Биыл полиция қызметкерлері есірткі саудалайтын 810 интернет порталдың жұмысын тоқтатты. Бұл жайында Ішкі істер министрлігінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов хабарлады. Оның айтуынша, мұндай сайттар есірткі сатуды әлдеқайда жеңілдетіп жіберген екен.
Соңғы бір жылда тексерістер нәтижесінде 12 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Олардың басым бөлігі марихуана, героин мен синтетикалық заттар. 11 есірткі лабораториясы жабылған. Тәртіп сақшылары есірткі заттарының заңды айналымын да тексеріпті. Мәселен, дәріханаларда мұндай заттарды рецептсіз сатып жатқандар да аз емес болып шықты. Барлығы 18 қылмыстық заңбұзушылық анықталған. – Бақылауға алынған заттар айналымында 93 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі анықталды. Олардың 28-і техникалық талаптарға байланысты, қалғаны лицензия нормаларын бұзған. Есірткі препараттары 57 рет рецептсіз сатылған. Барлығы 343 ампула, 1 000 дәрі және 1 200 психотропты зат тәркіледік, – дейді Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов.М.ТӨЛЕУ