімі мен темір­жол бөлімдерінің   зертханалары мен ка­бинеттері талапқа сай заманауи құрал­дармен жабдықталған. Сонымен қатар гараж кешенінде   зертханалық кабинет ашылып, жаңа құрал-жабдық орнаты­лыпты. «Жас маман» жобасы аясында  «Ав­то­­мобиль көлігіне техникалық қызмет көр­сету, жөндеу және пайдалану» ма­ман­дығы бойынша – 33, «Автомобиль кө­лігіне техникалық қызмет көрсету, жөн­деу және пайдалану» мамандығы бойын­ша  – 9, «Теміржол көлігіндегі ав­­­то­матика, телемеханика және қоз­ға­лысты басқару» мамандығы бойынша   22 атаулы құрал-жабдық алынған. Жалпы «Жас маман» жобасы аясын­да колледждердің  материалдық-тех­ни­ка­лық базасын халықаралық стандарттар та­лабына сай, соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – білім сапасын көтеру жолында оң серпін берері сөзсіз. Жұлдыз Досбергенқызы бет алған ке­зекті нысан «Сайрам көмекші интер­нат-мектеп-колледжі» болды. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек»  жо­басы аясында «Сайрам көмекші мектеп-интернаты» мекемесінің ескі ғимараты толық сүріліп, оның орнына заманауи талапқа сай жаңа ғимарат бой көтерген. Алғашында балалар үйі болып құрылып, кейіннен көмекші мектеп-интернаты қызметіне көшкен нысан енді «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледж» ар­найы кешені» коммуналдық мемле­кеттік мекемесі болып өзгертілді. жас маман Бүгінде Шымкент қаласы Білім бас­қармасына қарайтын колледждегі құры­лыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған.  Өз кезегінде колледжде үш қабатты оқу ғимаратынан бөлек, 100 орынға лайық­талған асхана, акт залы, спортзал, ағаш өңдеу және тігін шеберханасы бар. Арнайы оқытуды қажет ететін бала­лар аталған мектеп-интернат-колледжін тәмамдаған соң, арнайы мамандықтар бойынша диплом алып шығады. Бұл білім мекемесі Қазақстанда тұңғыш рет көмекші мектеп-колледж мәртебесін алып отыр. Жалпы, аталған мекемедегі ауқымды құрылыс жұмысы «Nur Otan» партиясы­ның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайық­ты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша әзірленген Жол картасындағы кешенді іс-шаралар қатарында. Мектеп-интернат-колледждің жұ­мы­сымен толық танысқан Ж.Досбер­ген­қызы мектеп басшылығы мен қыз­мет­керлер тарапынан жұмыс барысында қан­дай кедергілер барын сұрады. Өз ке­зегінде мектеп ұжымы депутат назары­на бірқатар мәселені көлденең тартты. Атап айтқанда, «Бала құқықтарын қор­ғау туралы» заңның 30-бабында жа­зылған «Арнаулы білім беру ұйымдарын­да 11 жастан 18 жасқа дейінгі девиантты мінез-құлықты балалар орналастыры­лады» дегенді «Арнайы мектеп-интернат ұйымдарында» деген сөйлем қосуды қарастыруды, азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызмет­кер­лері­не, қазыналық кәсіпорындардың қыз­­меткерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі ту­ралы Қазақстан Үкіметінің 2015 жыл­ғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына өзгеріс енгізуін, ерекше оқытуды қажет ете­тін мектеп-интернат ұстаздары мен тәрбиешілеріне зияндылық үшін еңбе­кақысына үстеме жалақы 25% төленуін атап өтті. Өз кезегінде кеңес төрағасы Ж.Досбергенқызы айтылған ұсыныс­тар­ды жан-жақты зерделеп, оның оң ше­шімін табуына ықпал ететінін жеткізді. Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» пар­тия­сының жанындағы білім және ғы­лым­ды дамыту жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы, фракция мүшесі Жұл­дыз Досбергенқызының жұмыс са­пары қаладағы жекеменшік негізде ашыл­ған мектептердің оқу процесімен танысумен жалғасты. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жо­лы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын Шымкент қаласы  бойынша іске асыру мақсатында әзірленген Жол картасында білім саласы бойынша 13 тапсырма бар. Бүгінде оның 5-уі толық орындалған. Білім са­ласы бойынша орындалуы тиіс іс-шаралардың қатарында үш ауысымды мектеп мәсе­лесін шешу көзделген. Осы мақсатта қа­лада жекеменшік мектептер ашылған. Соның бірі   – «Әл-Фараби» академиялык мек­тебі.  Аталған нысан әу баста  той­ха­на­ға арналып салынған ғимарат (Оңтүс­тік қабылдау үйі) болатын. Кейіннен  жан басына қаржыландыру есебінен қай­та құрылымдау арқылы мектеп бо­лып өзгертілген.  Соңғы кездері дәл осы мектептегі оқу процесі бойынша әлеу­мет­тік желіде ата-аналар тарапынан ша­ғым түскен.  Осыған орай Мәжіліс депу­таты аталған мектепке арнайы барып, оқу процесі бойынша бірнеше ұсы­ныс айтты. Депутат айтылған ұсы­ныс­тың барлығы  партия бақылауында болатынын атап өтті. Айта кетейік, биыл Шымкент қала­сын­да 5 үш ауысымды мектептің мәсе­лесі оң шешіліп, олардың саны 14-тен 9-ға азайған.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы